Әмір Темір; Ақсақ Темір; Темірлан; Сайыпқыран (қаз. Темір бін-Тарағай Барлас; өз. Amir Temir ibn-Tarag’ay; пар. تيمور لنگ; моң. ᠲᠡᠮᠦᠷ; 8 сәуір 1336 жыл, Қожа-Илғыр ауылы, қазіргі Шахрисабз ҰЛЫ ҚОЛБАСШЫ ӘМІР ТЕМІР — 18 ақпан 1405 жыл, Отырар) — атақты түркі тектес халықтары билеушісі, Темір әулеті империясының негіздеушісі. 1370 жылы Мәуереннахрды басып алып, 1405 жылға дейін 35 жыл билік құрған, 27 мемлекетті қол астына бағындырған «әлем жаулаушысы». Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылады. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып ақсақ болып қалған. Ол Темирлан (дұрысы Темирленг, «ленг» парсыша-ақсақ) Ақсақ Темір атанады.

Шығу тегі Әмір Темір (Темуридтер) империясының негізін қалаған Барлас руынан шыққан, Барлас тайпасының биі Тарағай бектің баласы. Барлас руы түркі тілдес тайпаларына жатқан, қазір ұрпақтары өзбек халқының ішіне кіреді. Барластар Шыңғысханның жаулауы кезінде, қазіргі Моңғолия жерлерінен Орта Азияға көшкен. Түмбенай шешен – Шыңғыс ханның да, Әмір Темірдің де бабасы. Түмбенайдың екі ұлы болды – Қабыл һәм Қажұл. Қажұл Әмір Темірге 9–шы бабасы болып келеді. Әмір Темірдің арғы атасы Қарашар ноян, оның баласы Ежіл ноян оның баласы Елеңгір ноян, оның баласы Берқұл, оның баласы Мұхаммед Тарағай, оның баласы Әмір Темір.

Темір барластардың бір бөлігінің бегі, жетекшісі еді. Кейін өзіне басқа бектерін қаратты, Шағатай ұлысының хандары - Моғолстанның билеушілеріне қарсы көтеріліс бастаған. Темір басқарған жігіттер керуендеріне шабуыл жасаған, соңдықтан оны жасында баспашы болды дейді. Бектердің бегі болып, Шағатай ұрпақтарынан тәуелсіз мемлекет құрған. Бірақ Шыңғысханның тікелей ұрпағы болмағандықтан, өзінің лауазымы "хан" емес, "әмір" еді.Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х

Жастық шағы мен тұлға ретінде қалыптасуы Әмір Темір 1336 жылы 8 сәуірде Мәуереннахрдағы Кеш қаласында, қазіргі Шахрисабзда, Самарқанның оңтүстігінде орналасқан жерде дүниеге келген десе, кейбір зерттеулерде Темір 1333 жылы 7 мамырда дүниеге келген. Ал Грановский өз еңбегінде Темір Самарқанда 1336 жылы 9 сәуірде Шыңғысханның ұлының, Шағатайдың иелігінде дүниеге келген деп келіп, ол қолына қан уыстап, шашы ақ болып туған деп көрсетеді. Оның анасы Шыңғысхан тұқымынан шыққан, ал әкесі шағатай тұқымындағы әміршілердің бірі болған, бірақ оған үлкен мұра қалдырмаған.

Темірдің туған жылы туралы монғол, қытай деректерінде 1333, араб, парсы деректерінде 1336, ал еуропалық қайсыбір деректерде 1337 жыл деп жазылған. Дегенмен, 1996 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Өзбекстанда Әмір Темірдің 660 жылдық мерекесі болғанын ескеретін болсақ, оның дүниеге келуі туралы деректердегі түрлі мәліметтер мен зерттеулер денінің негізінде Темірді 1336 жылы 9 сәуірде Шахрисабздың оңтүстік-батысында Қожа-Илғыр ауылында дүниеге келген деген қорытынды жасауға болады. Темір кезеңіндегі тарихшылар оны Шыңғысхан тұқымына жақын тұлға ретінде көрсеткісі келді, яғни оның Шыңғысхан әулетімен туыстық байланысын қалыптастыруға тырысты. Клавихоның «Күнделігінде» де Темірдің әкесі шағатай тұқымынан шыққан орташа топтағы танымал кісі болғанын айтады. Ал Бартольд Темірдің әкесі Барлас руынан шыққан, мұсылман дінін ұстанған Тарағай «ноян» немесе әмір болса, анасы Текене-хатун болған деп көрсеткенімен, оның 1360 жылға дейінгі өмірін ашып көрсетпейді.

