Қаратөбе ауданы — Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлініс. Аудан орталығы – Қаратөбе ауылы. Аудан орталығынан Орал қаласына дейінгі қашықтық – 260 км.
Географиялық орны, жер бедері Аудан солтүстігінде облыстың Шыңғырлау, батысында Сырым, Ақжайық аудандарымен шектессе, оңтүстік-шығысында Атырау облысының Қызылқоға, шығысында Ақтөбе облысының Ойыл, Қобда аудандарымен ортақ шекарасы бар. Аудан 1928 жылы құрылған. Аудан аумағы Каспий маңы ойпатының солтүстік-шығыс жағында орналасқан, оның негізін Нарынқұм-Аққұм шағылдары құрайды. Орталық және оңтүстік бөлігі жалпы тегістік жерлер, солтүстік те тегіс, бірақ жекелеген ойпатты жерлер кездеседі. Аудан аумағында Қалдығайты өзені ағып жатыр (жалпы ұзындығы 242 км, аудан шегінде – 130 км). Көлдердің жалпы ауданы 36,5 шаршы км құрайды, содан тұщы көлдер – 6,8 км.
Климаты Ауданның климаты тым континенттік, солтүстігі қоңыржай континентті ылғалы тапшы зонада орналасқан. Қысы суық, ұзақ, жазы ыстық. Қаңтарда орташа температура – 14,40°С, шілдеде +24,30°С. Жауын орташа (30мм) жылдық 214 мм. Оңтүстігі қоңыржай континентті, жазы жылы, құрғақ климатты зонада орналасқан. Жері қара топырақты, ашық-сортаң топырақты. Аудан аумағы өсімдік жамылғысына қарай құмды-далалық аймаққа жатады. Солтүстік-шығыс бөлігінде әртүрлі-дәнді шөптер өседі, батыс бөлігінде – бидайық-дәнді шөптер өседі.
Тарихы 1928 жылы 17 қаңтарда Қазақ АКСР-нің Орталық Атқару комитетінің алтыншы шақырылған екінші сессиясында жаңа әкімшілік-аумақтық бөлініс бекітіледі. Сол кезде құрамында 15 ауданы бар Орал округі ұйымдасты. Оның ішінде Қаратөбе ауданы да болды. 1931 жылы қазіргі аудан орталығы №30 ауыл болды. Осы орыннан «Қаратөбе», «Қаракөл» өңірінен «Тұщықара» және «Аққозы» совхоздары құрылған. КСРО совхоздар Министрлігі, Батыс Қазақстан ет тресі, № 441 Аққозы, Тұщықара мен Қаратөбені біріктіріп «Қаратөбе ет совхозы» деп атаған. 1932 жылы Қаратөбе ауданы территориясынан 3 совхоз, 8 колхоз, 16 серіктестік ұйымдасқан. Ауданда 17 мектеп, бір аурухана (Қаратөбе ауылында 10 керуеттік), екі фельдшерлік пункт, бір мал дәрігерлік участогі, бір агроучасток, 4 тұтыну қоғамы болған. Қаратөбе поселкесі Орал қаласымен ылаумен (Жымпиты арқылы Ойылға,оның үстінен Қаратөбеден Гурьев облысының Қызылқоға поселкесіне) жол қатынасы; аудан орталығында Оралмен байланыс жасайтын почта-телеграф бөлімшесі, телефон және екі шеңберде (Қаратөбе) хат тасушы байланысы болған.
1935 жылы 31 қаңтарда Қаратөбе ауданы қайта құрылды. 1938-1952 жылдары аудан көлемінде 28 ұжымшар, 2 кеңшар болған. 1957 жылы Қалдығайты, Қоскөл кеңшарлары құрылып, сөйтіп ауданда 4 кеңшар Аққозы, Қаратөбе, Қалдығайты, Қоскөл кеңшарлары болған. 1961 жылы жаңадан Шөптікөл, Саралжын кеңшарлары құрылған.
