Бейнелеу өнері () — дүниені көзбен көріп, түйсіну негізінде бейнелейтін пластикалық өнердің бір саласы.

Бейнелеу өнеріне негізінен кескіндеме мүсін, графика жатады. Бейнелеу өнерінің белгілері архитектура, безендіру және қолданбалы өнерде көрініс табуы мүмкін. Сондықтан шартты түрде оларды да Бейнелеу өнері қатарына жатқызады. Сондай-ақ, театр, кино, теледидардағы безендіруді, көркем дизайнды да Бейнелеу өнері ретінде таниды. Бұл өнердің де негізінде адам, табиғат және заттық әлемді тұтастықта, бірлікте қарастыру жатыр. Бейнелеу өнері дүниені байқау, бақылау, көру нәтижесінде оның көркем бейнесін жасайды. Әр ғасыр, дәуір, кезеңде пайда болған Бейнелеу өнерінің туындылары өзіндік бейнелеу жүйесі мен көркемдік үндесудің түрлі типтерін құрайды. Бұл өнер танымдық, құндылық және қарым-қатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Уақыттық даму процесі басқа өнер түрлеріне (әдебиет, музыка, театр, кино) қарағанда Бейнелеу өнерінде шектеулі, ол негізінен кеңістіктік ауқымымен ерекшеленеді. Суретші өз көзімен көріп, түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен көрсетуге ұмтылады. Өмір құбылыстары типтік жағынан таңдап алынып, заманның тірлік-тынысы жан-жақты көркемдік қуатпен беріледі. Бейнелеу өнерінің көркемдеу құралдарына сурет, түрлі түс, пластика, жарық пен көлеңке, композиция, ырғақ жатады. Шығармалар заттық материалдан дайындалатындықтан оған пәндік, заттық болмыс тән. Бейнелеу өнерінің әр жанры қоршаған әлемнің бейнесін түрліше береді: кескіндеме түрлі түрлі-түсті бояуды, графика түрлі сызықтардың қиылысуын, көлеңке мен жарықтың астасуын, мүсін пластикалық үш өлшемді (биіктік, ендік және аумақтық) пайдаланады. Бейнелеу өнерінің барлық жанрындағы шығармалары мазмұнына қарай монументальді-сәндік және қондырмалы болып екіге бөлінеді. Қондырмалы шығармалар негізінен музейлер, галереялар немесе үй интерьерлерін безендіріп, сол жерлерде орналасады. Монументальді кескіндеме ғимараттардың ішкі қабырғаларында, интерьерде және экстерьерде жазылады. Монументальді мүсін архит. кешендерде, қала көшелері мен алаңдарда, мекеме ғимараттарының қасбеті мен интерьерлерінде орналасады. Шығыс және батыс Бейнелеу өнеріне тарихи даму процесі барысында қалыптасқан портрет, пейзаж, натюрморт сияқты жанрлар ортақ.

Бейнелеу өнері тарихы адамзат тарихымен қатар басталған. Көне дәуірден біздің заманымызға дейінгі жер бетінде болған небір өркениет пен мәдениеттің іздері осы өнер арқылы таңбаланып, бізге жеткен. Бейнелеу өнерінің даму жолы шартты түрде бірнеше кезеңге бөлінеді: алғашқы қауымдық өнер, ежелгі дәуір өнері, орта ғасыр өнері, қайта өркендеу дәуірі, жаңа дәуір өнері, қазіргі заманғы өнер. Жер шарының әр аймағындағы ежелгі адамдар тұрағынан Бейнелеу өнерінің алғашқы үлгілері табылған. [Альтамир (Испания), Ласко (Франция), Кимберли (Австралия) үңгірлері]. Қазақстан аумағындағы алғашқы қауымдық өнердің ірі-ірі кешенді түрлері Тамғалыда, Ертіс аңғарында, Орталық Қазақстанда сақталған.

