нобай|1973 жылғы басылымның мұқабасы Қан мен тер — Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтың трилогиясы.
Роман үш кітаптан тұрады: 1) Ымырт (1961 жылы жарияланды), 2) Сергелдең (1964), 3) Күйреу (1970).
Майданнан қайтқан жас офицер Әбдіжәміл туған жерімен қаншама сағынып қауышса, оған деген махаббатын роман жанрының кең байтақ өрісінде шын жүректен жырлап шығуға соншама ынтыққандығын шығармашылығынан айқын аңғартады.
«...Әлі күнге бір бүйірің ауыл өміріне бұрып тұрады. Қанша қашыққа шырқап кетсең де, бойыңдағы бір тамырың туған жеріңнің топырағында бүлк-бүлк етіп соғып жатқандай. Кей күні... сен әлденеге өзек аузында жалғыз үй отырған балықшы шалдың қамыс қосын, жұпыны жиһазын, жалпылдақ шамын есіңе аласың. Өз үйің жайнап тұрса да, саған осынау балық сасыған кішкентай қос ыстық. Қос ішінде, ақ иық қылған ауыр еңбектен болар, жан әкең сілесі қатып шаршаған. Күнге күйген жылтыр қара бетінде қалжыраған ажар бар. Үні де қалжырап ақырын шығады. Сол кезде қара пұшық бала әлдеқайдан жүгіре кеп отырса болғаны, оның әжім беті іштей нұрланып елжіреп қоя береді»Ә.Нұрпейісов Толғау. Раздумье. Алматы, 1972. 90-бет.– дейді жазушы.
Жазушының «Қан мен тер» романының дүниеге келу сыры осы сөздерде жатыр. «Қан мен тер» трилогиясын құрайтын «Ымырт» (1961), «Сергелдең» (19б4), «Күйреу» (1970) романдарынан, атының өзінен-ақ байқалып тұрғандай, төбеден жарқырап тұрған күнді аз кезіктіреміз. Ал, жарқырап шақырая қалса, кейіпкерлері тағы бір тозаққа ілінді дей бер. Өзінің бас кейіпкері Еламан тәрізді туынды ұдайы дерлік томырылып, үнсіз-түнсіз тұнжырап түнерген қалпынан жазбайды. Соның өзінде де туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімінің орны бөлек. Прозашының туған халқына, оның жазира даласына деген сүйіспендігі елінің кең қолтық мінезін, шалқар әнін, салқар көштей шұбатылған тарихын эпостық құзарға көтере суреттеуінен аңғарылады.
«Қан мен тер» трилогиясы – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Уақыты өзгергенімен, заманалық зәрулігі өзгермейтін туынды. Соңғы жетпіс жылғы алтын әдебиетімізді мысқа балағысы келетін қайсыбір неонигилист даңғойлар бұл романға тап күресін жазғандықтан ескірді деп мін де тақты.
«Қан мен тер» трилогиясын қазіргі тәуелсіздік мұнарасынан, демократиялық көзқарас тұрғысынан оқығанда, оның қазақ шындығынан бұра тартқан жерін табылмайды. Қайта коммунистік үстем идеологияға қайшы пікірлерді жолықтырып, «бұны қырағы цензура қалай жіберді екен?» деп қалуға негіз бар.
Романның «Күйреу» аталатын үшінші, соңғы кітабында комиссар Дьяков насихаттайтын болашақ коммунистік қоғамның басты принципінің дұрыстығына Еламан әжептәуір күмән келтіреді.
«...Ол кезде жер басқан адамның бәрі бірдей болады дейді. Жә, жарайды, адам баласының көкірегінде алалық болмас. Осы жұрттың ішер асы, киер киімі, сөйлер сөзі бірдей-ақ болсын. Бірақ құдай бірдей жаратпаса қайтеді? Басқаны қойғанда бір оттың басында бір қазаннан ас ішіп, бірге жатып, бірге тұрып жүрген, бауырлас кісілердің арасында бірдейлік бола қоймаушы еді ғой. Олардың арасында да бірінің сөзі үстем, бірінің өзі үстем. Бірі ертеден қара кешке дейін қоңынан күн өтіп, сылпылдап қой соңында жүрсе, енді бірі алшайып ат үстінен түспейді.
Түсінбеймін...Қара борбай кедейлер теңдік алсын. Бірдейлік орнасын. Бірақ, бәтір-ау, осы халықтың киер киімі, ішер асы бірдей болғанмен, құлқы бірдей бола ма?»Ә. Нұрпейісов. Төрт томдық шығармалар жинағы, 3-том, Алматы, 1981, 293-394 бб. Жазушының алғашқы романымен салыстырғанда «Қан мен тер» – тірлік-тынысы әлдеқайда кең шығарма. Жанрлық жағынан да басқаға ұқсамайды. «Курляндия» оқиғалы роман санатына жатса, бұл – әлеумеітік-психологиялық типті шығарма. Ізденіс салмағы характерге түскен. Бар суреткерлік қабілетін ата-бабалардың мінез-кескінін ашуға жұмсаған. Характер – Нұрпейісов романының қозғаушы күші. Ел қазанында қайнап піскен характер өз тарапыпан ел тамырының соғуына, тонус, райына ықпал етеді. Романдағы оқиғаларға мұрындық боп көрінеді. Әрі сюжет ұйтқысы.
Еламанның бүтін бітімді тұлғасы оның жалпы һәм жалқы қасиеттерінің бірлігінен тұрады. Осы екеуінің жұптаса дамуына сай характері толысады, байиды. Трилогияның бастапқы кітабы «Ымыртта» Еламан – қарапайым балықшы. Туа біткен мінезіне өршілдік, қайраттылық тән. Намысқой жігіт. Жұрт Қаратаз деп атайтын Құдайменде байдың қорлығына шыдамай, айбат шеккен, сес көрсетіп, балықшылар арасына кетіп қалған. Бір-екі сөзінен ой түйғіш, көкірегі ояу жан екені байқалып қалады. Жетпей жатқан тұсы әзірше былайғы дүниемен ісі жоқ. Жазушы міне, осындай бұйығы, патриархалдық қапастағы тұңғиық тұлғаның ішіне бірте-бірте әлеуметтік сәуле түсіреді.
Жазушы өмірі жайлы естелігінде: «О заманда қалмақ та, қазақ та көшпелі, бір соғыста атамыздың санына садақ жебесі тиеді. “Жау марқайып кетеді”, – деп жарасын жасырып, оқ тиген санын қанжығаға қайырып байлап, шайқаса берсе керек. Сөйтіп, жарасы асқынып кетеді. Ағасы Қыдырбай дереу сынықшы алып келіп көрсетеді. Сынықшы: “Аяқты кесу керек, әйтпесе өледі. Ол үшін төрт жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолын байлап, екі жігіт кеудесінен басып отырсын”, – дейді. Өткір пышақ, тұзды су, түйенің шудасын алдырып, ем-дом жасауға кәдімгідей дайындалады. Сонда Тайқожа: “Көзім тіріде кеудеме ешкімді мінгізбеймін, шыдаймын, төзімім жетеді!” – деп дес бермей, аяқ-қолын кергізбей, тақиясын тістеп, ақырына дейін шыдап жатса керек. Сынықшы оқ тиген аяғын кесіп, байлап, сыртқа шығады. Жігіттер батырдың қарысып қалған жағын қылыштың ұшымен ашса–тістелген тақия қырқылып қалыпты. Содан әлгі атамыз Ақсақбөрі атанған. Бұл кісінің мінезін “Қан мен тер” романындағы Еламанның бәзбір тұстарына қиыстырып келтірдім»«Мені тұлғалар өсірді». «Егемен Қазақстан», 2010. 01. 23. – деп Еламанның мінез-бітімін қайдан алып сомдағанынан сыр шертеді.
Еламан өміріндегі ілкі әлеуметтік сілкініс кездейсоқ оқиғадан басталады. Арал промселінің қожайыны «тентек Шодыр» атанған Федоров әлі дұрыстап қата қоймаған теңізге балықшыларды зорлап айдап салады. Жалданған балықшыларды басыбайлы құлы есепті ұрып соғады. Өзіне де қол көтерген соң іштей кіжініп жүрген Еламан суға кеткен балықшыларды сұрастырмай, ауын жоқтап тұрған дүниеқоңызды сүйменмен салып өтеді... Кездейсоқ оқиға. Еламан кісі өлтіремін деп ешқашан ойламаған. Тумысында жуас, ақ пейілді адам. Мына кездейсоқ оқиғаның қажеттілік деп аталатын астары бар. Жазықсыз Андрей мен Жалмұраттың қазасы, көпестің олардың өмірінен дүние боқты жоғары қоюы, адамшылық ар-инабатының жоқтығы адал кеудеде кек отын тұтатады.
Нұрпейісов характер сомдауда әлеуметтік һәм психологиялық талдау тәсілін бір арқанның екі тіні есебінде өреді. Романның алғашқы беттерінен-ақ автор би-төл сөз және төл сөз (несобственно-прямая речь) арқылы Еламанның жанын сөйлетеді. Және психологиялық талдаудың монолог формасын жиі қолданады. Монолог шарты – жалғыздық. Еламан «Жалғыз кісіге ой үйір келеді-ау» – деп түйеді . Ойы үнемі екіге бөлініп жүреді. «Теңіз үстінде әйелі жайында көп ойлайды. Алғашқы кезде ол бір түндік астында бірге тұрғасын бойы үйреніп кетер деп үміттеніп жүрген. Бірақ «Кешкісін үйге кеп әйелінің бетіне бір қарағаннан-ақ көңілі суып сала беретін». Еламан қасында құр сүлдесі жатқан әйелі Ақбаланың тәні ғана өзінікі, ал жаны басқа жақта екенін сезгенде мүлде моқап қалады. Бас кейіпкердің осы күйі үзақ-сонар ішкі монолог, би-төл сөз арқылы беріледі. Кей кейде ғана ішкі монологі ішкі төл сөз пішінін алады. «Бейшара қайтсін, мен кінәлімін. Ие, ие, мен кінәлімін»,Ә. Нұрпейісов. Төрт томдық шығармалар жинағы, 3-том, Алматы, 1981, 511 бб. – деді Еламан ішінен».
Кейіпкер іштей күйінеді, опынады, толғанады. Адамның осы бір ішкі драматизміне жазушы әрдайым құлақ түргіш.
Трилогияның екінші кітабы «Сергелдеңде» Еламанның жеке басының қайғысын ел қайғысы басып кетеді. Екінші кітап халық кенішіне бойлай түседі. Қазақ даласында әлеуметтік қайшылықтардың өршуін тереңнен қопарып көрсетеді.
Ақ патша тағынан құлап, орнына келген Уақытша үкімет те ел тізгініне ие бола алмай, Қос үкімет дейтіннің орнаған кезі. Ел іші дағдарыста. Соғыс ауыртпалығы ес жиғызбай езіп, жаншып әкетіп барады. Бұрынғы майлы, жайлы орнынан тапжыла қоймаған ескілік Петербор жақтан шыққан дүрбелеңнен шошынғанымен, әлі айылын жияр емес. Түрмеге қамалған, айдауда жүрген, одан түріктермен соғысқа қатысқан, майданнан оралғанда Шалқарға келіп теміржол бойына жұмысқа орналасқан Еламан, ендігі жүріс-тұрысында біраз дүниені бағдарлап, байыздайтын өреге көтерілген. Бірақ кейіпкердің әлі де «бір қайнауы ішінде». Әлі де ол оң мен солын айырып жетпеген сергелдең пішінде, әуре-сарсаңда.
Екінші кітаптың сюжеті мен композициясы бас кейіпкер характерінің осы ерекшеліктерінен туындайды. Сюжет әлеуметтік дауылдың қарсаңындағы ісініп-қабына бастаған теңіздей теңселген ахуалды бейнелеу барысында шиыршық атады. Бұрынғы самарқау ырғағынан жаңылған кейіпте. Композиция сюжеттің сабақтас оқиғаларынан құралады. Әлдебір үлкен оқиға аяқтала бере, ширыққан сюжет суреті публицистика әуеніне ауысады. Суреттелген оқиғаларды тың ойлармен түйіндейді. Эпикалық сюжеттің ішкі драмалық, күрделі-психологиялық сипаты өзгеріп, ақырында талдама-жинақтаушылық реңк алады.