1962-1965 жылдар арасында аудандар ірілендіріліп аймақтық басқаруға сәйкес Жымпиты ауданына қосылған, ал 1966 жылдың ақпан айынан үшінші рет қайтадан бөлек аудан болып құрылды. Аудан қайта құрылғанда 6 кеңшар мен 6 ауылдық кеңес болса, 1967 жылдың шілдесінде Қоскөл кеңшарының негізінде жаңадан Егіндікөл кеңшары, 1967 жылы 14 қыркүйекте облыстық атқару комитетінің қарарымен Шөптікөл және Қоскөл ауылдық кеңестері құрылды. Шөптікөл кеңшарының №3 бөлімшесі негізінде Жусандыой мал бордақылау бірлестігі ұйымдастырылған. Орал облыстық атқару комитетінің 1983 жылғы 20 сәуірдегі №277 шешімімен Жусандыой мал бордақылау бірлестігі негізінде Қазақ КСР 60 жылдығы атындағы кеңшар ашылып, Жусандыой ауылдық кеңесі құрылған. Сол кезден бастап аудан аумағы 9 ауылдық кеңеске бөлінген.
Қазіргі таңда аудан аумағы 8 ауылдық округке бөлінген.
Халқы 1939 1959 1970 1979 1989Ресей империясы, КСРО халық санақтары 1999 2009ҚР халық санақтары 2021 16053 12884 18213 20356 22087 21115 16879 15384 Халқының саны 2019 жылы 15 467 адамды құрады. Ұлттық құрамы: қазақтар — 99,79%, басқалары — 0,21%.
Әкімшілік бөлінісі 22 елді мекен 8 ауылдық округке біріктірілген: Әкімшілік бірлік Орталығы Елді мекендері Халқы (2021) Аққозы ауылдық округі Қоржын ауылы 4 740 Егіндікөл ауылдық округі Егіндікөл ауылы 1 755 Жусандыой ауылдық округі Жусандыой ауылы 2 1049 Қаракөл ауылдық округі Ақтай ауылы 3 787 Қаратөбе ауылдық округі Қаратөбе ауылы 4 6002 Қоскөл ауылдық округі Қоскөл ауылы 2 946 Саралжын ауылдық округі Қарақамыс ауылы 2 1473 Сулыкөл ауылдық округі Сулыкөл ауылы 4 1877
Ірі елді мекендері Атауы Статусы Халқы (2021) Қаратөбе ауыл 4106 Қарақамыс ауыл 1190 Сулыкөл ауыл 1108 Шөптікөл ауыл 991 Егіндікөл ауыл 755 Қоскөл ауыл 753 Жусандыой ауыл 615 Қоржын ауыл 605 Ақтай ауыл 509 Үшана ауыл 500
Ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымы Аудан етті – сүтті мал, биязы жүнді және қаракөл қойын өсіруге және егін егуге бағытталған.А.ш-на жарамды жері 964,0 мың га, оның ішінде жыртылатын жері 44,7 мың га, шабындығы 92,7 мың га, жайылымы 826,0 мың га-ға жуық, дәнді дақылы 63,4 мың га, көкөніс, қаратоп 0,1 мың га жерді құрайды. Аудандағы бұрынғы 7 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі 1997 жылдан 145 шаруа қожалығына, 14 өндірістік кооператив пен 9 серіктестікке біріктірілген. Оқу орындарынан 27 мектеп, оның ішінде 12 орта, 8 орталау, 7 бастауыш мектеп, 1 спорт мектебі, 2 саз мектебі; 1 мұражай, 15 клуб, 8 мәдениет үйі, 24 кітапхана; емдеу мекемелерінен: орталық ауырухана мен емхана, 2 дәрігерлік емхана, кеңес беруші диагностикалық орталық, 17 фельдш.-акушерлік пункт бар. Аудан жерімен Орал-Ақтөбе, Орал - Қаратөбе автомобиль жолы өтеді. 1936 жылдан “Колхозшылар үні”; 1957 жылдан «Еңбек туы»; 2006 жылдан “Қаратөбе өңірі” атты аудандық газеті шығады. Қаратөбе топырағында қазақтың халық композиторы, әнші, ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлы; қазақтың алғашқы юрисі, демократ Бақытжан Қаратаев, ғалым академиктер Қажым Жұмалиев, Тілеужанов Мәтжан, Рахымжан Елешев, әнші-композиторлар Ғарифолла Құрманғалиев, Ескендір Хасанғалиев, ақын-жазушылар Берқайыр Аманшин, Құрманғазы Қараманұлы туып өскен.
