Жақан Сүлейменұлы Ержанов (10 ақпан 1922, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қарабұлақ ауылы – 27 ақпан 2003, Алматы қаласы) — техника ғылымдарының докторы (1963), профессор (1969), Қазақстан Ғылым Академиясының (1970) және Қазақстан Республикасы Инженерия академиясының (1993) академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1971).
Арғын тайпасының Сүйіндік руының Қаржас бөлімінен шыққан.
Қазақ кен-металлургия институтын (1944, қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасын (1947) бітірген. Қазақстан Ғылым Академиясының Кен ісі институтында инженер (1942–44), кіші ғылыми қызметкер (1947–49), ҚазМУ-да (1949–51, қазіргі ҚазҰУ) аға оқытушы, Днепропетровск кен институтының доценті (1951–60), Қазақстан Ғылым Академиясының Математика және механика секторында лаборатория меңгерушісі, Қазақстан Ғылым Академиясының Математика және механика институты директорының орынбасары және бөлім меңгерушісі (1960–68), Қазақстан Ғылым Академиясы Төралқасының Бас ғылыми хатшысы (1968–76), Қазақстан Ғылым Академиясы Сейсмология институтының директоры, Қазақстан Ғылым Академиясының Жер жөніндегі ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы (1976–86), Қазақстан Ғылым Академиясы Математика және механика институтында (1987–91, қазіргі Теория және қолданбалы математика институты), сондай-ақ 1991 жылдан Механика және машинатану институтында лаборатория меңгерушісі (1991–2003) болып қызмет атқарған. Оның негізгі ғылыми еңбектері жер механикасына, жер асты құрылыстарының беріктігі мен орнықтылығын және сейсмикалық төзімділігін есептеу әдістеріне, жер қойнауындағы сейсмикалық процестерді математикалық модельдеуге, жер қабаты қатпарлануының математикалық теориясына, жердің тектоникалық даму механикасына, жердің айналуының жалпы теориясына, т.б. арналған. Ержанов 360-тан астам ғылыми-зерттеу еңбектің, оның ішінде 38 монографияның авторы. Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1974). Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.Қазақ Энциклопедиясы
Сыртқы сілтемелер http://www.math.kz/erjanov.htm
Дереккөздер
Санат:1922 жылы туғандар Санат:Павлодар облысында туғандар Санат:2003 жылы қайтыс болғандар Санат:Қазақстан инженерлері Санат:Қазақстан ғалымдары Санат:Профессорлар Санат:Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы академиктері Санат:Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Санат:Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегерлері