thumb|256px|<center>Тұңықұқ бітіктасы. Базылхан Нәпіл түсірген. 2005. Тоныкөк (Тонйұқық) (646- 741ж.ж.) - Екінші Шығыс Түркі Қағандығының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер.

Көшпелілер тарихында артында өшпес атақ даңқын қалдырып; ақыл парасатына, қол қайратына, көрегендігіне табындырып; ел жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр ғып қашап, мәңгілік мұра қалдырған Тоныкөктей тұлға болған емес.

Сол тас жазуда: «Мен, Білге Тоныкөк, табғаш (қытай) елінде тәрбиеленіп өстім. Түркі халқы ол кезде табғаштарға бағынышты еді» деп жазылған. Бұдан Тоныкөктің түркі тайпасы көсемдерінің бірінің баласы екені анық аңғарылады. Өйткені ол кезде көшпелілердің тек ел басыларының қытайға аманатқа берген балалары ғана император сарайында оқып, тәрбиелене алған.

Қытай сарайында жүріп, олардың өз еліне жасап жатқан қорлық-зорлығының бәрін көріп, біліп өскен Тоныкөк ақыры шыдай алмай, 683 жылы шыли иуән тайпасының басшысы Құтылықпен бірігіп, табғаштарға қарсы көтеріліске шығады. Көтерілісшілер жеңіске жетіп,көп ұзамай әйгілі Екінші Шығыс Түркі қағанатының шаңырағын көтереді. Құтылықты «Ел төресі» деген атпен қаған етіп сайлайды.

Жаңа шаңырақ көтерген елдің іргесін бекітуге мүмкіндік бермей құртып жіберуді көздеген табғаш билеушісі «жабайыны жабайының қолымен құрту» саясатымен түркілерге көрші тоғыз оғыз халқын айдап салды. Бірақ табғаш елінде болып, олардың қарсыластарын құрту үшін қандай әрекеттер жасайтынын жақсы білетін Тоныкөк асқан көрегендікпен бұл апаттың алдын алып, Тоғыла жазығында тоғыз оғыздардың әскерін тас талқан етеді. Қолға түскен тұтқындарды Тоныкөк Құтылық қағанға айтып, түгел босатып, еліне қайтарады. Оларға: «Түбіміз бір туыспыз. Өзара қырқысқаннан өзгеге жем болғаннан басқа пайда жоқ. Табғаш елі ортақ жауымыз. Сондықтан соған қарсы күш біріктірейік. Бір бірімізді өгейсітіп, көзге түрткеннен тапқан олжамыз кәні? Бірігіп ел болайық, осыны айта барыңдар. Кім де кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Отыкенге келсін. Біз сонда бірер күн еру боламыз» дейді. Тоныкөктің осынау сөзі қандастарының жүрегін жібітіп, оғыздар түгелдей түркі туының астына жиналады. Кейін бұл жөнінде Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Осыдан кейін оғыздар өз аяғымен көтеріле келді. Келтіргендей-ақ келтірдім-ау» деп ризалық сезіммен сол кезді еске алады.

Құтылық қаған өлгеннен кейін, орнына інісі Қапаған отырады. Тоныкөк оған да сенімді серік, білікті ақылшы болып, адал қызмет етеді. Бұл ретте Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Ел төресі (Құтылық) қаған, Білге Тоныкөк қам жеп, иелік қылғаны үшін Қапаған қаған бар болып отыр» дейді. Онысы рас та секілді. Қытай жылнамасы Қапағанды қарамағындағыларға аяусыз қатыгездікпен қарады, қартайған сайын қызғаншақ, ақылсыз бола бастады деп суреттейді. Тоныкөк осы кезде қағанына өкпелеп, қытайға өтіп кетуге жырыла көшкен ру тайпа көсемдерін тоқтатып, ел бүтіндігін сақтау үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, ат үстінде жүреді. Бірақ Тоныкөктің халық алдындағы беделінің тым жоғарлығын қызғанған Қапаған оны ел билігінен оқшаулай бастайды. Қағанат құлауға айналады. Ақырында Қапаған қаған ойда жоқта өз қандастарының қолынан қаза табады.

Билікке таласып, ел бірлігіне зиян келтіреді деген қауіппен Қапаған қағанның бүкіл ұрпағын қырып тастаған Күлтегін батыр ағасы- Могиләнді (Білге қаған) қаған тағына отырғызды.

«Білге қаған» деген атпен таққа отырған Могилəн өз тайпасының ортасына кеткен Тоныкөктің көрегендік ақылымен тұс-тұстан анталаған жауының бәрін жеңіп, құлауға айналған қағанатты қалпына келтіреді. Тас жазуда Тоныкөк: «Түркі Білге қаған түркі- сыр, оғыз халқын асырап, мерейін үстем қылып отырар» деп, оған үлкен сенім артады.

Түркі жұртының азаттыққа қол жеткізіп, жеке дербестік ел болып отыруына айтулы еңбек сіңірген дала кемеңгері Білге Тоныкөк өзінің бағасын, тарихтағы орнын өзі қашатып, жаздырып кетті.