Ежелгі дәуір өнерінің ірі орталығы — Алдыңғы Азиядағы Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығы. Б.з.б. 3 — 1 мыңжылдықтарда мұнда шумерліктер мен аккадтықтар мәдениеті, кейінірек Бабыл, Миттани және Ассирия мемлекеттері мәдениеті өркендеді. Мүсін және кескіндеме туындыларымен көркемделген сарайлар мен ғибадатханалар маңызды рөл атқарады. Шумерліктер табынатын биік сатылы мұнара-зиккурат, “құдай үйі”, басқа да көптеген ескерткіштер дүниеге келді. Аккад патшалығы кезеңіндегі Бейнелеу өнерінің үздік үлгісі — 2 метрлік қызыл қыштан жасалған Нарамсин патшаның жеңіс тұғырындағы әскердің тауға көтеріліп бара жатқан сәті қозғалыс пен кеңістікте бейнеленген. Шумерлер мен аккадтықтар мәдениетін біріктірген Бабыл мәдениеті үлкен жетістіктерге жетті. Патша Хаммурапидің (б.з.б. 1792 — 50 ж.) заңдар жинағын оқып тұрған сәті ерекше көріністе бейнеленген. Патшаның құдаймен байланысы, патша билігінің жаратушының тікелей қолдауымен болып отырғанын символды түрде бейнелеп көрсеткен. Ассирия өнері барлық көнешығыстық мәдениеттердегідей дінмен өте тығыз байланыстылығына қарамастан мейлінше зайырлы сипатта болды. Ашшурбанипал патша (б.з.б. 668 — 26 ж.) тұсында кемелдікке жеткен рельефтер патшаның ерлік істерін, аңшылық салтанатының көріністерін бейнелеген суреттерден тұрады. Ашшурбанипалдың Ниневиядағы сарайындағы рельефтер көркемдік қуатымен, ықшамдылығымен, динамикалық ырғағымен, шиеленіскен драмалық мазмұнымен әлемдік Бейнелеу өнерінің үздік шығармалары қатарында саналады. Бабыл патшалығының өнері Вавилондағы Навуходоносор ІІ сарайларының зәулімдігі және сән-салтанатымен әйгілі. Онда атақты ассирия патшайымы Семирамида салдырған әйгілі “аспалы бақтар”, қабырғалары арыстандардың, жабайы бұқалардың, фантастикалық жануарлардың қаракөк фонға ашық ақ, сары түспен қашалған ғажайып суреттері бар әйгілі “Иштар қақпалары” болған. Бейнелеу өнері Ежелгі Мысырда да (б.з.б. 4-мыңжылдықтың соңы б.з.б. 341) қарқынды дамыды. Ол дінмен, құдай дәрежесінде дәріптелген перғауындарға табыну ғұрпымен өте тығыз байланысты болды.

Ежелгі Мысыр мәдениетінің классикалық, канондық үлгілері — адам тұлғасының тегістіктегі мүсіндері, монументальділігімен, сымбаттылығымен, зәулімділігімен таң қалдыратын Гизадағы пирамидалар, Карнак, Луксордағы ғибадатханалар кешені, т.б. Ежелгі Мысырдың Бейнелеу өнері әлемдік мәдениетке қосылған ірі үлес болып табылады. Эгей мәдениеті (б.з.б. 3000 — 1200 ж.) Жерорта т-нің шығыс бөлігінде, Эгей т-нің жағалаулары мен аралдарында өркендеді. Оның негізгі орталықтары Крит, Киклада аралдары, Микен, Пилос және Тиринф қ-лары болды. Крит-Микен мәдениетінің маңызды сәулет ескерткіші — әйгілі Кносс сарайы Б. ө-нің түрлі жанрын бойына тоғыстырған туынды. Бояуға бай, түрлі түсті суреттер фрескаларымен сарайлардың, қоғамдық ғимараттардың және үйлердің қабырғалары безендірілген. Кносс сарайының фрескалары арасынан криттіктердің шаруашылық өмірінде, діни және мифологиялық түсініктерінде маңызды рөл атқарған бұқаның бейнесі (“Акробаттар мен бұқа” фрескасы) ерекшеленеді. Сондай-ақ, оның тамаша фрескалары қатарында “Көгілдір киім киген әйелдер”, “Көк түсті дельфиндер мен түрлі-түсті балықтар”, “Абыз-балық”, т.