Витаминдік өсімдіктер – құрамында витаминдер болатын өсімдіктер. В. ө. құрамында витаминдермен қатар, олардың провитаминдері де болады. Олар азықпен бірге организмге түскеннен кейін, қажетті витаминге айналады. Мыс., өсімдікте А витамині болмайды. Бірақ кейбір өсімдіктер құрамында болатын А провитамині – каротин организмге түскеннен кейін А витаминіне айналады. Сондай-ақ D провитамині – эргостерин организмге түскеннен кейін D витаминіне айналады. А витамині сәбіз, қымыздық, көк пияз, капуста, қызанақ, өрік, алхоры, итмұрын, беде, жоңышқа, бидайық, т.б. өсімдіктердің құрамында болады. В тобына жататын витаминдер ашытқыда, жеуге жарамды саңырауқұлақтарда, көптеген өсімдіктердің (пияз, капуста, т.б.) жасыл жапырақтарында, астық дақылдарының ұрықтарында болады. С витамині (аскорбин қышқылы) өсімдіктердің барлық түрінің жапырағында, кейбіреуінің жемістерінде (мыс., итмұрын, қарақат), картопта болады. D витаминінің негізгі көзі – стерин өсімдіктердің бәрінде бар. Ол әсіресе саңырауқұлақтарда көп болады. Е витамині (токоферол) көптеген өсімдіктерде бар, әсіресе, астық дақылдарының ұрықтарында көп болады. К витамині (филлохинон), негізінен, бедеде, капустада, сәбізде, асқабақта, Р витамині итмұрында, цитрус жемістерінде, қарақұмықта, т.б. болады. Өнеркәсіпте ВВ және РР витаминдерінің концентраттары негізінен астық дақылдарының ұрықтары мен ашытқыдан алынады. Қазіргі кезде таза витамин препараттары синтездік әдіспен де алынады. Қазақ Энциклопедиясы Дереккөздер
Санат:Қазақстан табиғаты