Қазба байлығы: Ең мол байлығы –тұщы суы. Жер қойнауынан бор кені және құрылыс материалдары барланған. Ақбалшық, цемент, қиыршық құм, сланец (пісіп жетілмеген көмір), қиыршық және қатты тас. Шыңғыс, Бекет, Құбасай алқабынан мұнай мен газ орындары зерттелуде.
Аудан жерінде 101 археологиялық ескерткіштер бар. Қоғамдық саяси мәні бар 11 ескерткіш. Олар: М.Мерәліұлы, Б.Қаратаев, Ғ.Құрманғалиев, «Даңқ Мемориалы» және округ орталықтарындағы соғыстан оралмаған боздақтарға арналған стелла – ескерткіш белгілер.
Тарихи тұлғалары Мәтжан Мақсымұлы Тілеужанов'' 15 желтоқсан 1927 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген – ғалым, филология ғылымдарының докторы (1982), профессор, “Қаратөбе ауданының құрметті азаматы”. 1946 жылы Қаратөбе орта мектебін, 1950 жылы Орал педагогикалық институтын үздік бітірген. 1953-1957 жылдары Қазақстан ҒА аспирантурасында оқыған. 1962-1975 жылдары Орал педагогикалық институтының филология факультетінің деканы, 1978-1982 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті. Негізгі ғылыми еңбектері қазақ әдебиетіндегі сатира мен юмордың көркемдік ерекшеліктерін зерттеуге арналды. Бірнеше монографияның және 250-ден аса ғылыми проблемалық мақалалардың авторы. Ол Батыс Қазақстан аумағынан ауыз әдебиеті нұсқаларын ұзақ жыл бойы жинап, ғылым академиясының қорына тапсырды. Сондай-ақ республикада тұңғыш рет «Этнопедагогика және фольклор» кабинетін ұйымдастырып, ел ішіндегі қолөнер туындыларын жинады. Шығармалары: Астарлы әзіл, А., 1978; Махамбет өмірі туралы жаңа материалдар, методикалық нұсқау, Орал, 1985; Қазақ әдебиетіндегі юмор мен сатираны оқыту ,Орал, 1987; Шахматшы Шамшиден, А., 1996.Бөкеев Шәңгерей Сейіткерейұлы 1847 жылы Орда ауданы Жасқұс ауылында дүниеге келген - классик ақын, шығыс әдебиетінен, еуропа, орыс әдебиетінен сусындап, қазақтың суырып салма поэзиясы дәстүрін жазба әдебиетке ұластырған аса білімдар ақын. Бес жасында ата-анасынан жетім қалады. Бірақ ағаларының қамқорлығымен Орынбор кадет корпусында, Астрахан гимназиясында оқыған. Орыс тілін үйреніп, әдебиет пен мәдениетке ден қояды. Сарытау (Саратов) мен Самара аралығындағы ата қонысы - Көлборсыда өмір кешеді. Аңшылық-саятшылықты, табиғат сұлулығын, ән-күйді, көркем сөз өнерін ұнатады, өзін-өзі үнемі рухани жетілдіріп отырады, өлеңдер жазады. 1917 ж Көлборсыдан көшіп, қазіргі Ақжайық ауданы жеріне келеді. Шығармалары 1911-12ж. «Шайыр», «Көксілдер», 1926 ж. «23 жоқтау» жинақтары жарық көрген. 1934жылы жеке жинағы, кейінгі жылдарда шығармалары оқулықтар мен жинақтарда жарияланып отырды. Уақыт, заман, табиғат, ғылым, өнер туралы толғанады. «Өмірдің өтуі», «Ғылым», «Эдисон»,т.б.өлеңдері өзгермелі,өтпелі өмірдің заңдылығын ежелгі қазақ поэзиясының ең құнарлы сөздерімен,әсерлі суреттерімен бейнелейді. Поэзиясында парасатты, ойлы, дала қазағының ой-қиялы, ақын өмір сүрген дәуірдің алуан сырлары кәсіпқой шеберлікпен өрнектелген. Халық өмірімен біте қайнасып, араласып отырған ол, Ғұмар Қарашты ауыл балаларына оқытушы етіп ұстайды. Оған орыс тілін үйретіп, орыс роман, повестерін мазмұндап береді. Ғұмар оны малшы шаруаларға әңгімелеп отырады. Шәңгерей бірқатар орыс ақын-жазушыларының шығармаларын М.