«Тәңірі жарылқады! Бүкіл түркі жұртына қарулы жау келтірмедім, атты әскер жолатпадым. Ел төресі жауламаса, оған еріп мен жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесінде, менің шабуылымның нәтижесінде еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым. Түркі Білге қағанның еліне арнап тасқа жаздырған мен Білге Тоныкөкпін» дейді дана қарт.

Тоныкөктің қай жылы өлгені белгісіз. Қытай тарихында білге қаған оны ордаға 716 жылы қайта шақырып алдырғанда Тоныкөктің жасының 70-те екені анық көрсетілген. Содан кейін ол Білге қағанның қасында болып, Түркі қағанатын төніп келген апаттан құтқаруға көмектесіп, оған пайдалы ақыл кеңесін береді. 734 жылы Білге қаған уланып өледі. Бұдан кейін Тоныкөкке қатысты дерек еш жерде кездеспейді. Білге қаған өлгеннен кейін оның орнына таққа балалары бірінен кейін бірі отырғаны және бар биліктің сол балалардың анасы, Білге қағанның әйелі, Тоныкөктің қызы Бопының (Пофудың) қолында болғаны белгілі. Осының бәрі Тоныкөкті бұл жылдарда да қаған ордасында болды деуге мүмкіндік береді. Тарихшылар оны әбден қартайып барып өлді дегенді айтады. Соған қарағанда ол 741 жылдың шамасында 95 жасқа жетіп қайтыс болған тәрізді.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998. ISBN 5-89800-123-9

Жазбалары Жазбада Тоныкөк өз еңбегін жоғары бағалап, түрік қоғамы алдындағы еңбектерінің маңызын үнемі атап отырады. Онда Тоныкөк мәтінге көңіл-күйді бере алатын әрі мәнерлі сөздер диалогын қолданды. Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк сияқты көне түрік жазбалары қалың түрік қоғамына үндеу болып саналады. Тоныкөк өз заманының әдеби ережелері мен фольклорлық дәстүрінің асқан білгірі болды. Мысалы, жазбада басқа Орхон ескерткіштерінде кездеспейтін бірқатар афоризмдер бар: «Түн удуматы, күнтүз олурматы, қызыл қаным төкти, қара тәрим йүгүрти» («түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым, қызыл қаным төгілді, қара терім ақты»). Атап айтқанда, зерттеушілер Тоныкөктің жазбалары мақалдарға толы екендігін айтады.

Тоныкөктің көзқарасы өзіндік түрік мәдениеті мен дәстүрлерімен қатар, қытай мәдениетінің ықпалымен қалыптасты. Сонымен қатар, Тоныкөк өзінің дәстүрлеріне сүйенетіндер жағында еді. Тоныкөк тек әскери басшылық пен билік басында ғана болып қоймады, сонымен бірге «түрік ұлттық жаңғыруының» басты идеологы болды. Ол Қытай мәдениетін көшпелілерді босаңсытады деп санаған және одан бас тартуға шақырды. Мәселен, Тоныкөк қаған түріктерге буддизмді енгізу және буддистік храмдар салу ниеті туралы білген кезде, қағанға «буддизм мен даосизм адамдарда жақсылық пен әлсіздік туралы түсінік қалыптастырады», ал бұл қасиеттер соғыс пен жаулап алу жорықтарын тежейді, ал храмдар салу көне түріктің «ештеңеге байланбау» салтын бұзады. Қарсы жағдайда Таң әулеті бізді жояр еді» деп айтқан екен. Кейбір зерттеушілер Күлтегін мен Тоныкөктің жазуларының мәтін құру жүйесін зерделеп, Тоныкөктің жазбасында белгілі бір көркемдік стильдің бар екенін айтады, бұл өз кезегінде оларға ежелгі түрік поэзиясы үшін кейбір жалпы заңдылықтарды орнатуға мүмкіндік береді.

Тоныкөкке арналған мемориал Тоныкөкке арналған мемориал 1897 ж. Тола өзенінің жоғарғы ағысының оң жағалауындағы қазіргі Орталық және Солтүстік Монғолия аумағындағы Байн-Цокто жерінен табылды. 1957 жылдың тамызында Моңғол ғылым академиясының Тарих институты Халайхадағы Тоныкөк ескерткішін қазуға экспедицияға жіберді. Н.Сэр-Оджав және Ц.Доржсурэн кірпіштен, саз, фарфордан жасалған ыдыстардың фрагменттері, храм маңындағы құрылыс материалындағы руна жазуларын тапты.

Тоныкөк мемориалы көлемі 40-тан 25 метрге дейінгі алаң, кіреберісте Орхон алфавитімен жазылған ежелгі түрік руналық жазуы бар төрт қырлы екі гранит тақтатас орналасқан. Мәтіндер стеланың барлық жағына жазылған. Онда Тоныкөктің өмірбаяны бірінші жақта жазылған, оқиғалар (негізінен Жеңіс соғысы) және жеке адамдардың қызметі сипатталған. Бірінші тақтатаста 35, екіншісінде – 27 жол мәтін жазылған. Жазбалары бар тақтатастың жанында сегіз тас фигура табылды.

Дереккөздер

Санат:Қазақстан тарихы