Әмір Темірге байланысты дерек көздерінде Темірдің монғолдық Барлас тайпасынан деп көрсетеді. Монғолдың «Құпия шежіресінің» желісіне жүгінсек, Темірдің шыққан тегі төмендегіше суреттеледі: «Барластар Боданчардың некесіз әйелінен туған Хачи Хүлэгтен тарайды. Хачи Хүлэгтің ұлы Барулудай деген болыпты. Өзі мығым денелі, тойымсыз мешкей болғандықтан Барулас атанады. Хачуланның бір ұлы алдына қойған асын түгесіп жеп қоятындықтан оны үлкен Барулас, енді бірі алдындағы асын тауысып жей алмайтындықтан кіші Барулас деп атаған. Кейін олардың арасынан білімді Барулас, Тодойлық Барулас дегендер шығып, барлығы Барулас атанады» делінген. Рашид ад-Диннің шежірелер жинағында Баруластарды Тумбинай шешеннің үшінші ұрпағы Хачуланның ұлы деп көрсетеді. Зерттеушілер барластарды монғол тайпаларының Нирундық тобына жатқызады. Шыңғысхан 1206 жылы Ұлы Монғол мемлекетін құрғанда барластарды еліне ерен еңбек сіңірген осы тайпадан шыққан түлегі Хубылайға ел етіп берген. Шыңғысханның 1219-1224 жылдары Орталық Азияға жасаған шабуылы кезінде барластың еркек кіндіктері монғол әскерінің қатарына тай-тұяғымен аттанып, Шағатай ұлысы билігінде Мәуереннахрға келіп орын тепті.

Темірдің жастық шағы туралы келтірілген мәліметтер Клавихоның мәліметтерімен ұқсас келеді, тек «темір ұстасы мен кәсіпшілікпен» айналысқандығы туралы тың жайттар айтылды. Ал Ибн Арабшахтың дерегінде Темірдің әкесі кедей ұсташы болып, оның қой ұрлап жатқан сәтте оған садақтың жебесі тиіп жараланғандығы туралы айтылады. Сонымен қатар Ибн Арабшах кез-келген тонаушылық әрекетке оның соңынан еретін нөкерлердің санының ұлғайғандығы туралы да баяндайды.

Деректерде келтірілген мәліметтерде Темір туралы аңыз әңгімелер көп болғандықтан, ал жылнамалар асыра сілтеушілікпен жазылғандықтан деректердің нақты шынайылығын ажырату қиындық тудырады. Дегенмен зерттеушілердің ғылыми мәліметтері бойынша Темір 1336 жылы Бұқара аймағының батысындағы Кеш (қазіргі Шахрисабз қаласы) маңайындағы Қожа Ылғыр ауылында Тарағай бектің отбасында дүниеге келген. Әкесі – бек лауазымы бар барлас ақсүйектерінің бірі. Ол ХІV ғ. басында Қашқандария аймағына келіп, қоныс тебеді. Темір осы қыстақта барлас ұлдарының арасында әскери ойындарға жаттығып балалық шағын өткізеді.

М.М. Герасимовтың Темір мәйітін зерттеу қорытындысы бойынша оның бойы шамамен 172 см құрағанын және физикалық жетілген өте мықты тұлға болғанын көрсетті. Оның шашы өз қатарларына қарағанда әлдеқайда ақшыл болған. Герасимов қалпына келтірген бет-пішініне және терісінің ақ түстілігіне қарап, кейбір ресейлік зерттеушілер: «Әмір Темірдің тегі еуропалық болған» дегілері келеді. Олардың мұнысы Темірдің Ресейді Алтын Орданың езгісінен құтқарғанына да байланысты болар.