б. бар. Микеннің қабырғаға салынған суреттері де криттік Б. ө-мен ұқсас. Бірақ онда схемашылдық, шарттылық басым. Ежелгі Грекияның Б. ө. Эгей мәдениетінің бай дәстүрлерін жалғастырды. Ол гомерлік кезең, ежелгі өнер кезеңі классика және эллинизм кезеңдері болып бөлінеді. Ежелгі Грекия мәдениеті өзінің даму кезеңін көне грек қала-полистерінің өркендеген кезінде, құлиеленушілік демократия дәуірінде (б.з.б. 5—4 ғ-ларда) басынан кешірді. Грек шеберлерінің шығармашылығы мифологиялық түсініктерге негізделеді. Олар сонымен қатар, болмыс шындығына, дүние-әлемнің үйлесімділігіне деген терең пайымдарға адамның тәни және рухани кемелденуі турасындағы идеяларымен де құнды. Әлемнің үйлесімділігінің өлшемі ретіндегі адам Ежелгі Грекиядағы Б. ө-нің барлық саласына ортақ сарын. Көне грек мәдениетінің гуманистік бастаулары түрлі дәуірлердегі Еуропа Б. ө-не өте ықпалды фактор ретінде әсер етті.

Ежелгі мүсін өнері, ең алдымен, қола статуэткаларымен, жалаңаш бозбалалар (куростар) мен ұзын киім киген сымбатты қыздардың (кор) мүсіндерімен танымал. Қыш құмыраларды безендіру өнері ерекше дамыды. Ежелгі өнерінің классикалық кезеңінде әлдеқайда шынайылыққа жақын образдар жасалды, адам мүсіні мен сымбатын сомдау жетіле түсті. Б. з. б. 5 ғ-дың 1-жартысындағы шеберлер ізденісін Мирон аяқтады. Оның “Афина мен Марсий”, “Дискобол” атты мүсіндері адам сымбатын аса кемел пластикалық күйде мүсіндеуімен, дене құрылысы мен оның әр қимыл ерекшеліктерін жетік білгендігімен ерекшеленеді. Жалпы адам бейнесін жасауға деген қызығушылық портрет жанрының дамуына ықпал етті. Кереғар болмыс қайшылықтары мен адамның идеалды, рухани және тәни әрекет-ұмтылыстарын мүсіншілер Скопас (“Менеда”, “Бозбаланың қабірі”), Пракситель (“Книдтық Афродитас”, “Демалыс кезіндегі қуақы”), Лисипп (“Апоксимен”, “Демалыс үстіндегі Гермес”), т.б. түрлі қырынан бейнеледі. Эллиндік кезең грек мәдениетінің таралу өрісінің кеңейуімен сипатталады. Бұл кезеңнің ең әйгілі туындылары — “Самофракийлік Нике”, “Пергам мехрабының фризі”, “Милостық Венера”, “Лаокоон”. Б. з. б. 1 ғ-дың соңынан бастау алатын Ежелгі Римнің Б. ө. — ежелгі заман мәдениетінің ірі ошақтарының бірі. Ол этрусс мәдениетінің негізінде қалыптасты. Этрусс мәдениетінің таңдаулы хрестоматиялық шығармалары қатарына өлген адамның мүсіні бейнеленген саркофак-құлыптастар, Римнің негізін қалаған Ромул мен Ремді асыраушы Капитолий қаншығының мүсіні жатады. Рим өнеріндегі жетекші орынды портрет жанры алды. Оның пайда болуы да жерлеу рәсімімен байланысты. Марқұмның бетбейнесін балауызға түсіріп, оны құдайлар мүсіндерімен бірге үйде сақтау салты портреттің және қайтыс болған адамның кескін-келбетін дәл көшірудің қатаң дәстүрінің қалыптасуына себепші болды. Әсіресе, әйгілі адамдардың дәлме-дәл жасалған портреттері сақталған (б.