Жұртшы () – сұңқартәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын Жұртшылар туысының () бір жалғыз түрі, жыртқыш құс.

Қазақстанда Тянь-Шань тауының сілемдерін, Үстірт пен Маңғыстаудың құлама жарларын мекендейді. Дене тұрқы 58 – 66 см, қанатының ұзындығы 1,6 – 1,7 метр (жайғанда), салмағы 2,1 – 2,4 килограмм. Тұмсығы ұзын әрі өте жіңішке болады. Ересектері сұрғылт түсті, қанаттарының шетінде қара жолақтары бар, басы мен жемсауы қауырсынсыз, тықыр. Балапандарының түсі – қоңырқай. Үнсіз, қалықтап ұшады. Жыл құсы. Сәуірде келіп, құз, жыраларға ұялайды. Сәуірдің аяғында ұябасары 1 – 3 жұмыртқа салып, 40 – 42 күн басады, балапандары 2 айдан соң ұядан ұшады. Қыркүйекте жылы жаққа қайтады. Оңтүстік және Орта Азияда қыстайды. Әр түрлі өлексе қалдықтарымен, ұсақ кеміргіштермен қоректеніп, пайда да келтіреді. Жұртшы – өте сирек кездесетін құс. Ақсу-Жабағылы, Үстірт қорықтары мен “Алтынемел” ұлттық табиғи саябағында қорғалады. Жылдан-жылға санының азаюына байланысты Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).

Статусы 3-ші санат. Сирек кездесетін түр, саны қысқаруда.

Генофондысын сақтау үшін таксонның маңызы Туыстың Қазақстан фаунасындағы бірден-бір өкілі.

Таралуы Африка, Оңтүстік Еуропа, Аравия, Кіші Азия, Иран, Ауғанстан, Үндістан; Орта Азия таулары. Қазақстанда Тянь-Шань, Жоңғар (Жетісу) Алатауының сілемдері, Үстірт пен Маңғыстаудың құздарында, солтүстік ендіктің 46-на дейін кездеседі. Үндістан мен Африкада қыстайды Корелов, 1962.

Мекендейтін жерлері. Аласа шөлді таулардың жартасты учаскелері не ірі жоталардың құрғақ бөктерлері, үстірттәрізді шөл биіктерінің құздары және үлкен жазық кеңістікпен шектесетін өзен жайылмаларының тік жарлары, елді мекендер маңында да кездеседі Красная книга Казахской ССР, 1978Дементьев, 1951. Мысалы, бір ұя Жамбыл фосфор заводына жақын, аса газданған, терең сайдан табылған Колбинцев, 1991а.

Саны Республиканың барлық жерінде көп емес. Тура деректер жоқ, десе де ұялау кезінде кездесетін бірен-сарандарына және бұл құстардың үлкен шоғыр құрмайтынын (мұндай жиылу ақбас құмайлар мен тазқараларға тән) ескере отырып, Қазақстанда жұртшылардың саны ондаған не бірнеше жүз ұялайтын жұбы бар деп айтуға болады А. Ф. Ковшарь, личн. сообщ..

Негізгі әсер ететін факторлар Қаскерлік (браконьерство). Өлекселердің қасына қойған қақпанға түсіп, уланған шақыртқы жеп өлім-жітімге ұшырау. Басқа жыртқыш құстармен (ителгі, бүркіттер) ұялайтын жер үшін бәсекелестік.

Биологиялық ерекшеліктері Наурыздың аяғы – сәуірдің басында ұшып келеді, қыркүйектің аяғында ұшып кетеді. Жұбы көп жылдар бойы жазылмайды. Ұялары жартастардың қуысы мен ернеуінде, оны екі құс бірігіп құрғақ бұтақтардан, сүйектерден, шүберек, жүннен салады. Ұялау учаскесінде 3-4 ұя да болады, оларды кезектесіп пайдаланады. Ұяда 1-3, әдетте 2 жұмыртқа сәуірдің аяғында пайда болады, оларды екеуі бірге шайқайды, балапандары 42 күнде жұмыртқадан шығады, ұяны 12 аптадан соң тастайды Harrison, 1975. Жабайы және үй жануарларының өлекселерімен, қиларымен, жуындылармен қоректенеді, кейде – бауырымен жорғалаушыларды аулайды.

Қолда өсіру Алматы хайуанаттар паркінде 4 құс бар, оның ішінде 1 жұбы көбеюде, олардан 1987 жылы алғашқы балапан алынған.

Қабылданған қорғау шаралары. Ақсу-Жабағылы және Үстірт қорықтарында, Алтынемел ұлттық паркінде қорғалады.

Қажетті қорғау шаралары Қаратауда және Іле өзенінің аңғарында қорықтар ашу, қаскерлермен күрес және жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Уланған шақыртқыларды қолдануды шектеу жайында жұмыстарды дайындау қажет.

Зерттеу жөніндегі ұсыныстар Жұртшыларды жасанды ұяларға үйрету, соның ішінде Қазақстанның оңтүстігіндегі елді мекендерде, мүмкіндігін зерттеу.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9

Дереккөздер

Санат:Сұңқартәрізділер Санат:Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстар Санат:Қазақстан құстары