Темір түрік, тәжік тілінен өзге парсы тілін де жақсы меңгерген, ғалымдардың тарихи шығармаларын тыңдап, сөйлесуді ұнататын және өзінің әңгімелерімен мұсылман тарихшыларын таң қалдыратын. Бұл туралы Академик В.В. Бартольд Темірдің өзі түркі тілінен өзге парсы, тәжік тілдерін еркін меңгерген. Али Йездидің хабарлауынша ғалымдар түркі және тәжік тілдерінде жазған және кеңес өткізген. Ол көшпелілікпен қатар сол кезде билік барлас бегі Қажы Барластың қолында болған Шахрисабзға жиі барып тұруының арқасында қала өмірін де жақсы білді.

Әмір Темірдің «Әмір Темір аманаты» кітабында оның жастық шағы туралы мәліметтер айтылады: .

1348 жылы 12 жасында Балық әмірі Қазағанның әскерилерінің қатарына алынды. Ол қарапайым әскери міндетін атқара жүріп-ақ барластарды өз айналасына топтастыра бастайды.

Атақты тарихшы Арабшах Темірді тиран және жауыз ретінде атаған, оның қарсыласы ол туралы былай айтады: .

Өз замандастарының арасында беделін көрсетіп, қолбасшылық өнерін ерте байқатады. Сондықтан да Темірдің жас кезінде өзі секілді жас барластар оның нөкері болуға ұмтылған. Оның жас кезінде өзінің әкесі секілді үш-төрт нөкер ғана болған. Клавихоның жазуы бойынша: ол өзінің төрт-бес қолшоқпары арқылы көршілерінің малдарын тартып ала бастаған. Біртіндеп жас Темір жақсы қаруланған, шағын атты әскер жинақтайды және оларды саудагерлердің керуендері мен көршілерінің жеріне олжа алуға жіберіп тұрған. Жорық сәтті болған кезде «ол өз адамдарымен тойлаған; ол мықты әрі қайырымды болғандықтан олжаның бір бөлігін өз адамдарына үлестірген, сондықтан да оның айналасына 300-ге жуық салт атты әскері жасақталды». Осы кезден бастап ол өзі және айналасындағылар үшін жер-жерлерді аралап, ұрлау мен тонаумен айналысқан. Темірдің батырлығы, мәрттігі, адамдарды тани білуі мен өзіне көмекшілерді таңдауы және қолбасшылық ерекше қабілеті барластар мен көшпелі әскери жастардың арасында асқан беделдік әкелді.

Әмір-Темірдің жеке билігінің орнауы (1370-1405) (Темір әулеті империясының құрылуы). Әмір Темір алғашында Қашқадария уәлаятының билеушісі болды (1361). Осы кезден бастап ол Моғолстан ханы Тоғлұқ-Темірмен, оның ұлы Ілияс Қожа және Балх пен Самарқан әмірі Хұсейнмен билік үшін күрес жүргізіп, 1370 жылы Мәуереннахрды өзінің қолына алды. Жас кезінде Түркістан маңындағы бір шайқаста аяғынан жарақаттанған.

XIV ғасырдың 70-жылдары оның қолбасшылық дарыны толық ашылып, атақ-даңқы жер жүзіне тарады. Осман империясы мен Орталық Азия аймағында ол “Aksak Tіmur” (Ақсақ Темір), ирандықтарға Тимурленг, еуропалықтарға Тамерлан есімімен белгілі болды.Әмір Темірдің әскерлерінің тегеурінді шабуылдары арқасында Хорезм мемлекеті (1372 — 88), Шығыс Түркістан (1376), Герат (1381), Хорасан (1381), Қандағар (1383), Сұлтания (Оңтүстік Әзірбайжан, 1384), Тәбріз (1384), Иран және Ауғанстан толық бағындырылды. Бірнеше дүркін жойқын жорықтан соң Алтын Орданы күйретті. Әмір Темір 1370 — 90 жылдары Тоқтамыс хан мен Едіге әмірдің арасындағы алауыздықты шебер пайдалана отырып, Дешті Қыпшақ, Ақ Орда мен Моғолстанға 10-нан астам жойқын соғыс жорығын жасады. Сарыарқадан өткен жорықтарының бірінде, Ұлытау маңында, ұрпаққа естелік ретінде құлыптас қалдырған. Әмір Темірдің Алтын Орданы талқандауы Ресейдің тәуелсіздік алуына оң жағдай жасады.

90-жылдары Әзірбайжан, Дағыстан, Гүржістан (Грузия), Ирак Әмір Темір мемлекетінің құрамына енді. 1398 жылы Үндістан басып алынды. Сирия мен Ливан (Палестина) мәмлүктері бағындырылды. Алдыңғы Азияның басқа мемлекеттері де Әмір Темірдің билігін мойындады. 1402 жылы жазда Әмір Темір Анкара шайқасында Осман империясының негізгі әскери күшін талқандап, түрік сұлтаны Йылдырым Баязидті (Баязид) тұтқындады. Әмір Темірдің үздіксіз соғыстарының нәтижесінде алып империя — Темір мемлекеті құрылды. Оның жалпы аумағы 14 млн км²-ге жетті.

Әмір Темір 1405 жылы Қытайға жорыққа шыққанда жолай Отырарда қайтыс болды. Ол 68 жас, 10 ай, 9 күн өмір сүрді. Темірдің денесі түнде қаладан шығарылып, 6 ай жол жүріп сүйегі Самарқандағы Гүр-Әмір кесенесіне мұсылман дәстүріне сай жерленген. Темір ұрпақтарына ерекше ықылас танытып, олардың болашағы мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенімен, Шыңғысхан балаларымен салыстырғанда Әмір Темір балаларын аса қуантпаған. Балаларының бағынбауы, ханзадалардың бүлік шығаруы да, тіпті немересі Сұлтан Хусейіннің опасыздығы да болған. Америкалық зерттеуші, Чикаго университетінің профессоры Джон Вудстың есептеуі бойынша, Темірдің тікелей ұрпақтарының жалпы саны оның өмірінің соңына қарай жүзге жуықтаған.

Әмір Темірдің 4 ұлы болды: Жихһангер (1356 — 1376), Әмір Шейї (1356 — 1394), Мираншах (1366 — 1408), Шаһрух (1377 — 1447). Темір әулетінен ұлы ғалым Ұлықбек (1394 — 1449), Моғол империясын құрушы Бабыр (1483 — 1530) сынды атақты адамдар шықты. Әмір Темір өлгеннен кейін мирасқорларының билікке таласуынан Темір мемлекеті ыдырап кетті. Ол әлемдік тарихта талантты қолбасшы, тегеурінді саясаткер ретінде қалған. Орталық Азиядағы бірқатар сәулетті ғимараттардың пайда болуы, қалалардың өркендеуі, шөл даладағы жер суландыру құрылыстарының салынуы, қолөнер мен сауданың дамуы Әмір Темір есімімен тығыз байланысты. Тарихи деректер оның қол астындағы аймақтардағы түркі, парсы, араб мәдениеті мен өнерінің өкілдері, ғалым-ойшылдары Әмір Темірдің тарапынан үлкен қолдау тапқандығын растайды.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9 Әмір Темір қазақ жерінде мәңгілік өшпес ескерткіш — қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салып қалдырды. Сонымен қатар жаулап алынған елдердегі Әмір Темірдің шектен тыс қатігездігі оны күрделі тарихи тұлға ретінде танытады.Отырар. Энциклопедия. – Алматы.«Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2

Әмір-Темір кезіндегі мәдениеттің дамуы