з.б. 1 ғ-дағы Августің статуясы, император Вителлийдің портреті, т.б.). Ежелгі Римдегі Б. ө-нің дамыған саласы қабырғаға аса нәзік шеберлікпен салынған мозаикалар (мыс., Александр Македонскийдің парсы патшасы Дариймен соғысы бейнеленген мозаика) болып табылады. Ежелгі дәуірдің Б. ө-нде Солт. Қара теңіз жағалауының мәдениеті, Урарту мемлекетінің, Үндістанның, Қытайдың, Орталық Азия мемлекеттерінің мәдениеттері секілді ірі мәдениет ошақтары болды. Соғда, Бактрияның, кейін Ахемендер патшалығының Б. ө. сақтардың “жануарлық стилінің” ықпалына ұшыраған жергілікті өнердің бірегей дәстүрлері мен Көне Шығыс өнерінің әдістерін ұштастырды. Грек-Бактрия патшалығы өнерінде эллиндік көркемдік қағидалардың жалғасын табуы байқалады. Сәулет, мүсін, бедерлеу өнері жетіле түсті. Б. ө-нің ғажайып ескерткіштері Үндістанда б.з.б. 4-мыңжылдықтан б.з.б. 5 ғ-ға дейін жасалды. Үндістан өнері көне дүниенің түрлі мәдениеттерімен тығыз байланысты болды. Одан, сондай-ақ, Орталық Азия мәдениетінің де ықпалы байқалады. Ежелгі Үндістан мәдениетінің орталығы Синдтағы Мохенджо-Даро мен Пенджабтағы Хараппа елді мекендері болды. Ойылып бейнеленген абыз бен еркін де ырғақты қимыл-қозғалыс үстіндегі биші қыз, үшкелбетті құдай, киелі саналған жануарлар — бұғы, буйвол, мүйізтұмсық, піл, т.б. мүсіндері жасалу шеберлігімен, пластикалылығымен, санқилылығымен ерекшеленеді. Үндістан мәдениетінің келесі кезеңі бүкіл Ганга жазығына билік жүргізген Магадха мемлекетінде өріс алды. Бұнда брахманизм идеологиясы үстемдік етіп тұрды. Үндістанның Б. ө-нде мыңжылдықтар бойына Брама (жаратушы), Вишну (қорғаушы), Шива (қиратушы) және Индра (патша билігін қолдаушы) бейнелері, түрлі рухтар мен данышпандардың мүсіндері тұрақты кейіпкерлерге айналды. Үндістан өнеріндегі бай, пластикалық, өмірлік күш-қуат пен динамикаға толы образдар Үндістанның мифтері мен аңыздары арқылы дүниенің сұлулығы мен адамға арналған мадақ ретінде қызмет етті. Үндістанда б.з.б. 3 ғ-да Ашок патша тұсында кең таралған буддизм мүсіндік рельефтермен безендірілген ғибадатханалардың, мемориалдық құрылыстардың салынуына себепші болды. Аса көрнекті де көркем ескерткіштер ансамблінің бірі — Аджанта ғибадатханалары. Вагхора өз-нің сұлу алқабындағы жартастардан қашалған Аджанта ғибадатханаларының (барлығы 29 үңгір) қасбеттері мүсіндермен безендірілген. Будданың сансыз көп мүсіндері қабырғалардың етегіне жағалай тізіліп, олардың арасы оюлармен және Будданың шәкірттері мен серіктерінің бейнелерімен бедерленген. Құжыралардың іші түгелдей монументальді ою-өрнектер мен жазбаларға толы. Аджанта сұңғаты мен мүсіндерінің сән-салтанаты қайран қалдырады.