«Еламанның сең соққан балықтай сергелдеңге түскен жаны соқтықпалы өмірден соқпақ іздеп, баяғы Шалқарға бет қойды». Романның соңғы редакциясында бұл сөйлем түсіп қалған. Онсыз да түсінікті жайттарды оқырманға шайнап берген астай беруді автор жөн көрмеген тәрізді. Оның бер жағында, Еламанның сең соққан балықтай күй кешіп жүруі рас болғанымен, Шалқарға бет қоюында саналы әрекет барлығы байқалады. Талай елді, жерді аралады. «...Ұйықтап жатқан кеще ойға тас тиіп оятқандай болды; сонан бері өз басының қайғысын ел қасіреті жеңіп, шерлі жүрегі сыздап қайтты». Шалқарға бет алғанда Еламан қара басының қамын ойлаған жоқ. Еліне көмек тиетін көздің қай жерде екенін біліп аттанған.
Характердің сюжеттік арнасы кеңи түседі. Майданнан еңсесін тік көтеріп қайтқан Еламан ешкімге кеудесін бастырмауға, есесін жібермеуге тиіс. Іс жүзінде солай болады да. Майданда казак-орыстармен төбелес үстінде жазым бола жаздаған жерінен арашалап алып, Шалқарға жұмысқа орналастыруға көмектескен, үйінен пәтер берген Мюлгаузенмен жұдырықтасып қалады. Мюлгаузеннің «қорқақсың» деп жұрт көзінше қорлап былапыттағаны жанына батады, намысына тиеді. Кейіпкер характерінің қатайғаны Тәңірбергенмен айырылысқан бетте төркініне қайтуға жүзі шыдамай Шалқарға келген Ақбаламен ойда жоқта ұшырасып қалғанда байқалады. Ескі нұсқада Еламан бұрынғы әйеліне жаны ашығандай, онымен қайта табысқысы келгендей кейіп көрсетуші еді. Жаңа нұсқада оның Ақбалаға қайырылғысы жоқ. Құштарлыққа бой ұрып, емшектен шықпаған баласын тастап, бір кезде айдауға кеткен Еламанға ол да бұрылмастан кетті ғой, – деп қорытады өз шешімін.
Мюлгаузенмен төбелестен кейін ауылға оралған Еламан бастапқы кезде тағы да бұрынғысындай іштен тынып жүрген. Тағы да оқиға ағысында жаңқадай қалқитын тәрізді. Шалқардан әкелген мылтықты жолшыбай бір ескі жұртқа тығып кеткен. Балықшылар арасынан тыныш тірлік іздейтіндей. Қайын атасы Сүйеудің үйіндегі баласын қолына алады. Бірақ бұлайша жеке басының қамын күйттеумен жүруі ұзаққа бармайды. Өмір еркіне қоймай иіріміне тартады. Амалсыз білегін сыбануға мәжбүр. Әлеуметтік тартысқа қайта араласпасына амалы қалмайды. Айдын шалқар теңізді бір өздері иемденіп, балығы көп ойыққа басқаларға ау салдыртпайтын Темірке көпес пен Тәңірберген байдың озбырлығына қарсы тұрады. Жеңілетінін біле тұрса да, топ бастап қайрат көрсетеді. Түрікпендер шабуылдап, бейқам жатқан елдің мал-жанын айдап кеткенде, қол бастап, жаудан өш алады. Мал-жанды үйіріне қосады. Жағдай намысты оятып, кеудеде жігер туғызса, жігер характерді қайрайды. Ар-намыс жетегіндегі характерге оқиға арнасын өз деген жағына бұра алатын қуат бітеді... Бұрынғы жылқышы, балықшы, сарбаз ой-санасының әлеуметтік қабаты қалыңдай түседі. Шодырды өлтірген кездегі Еламан – стихиялы бүлік құрбаны еді. Бұл жолғы Еламан басқа жан. Саналы күрескер. Халқының қолындағы қаһарлы қару. Білек күші жағынан ғана емес, ақылы да пәрменді құралға айналған.