Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуы және Алаш қозғалысы
Алайда өмір шындығы өз дегенін істеді. Ауыл күрт өзгерді. 1917 жылғы көктемнің аяғы мен жазында жаппай туған жерлеріне оралған 150 мың тыл жұмысына қатысушылар өз білген-түйгендері бойынша саяси ортаға белгілі бір әсер-ықпалдарын титізді. Олар қазақ ауылындағы саяси өмірдің оянуына көп ықпал етті. Тыл жұмысшыларының белгілі бір бөлігі елдің орталығында және майдан шебінде шыңдалды, саяси күрестің әйгілі мектебінен өтіп, табанды әрі батыл қимылдар жасады.
Орталық Ресейде тылдын қара жұмысына қатысқандардың бірі Ақмола облысынан шыққан Е. Бекмұхамедов майдан шебіндегі тыл жұмыстарында большевиктермен қалай танысқанын еске алады. «Күнде кешке, - дейді ол, - бізде Кеңес өкіметі, болашақ өмір туралы қызу әңгімелер жүріп жатады, кейбіреулер большевиктер партиясының қатарына кіруге әзірленіп жүрді. Бірқатар қазақ жұмысшылары басшылықтың рұқсатын күтпестен Отанына қайтып жатты».Шоқай М. 1917 жыл естеліктерінен узінділер // Шоқай М.Түркістанның килы тағдыры А., 1992, 148-6.. Олардың құрамында 1920 жылы коммунистік партияның қатарына өткен осы естелік авторы да болды.
Бірінші Бүкіл қазақ съезі Тыл жұмысына қатысушылардың бірі 1917 жылы жаздың басында Каменец-Подольск ауданынан Жетісуға қайтқан Жүсіп Бабаев былай деп жазды: «Біз ауылға Уақытша үкіметке деген жек көрушілікті... және өз алдымызға кедейлер мен батрақтарға ұйымдасу қажет деген түсінікті ала келдік. Біз өзімізбен бірге... Кеңес өкіметі үшін болып жатқан орыс пролетариатының күресі туралы хабарды елге жеткіздік».Қазақ 1917, №256..
1917 жылы мамырдың аяғы мен маусымнын басында ғана Омбы арқылы Ертісті жоғары бойлай Шығыс Қазақстанға 300 тыл жұмысына қатысушылар қайтып келе жатты.Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. Алматы: Атамұра, 1998, 153-154-6.. Көпшілігі Ресейдегі революция туралы хабарды ғана емес, ол туралы жазылған кітаптар, тіпті қару да әкеле жатқан еді. Мәселен, 1917 жылы 5 маусымда Омбыда «Нор-Зайсан» кемесіне отырғызу кезінде тыл жұмысынан қайтқан қазақтардан қару тәркіленген. Павлодар облысының Ермак селосы маңында бір кеменің үстінде олардан 100-дей винтовка тартып алынды. Сол кездің баспасөзі хабарлағанындай, тыл жұмысынан қайтқан қазақтар «далаға құрлық арқылы пулемет апара жатқан». 1917 жылы маусымның басында тыл жұмысына қатысушылар Павлодар арқылы «Петроград» кемесімен винтовкалар, қылыштар және оқ-дәрі алып өткен.ОМӘТМ, 366-к., 2-т., 195-іс, 40-п..
Мұндай жағдай өлкенің басқа өңірлерінде де орын алған. 1917 жылы 26 маусымда Түркістан әскери округі Қазалы, Перовск, Түркістан, Ташкент теміржолы стансаларындағы барлық гарнизондық теміржол комитеттеріне мынадай бұйрық берді: «Жергілікті тұрғын жұмысшыларға (яғни тыл жұмысынан қайтқандарға. - авт.) мұқият қараңдар, атылатын және басқа да суық қарулары болса, алынсын... Жолаушылар пойызын алып жүретін әскери тексерушілер мен әскери күзетшілер майдан жұмысынан қайтып келе жатқан жергілікті адамдардың жүк-багажына ерекше назар аударсын».Қазақ 1917, 31 шілде, №238..
