Қанат Әуесбайұлы Әуесбай (14 қаңтар 1982 жыл, Жамбыл, қазіргі Тараз) — қазақстандық журналист, тележүргізуші және журналистика саласының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты. 2026 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетіне тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры болып тағайындалды.

Білімі және ғылыми қызметі 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша бітірді. 2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2013–2014 жылдары «Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританиядағы Шығыс Англия университетінде ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті.

Әр жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде сабақ берді. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде проректор қызметін атқарды.

Журналистикадағы қызметі Еңбек жолында «31 арна», «Қазақстан» және «Astana» телеарналарында тілші, редактор және тележүргізуші қызметтерін атқарды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Apta.kz» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі әрі шеф-редакторы, «Astana» арнасындағы «Ruh.kz» бағдарламасының жүргізушісі болды.

2019 жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Атырау облыстық филиалының директоры болып тағайындалды. 2023–2024 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының диджитал бағытын басқарды. 2024 жылғы 2 қыркүйекте ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы қызметіне тағайындалды.

Кітабы 2016 жылы қазақ және ағылшын тілдерінде «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» (Looking West. A Kazakh’s View of Great Britain) атты кітабы жарық көрді. Еңбекте автор Ұлыбританияның білім беру жүйесі, қоғамдық өмірі және бұқаралық ақпарат құралдары туралы баяндайды. Кітаптың таныстырылымы 2016 жылғы желтоқсанда Кембриджде өтті.

Марапаттары 2012 — Қазақстан журналистер одағы сыйлығының «Телевизиялық жұмыс» аталымы бойынша лауреаты. 2013 — Қазақстан жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты. 2024 — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі.

Дереккөздер

Санат:Қазақстан журналистері Санат:Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегерлері Санат:Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектері