Файзолла Мұртазаұлы Оразаев (15.12.1938, Түркістан облысы Түркістан ауданы Иқан ауылы)- ғалым, филология ғылымдарының докторы (1975).

ҚазҰУ- ды (1960), ҚазҰПУ-дың аспирантурасын бітірген (1969). 1960 - 1966 жылдары "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетінде, "Мәдениет және тұрмыс" (қазіргі "Парасат"), "Жұлдыз" журналдарында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, "Қазақфильм" киностудиясында аға редактор, 1971 - 1980 жылдары Әдебиет және өнер институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, 1980 - 1994 жылдары ҚазҰУ-да кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1994 жылдан Алматы Халықаралық мамандықтар институтының ректоры.

Қазақ әдебиетінің түрлі мәселелеріне арналған көптеген мақалалардың, "Басты тұлға" (1973), "Жастық шақ театры" (1978), "3амана қаһарманы" (1981), "Қазақ әдебиетін зерттеушілер" (1991) зерттеу еңбектері жарық көрген. "Қазақ театрының тарихы" I және II томдар, "Стиль сыры" (1975), "Уақыт және қаламгер" (1975 - 81), "Художественное искание современной многонациональной литературы" (1980), "Фольклор. Литература и история Востока" (1984), "Қазақстандағы патша отаршылдығы" ("Царская колонизация в Казахстане", 1995) кітаптары авторларының бірі.

Оразаевтың ғылыми ізденістерінің бір саласы журналистика. Ол - "Орыс журналистикасының тарихы" (1986), "Қазақ журналистикасының тарихы" (1996, Қ. Алдабергенов пен Ж. Нұсқабайұлымен бірге), т.б. оқулықтардың авторы. Орыс жазушылары М. Горькийдің, А. Станюковичтің, өзбек жазушысы П. Қадыровтың, У. Хашимовтың шығармаларын қазақ тіліне аударған.Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6''

Дереккөздер

Санат:1938 жылы туғандар Санат:Түркістан облысында туғандар Санат:Қазақстан филологтары Санат:Қазақстан ғалымдары Санат:Қазақ әдебиетін зерттеушілер