Тыл жұмысына қатысушылардың белгілі бір бөлігінің бұдан арғы қызметі қазақ еңбекшілерінің арасына большевиктер идеясын жеткізуге арналды, жұмысшы және шаруа депутаттары жергілікті Кеңестерінің белсенді мүшелері және Кеңестерге жақын келетін еңбекшілердің бұқаралық ұйымдарын құрудың бастамашылары болды. Өз ауылы мен қаласына келісімен олар Уақытша үкіметке, оның жергілікті органдарына қарсы пиғылдағы күштердің қатарын толықтырды. 1917 жылы 14 маусымда Уақытша үкіметтің Ақмола уездік комиссары облыстың орталығы Омбыға тыл жұмысынан қайтқан қазақтардың үкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті қазақтарды Уақытша үкіметке қарсы қойып отырғанын жеткізді, ал Уақытша үкіметтің Астрахан губерниясының комиссары міндетін атқарушы шенеунік өзінің Ішкі істер министрлігіне жіберген жедел хатында Бөкей Ордасының тыл жұмысынан қайтқан қазақтары Уақытша.үкіметтің жергілікті ұйымдарына қарсы сөйлегендерін хабарлады.Сонда.. 1917 жылдың көктемі мен жазында қазақ еңбекшілерінің арасында тыл жұмысына қатысушыларды біріктіретін ұйымдар, жұмысшылар мен Кеңестерді қолдайтын революцияшыл-демократиялық жастар одақтары — «Верный қаласы мұсылман жұмысшыларының біріккен одағы» («Қара жүмыста істейтіндер одағы»), Жаркентте «Жұмысшы одағы», Түркістан өлкесіне қарайтын Қазақстанның оңтүстік облыстарында «Мұсылман еңбекшілерінің одағы» құрылды.
«Қара жұмыс істейтіндер одағын» ұйымдастыру мен нығайтуға және оны Жетісудың жергілікті халықтары арасында большевиктердің тірегіне айналдыруда А. Розыбакиев, Ж. Бабаев, X. Фариденов және т.б. үлкен рөл атқарды. Верныйлық «Қара жұмыс істейтіндер одағы» Құрылтайға, яғни мұсылман саудагерлер мен кәсіпорын иелерінің қалалық комитетіне қарсы шықты. 1917 жылы маусымның аяғына қарай «Одақ» құрамындағы қазақ, ұйғыр жне татар жұмысшыларының саны 600-ге жетті. А. Розыбакиевтың айтуынша, «Одаққа» мүшелікке барлық ұста дүкендері, кірпіш зауыттары мен ұсақ кәсіпорын жұмысшыларының басым көпшілігі, қолөнершілер мен қызметшілер кірген. Одақтың бөлімшелері Шелек, Малыбай, Лавар және Верный уезінің басқа да елді мекендерінде ұйымдастырылған.Сонда; ОМӘТМ, 366-к., 1-т., 195-іс, 41-42-п..
«Одақ» өз мүдделерін қорғау және ресми биліктің халыққа қарсы әрекетін әшкерелеу мақсатымен еңбекшілерді топтастыру идеясын кеңінен насихаттады. Халық арасында Жетісудың барлық қалаларында, тіпті кейбір ауылдар мен қыстақтарда жаздырып алушы оқырмандары бар сатиралық «Садақ» журналы кеңінен пайдаланылды. Журналда жергілікті басшылар мен діни қызметкерлердің жағымсыз істерін сын қаламымен түйреген О. Жандосов қызмет етті.
Қазақстанда кәсіподақ қозғалысы жылдам epic алды. 1917 жылы наурызда-ақ Семейде кәсіподақ ұйымдастыру қажет деп тапқан тау-кен жұмысшыларының жиналысы өтті. Жиналыстың шешімімен екі комиссия ұйымдастыру және үгіт-насихат комиссиялары құрылды. Ұйымдастыру комиссиясына кәсіподақ ережесінің жобасын жасау тапсырылды. 1917 жылы сәуірде Оралда «Құрылысшылар мен тау-кен жұмысшыларының кәсіподағы» ұйымдастырылды, ал Гурьевте (қазіргі Атырау) «барлық мамандық жұмысшыларының кәсіподағы» қызмет етті. 1917 жылы жазға қарай Семейде кәсіподақ ұйымдарының 11 саласы өз қатарына 3000 жұмысшыны біріктірді.Омский вестник, 1917, 2 тамыз..
Елдегі болып жатқан осы оқиғалардың әсерімен Қазақстанның шаруалар бұқарасы да өлкенің саяси өміріне белсенді түрде қатыса бастады. Мұның айқын куәсі 1917 жылы жазда шаруалардың, қазақтар мен қазақ депутаттары Кеңестерінің ұйымдастырылуы болып табылады.
Наурыздың аяғында-ақ (1917 жыл. 30 наурыз) Ташкентте басылып шығатын «Түркістан уалаяты» газеті Сырдария облысы Перовск уезінің қазақ тұрғындары 35 адамнан тұратын қазақ депутаттарының Кеңесін ұйымдастыруға және уездің ішкі өміріндегі «оқу-ағарту, әкімшілік, шаруашылық, жер және су» мәселелерін шешуді соған беруге қаулы қабылданғанын хабарлады. Кеңестің басшылығына X. Ибрагимов тағайындалған.
1917жылы сәуірде Петербургтен Перовскіге (Ақмешіт) келген Мұстафа Шоқайдың айтуы бойынша, ол кезде Ақмешіттегі (қазіргі Қызылорда) X. Ибрагимов басшылық еткен қазақ депутаттарының Кеңесі қаладағы жалғыз ғана қоғамдық-саяси ұйым емес еді. Сонымен қатар, - деп жазады Мұстафа Шоқай 1917 жылы бұл оқиға туралы өз естелігінде, - қалада Ералы Қасымов басқаратын «Ақмешіт аудандық ұлттық кеңесі» және Серәлі Лапин басқаратын «Акмешіт халық өкілдерінің аудандық кеңесі» де құрылған. М. Шоқайдың айтуынша, X. Ибрагимов басқарған кеңес жұмысшы және солдат депутаттарының жергілікті қалалық. Кеңесінің ықпалында болған. Е. Қасымов басқарған «кеңес» қазақ жұртшылығын кедей мен байға бөлместен, жалпы ұлттық мәселелерді алға қойып, оны шешуге талпынған, ал С. Лапин басқарған «Ақмешіт халық өкілдері аудандық кеңесінің» бағдарламасы шым-шытырық және халыққа түсініксіз болған.Уралец, 1917, 20 тамыз..
Түркістан өлкесінің орталығында және Сырдария облысының Ташкент қаласында саяси өмір жандана бастады. Тұтастай еуропалықтардан тұратын және жергілікті (мұсылман) халықтардың өмірімен санаспайтын жұмысшы, солдат депутаттарының ташкенттік Кеңесіне қарама-қарсы өлкеде әрқайсысы өз алдына Түркістанның жергілікті халықтарының мүдделерін қорғайтын екі саяси партия құрылды. Олардың алғашқысы жәдиттердің, яғни ұлттық-демократиялық қозғалыстың күшімен құрылып, «Шура-ислами» («Ислам кеңесі») деп аталды. «Шура-ислами» басшыларының арасында өздерінің саяси белсенділіктерімен М. Карры, У. Хожаев, М. Бехбуди және Түркістанның басқа да белгілі азаматтары көзге түсті.КР ОММ, 18-к., 1-т., 5-іс, 411—412-п.. «Шура-исламидің» жұмысына 1917 жылы сәуірде Петроградтан Түркістанға оралған М. Шоқай да араласты. «Шура-исламилықтар» тұтастай алғанда Уақытша үкіметтің саясатын қолдады және Түркістанның демократиялық жолмен дамуын құптады. «Шура-ислами» партиясының ұйымдары өлкеде кеңінен ашылды және Сырдария облысының қалаларында ғана емес, Жетісуда да өз топтары болды.
Өзбек зерттеушісі С. Ағзамходжаев атап көрсеткеніндей, «Шура-исламидің» құрылуы Түркістан (Қазақстаннын оңтүстік облыстары да кіреді. — К.Н.) өміріндегі аса маңызды саяси оқиға болды, бұл партия қалыптаса келе «Түркістанда ресейлік үлгідегі қосөкіметтілікті қолдамады. Сөйтіп Түркістанның саяси аренасында үш өкімет орнықты» Григорьев В.К. Противостояние. А., 1989, 73-74-6.. : Кеңестер, Уақытша үкіметтің билік органдары және өзін жергілікті (мұсылман) халқының сайланып қойылған үкіметі деп атаған «Шура-ислами» партиясы.
Екінші бір партия — өзін «Шура-улема» («Діни кауым кенесі») деп атап, Серәлі Лапиннің жетекшілігімен 1917 жылы маусымда «Шура-исламидің» құрамынан шыққан мұсылмандардың топтасуымен құралды. Бұл әлсіз әрі мүшелерінің саны аз ұйым іс жүзінде Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының өміріне айтарлықтай ықпалын тигізе алған жоқ.
Егер салыстырмалы түрде Түркістанда «үш өкімет» құрылды десек,онда Қазақстанның; өз жағдайында да «көп өкіметтілік» орнықты деп айтуға болады. Мұнда«үш өкіметтің» жоғарыда аталған тармақтарына қосымша Батыс, Солтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағында орналасқан Орал, Орынбор және Жетісу қазақ станицалары тұрғындарының үкіметін, сондай-ақ облыстық қазақ комитеттерін және Ә. Бөкейханов пен оның серіктері ұйымдастырған, жалпы халықтық «Алаш» партиясын қосуға болады.
Осының бәрі өлке саяси өмірінің күрделі екендігін және оның қоғамдық-саяси өмірін басқаруға Уақытша үкімет пен жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестері органдарымен қатар үмітті болған көптеген ұйымдардың барын куәландырады. Олардың қатарына әдетте 1917 жылы көктем мен жаздың басында өткен облыстық және уездік съездерде сайланған шаруа депутаттарының Кеңестері де кіреді. Орал, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Семей облыстары шаруа және қазақ депутаттарының облыстық Кеңестері, Өскемен шаруа және қазақ депутаттарынын уездік съезі және басқа да Кеңестер осылайша құрылған болатын. Алғашында олардың Уақытша үкіметке деген сенімі соншалықты күшті болды, осы кезеңде өткен барлық шаруа съездері Уақытша үкіметті қолдау, «соғысты жеңіспен аяқтағанға дейін» жүргізу туралы шешім қабылдады.
Саясатқа жастар да тартылды: өз қатарына оқушы жастар мен ауыл мүғалімдерін біріктірген қазақ жастарының ұйымдары мен үйірмелері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Іс жүзінде Ақпан төңкерісінен сон іле-шала Қазақстанның қалалары мен ірі елді мекендерінде түрліше аталатын 20-дан астам ұйымдар пайда болды. Олардың қатарына Омбыдағы «Демократиялық жастар кеңесі», Ақмоладағы «Жас қазақ», Спасск зауытындағы «Жас жүрек», Петропавлдағы «Талап», Семейдегі «Жанар», Әулиеата уезінің Мерке ауылындағы «Қазақ жастарының революциялық одағы» ұйымдары жатады.