Ю. Лермонтовтың «Қашқын» поэмасы, т.б. қазақ тіліне аударған. Бөкеев ел ауызындағы әдеби мұраларды жинақтап, оны бастырып шығаруға қамқорлық жасайды. Жазықсыз жапа шеккен Қубала ақын сияқты бұқара халық өкілдеріне қол ұшын беріп отырады. Оралда «Қазақстан» газетін шығаруға атсалысады. Бөкеев қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі айқын, сыншыл лирик әрі философ ақын. «Үш ғасыр жырлайды» және «Бес ғасыр жырлайды» топтамаларына өлеңдері енген. Ақбақайдағы мәйтіне қорған және мәрмәр тақта 2006 жылы қойылды.Қаратаев Бақытжан Бейсәліұлы 1860 жылы 10 мамырда Қаратөбе ауданы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Қазақстанның ірі тарихи тұлғаларының бірі, алғашқы қазақ заңгері, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы – демократ. Сұлтан тұқымы әулетінен тарайды. Кіші жүздің ханы Әбілхайыр Бақытжанның арғы атасы болып келеді. Білімге деген ынтасын байқаған әкесі оны Орынбор қаласының гимназиясына оқуға береді, ол оны “өте жақсы” деген дәрежемен бітіріп шығады Орынбор гимназиясын бітіргеннан кейін Санкт – Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, оны да 1890 ж. оны үздік бітіреді. Петербургта, Кутаисида, Орынборда тергеуші болып істейді. 1897 жылдан Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болады. 1907 жылы екінші Мемлекеттік Думаға Орал өңірінен депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлеген. 1907 – 1916 жылдары ағартушылық жұмыстарымен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. 1917 жылы большевиктер партиясының қатарына өтеді. 1918 ж. облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды. 1918 ж. наурызда «әскери үкімет» бүлік ұйымдастырып, облысы кеңес мүшелерін, (ішінде Қаратаев та бар) тұтқынға алады. 1919 ж. 24 қаңтарда Чапаев дивизиясы босатып, кейін ол Орал облыстық ревкомның құрамында ұлттар коллегиясын басқарады. 1919 ж. 24 шілдеде ол Қазәскер ревкомның мүшелігіне тағайындалады. 1920ж. 4 -12 қазанда Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 1-съезіне делегат болып, Қазақ республикасы еңбекшілерінің құқығы туралы декларацияның жобасын дайындауға қатысқан. Қазақ АКСР – інің заң комиссары болды. Кеңестерінің 2 – Бүкіл қазақстандық съезіне де делегат болып қатысты. Б.Қаратаев Кеңес өкіметін қазақ сахарасында орнатуға екі-ақ жыл араласады да большевиктердің Кеңес өкіметін орнатуда қазақ халқына қарсы зорлық-зомбылығы, қырып-жоюға бағытталған саясаты, социализм идеясын күшпен енгізіп, дінінен, әдет-ғұрпынан, тілінен бездіретін және мәңгүрттікке айналдыратын ілімінің астарын дер кезінде түсініп, 1927 жылы партия қатарынан шығады. 1921-24 жылдары ол Ақтөбе қаласында адвокаттардың губерниялық коллегиясының төрағасы қызметін атқарады. Езілген халықтың құқын қорғауда көп еңбек сіңірген заңгер. Бақытжан Қаратаев большевиктердің қазақ халқына қарсы ұйымдастырған нәубетіне, аштан қырылуына қарсы батыл үн көтерген қайраткер.
Әдеби орта