Индер ауданы — Атырау облысының солтүстігіндегі әкімшілік бірлік. 1928 жылы Есбол ауданы болып құрылған. Аудан орталығы — Индербор кенті.
Жалпы сипаттама Жер аумағы 10,9 мың км2. Тұрғыны 33,5 мың адам, орташа тығыздығы 1 км2-ге 3,1 адамнан келеді (2018). Құрамында 1 кенттік, 6 ауылдық әкімшілік округі және оларға қарасты 13 ауыл бар. Аудан орталығы Индербор кенті. Индербор кентінің Атырау қаласына дейінгі арақашықтығы - 200 км. Ең ірі елді мекендері: Индербор кенті, Есбол, Өрлік, Елтай, Көктоғай, Жарсуат және Бөдене ауылдары.
Жер бедері — негізінен жусанды жазық далалық. Сондай-ақ тұйықталған қуыстар, құлама сайлар, сорлар кездеседі. Сайлардың тереңдігі шамамен (1-1,5 м), олардың ұзындығы бірнеше шақырымға созылады. 6-10 м-дей ойпаңда орналасқан сорлардың суы тұзды келеді. Тұзды көлдер жазда көбіне кеуіп қалады. Онша биік емес дөңестер оңтүстік-батысында Оңдасын жалымен (Димаштөбе), солтүстігінде Тотжалмен, шығысында Көктаумен ұштасады. Бұл аумақта жүздеген қазаншұңқырлар, терең оқпандар, үлкенді-кішілі үңгірлер, жыралар кездеседі.
Географиясы, рельефі және геологиялық құрылысы Аудан оңтүстігінде Исатай, Махамбет аудандарымен, шығысында Қызылқоға ауданымен, солтүстігінде БҚО-ның Ақжайық, Жаңақала аудандарымен шектесiп жатыр.
Индер ауданы – Атырау облысындағы өнеркәсіпті және ауыл шаруашылықты аудандарының бірі. Индер ауданының жері Каспий маңы ойпатының солтүстігін алып жатыр. Ауданды екіге бөліп жатқан Жайық өзенінің батыс жағы, негізінен, жазық құмды шөл болып келеді, ал шығыс жағы үстіртті (Индер мен Жамантау тауларының теңіз деңгейінен биіктігі 52 және 26 м). Одан әрі сортаң топырақты жазыққа айналады. Индер тауында карстық опырылымдар мен үйінділер өте жиі тараған. Аймақ рельефі жазық, топырағы сазды.
Ауданның қазіргі жер бедері антропогенде болған бірнеше теңіз трансгрес- сияларымен (Баку, Хазар, Хвальн) байланысты.
Индер ауданы жерінде шығыстан Ойыл өзенінің жаңа атырауы аласара келіп ұсақ тұйық көлтабандарымен аяқталады. Бұл саздақты-құмайтты атыраудың биіктігі солтүстікте 5 м., ал оңтүстік етегінде 10-15 м. Ауданның орталық бөлігінде теңіздің шегінуінен пайда болған әр жастағы бір-бірімен жалғасқан ежелгі теңіздік атыраулары (Жайық- Көшім, Оңтүстік-Жайық маңы) жатыр.
Жайық-Көшім ежелгі теңіз-атырауы (дельтасы) Жайық өзенінің оң жағымен тұйық өзендер өңірінің арасында орналасқан. Абсолюттіқ биіктігі 0—10 м шамасы. Саздақтармен құмдақтардан түзілген және тармақталған құрғақ арналармен тілімденген. Оларды биіктігі 3—3,5 м қырқалар бөліп тұрады.
Оңтүстік-Жайық маңы теңіздік-атырауы Индер тауының оңтүстігінде Жайықтың сол жағымен шығыста Ойылдың тұйық ағынсыз атырауының арасында жатыр. Рельефі белесті-жалды болып келеді, биіктікгері 4—5 м. Ауданның батыс жартысын алып жатқан Еділ-Жайық өзендер аралығында орналасқан Нарын құмының шығыс шеті. Бұл өңірде беткі ағындар жоқ. Нағыз құмды шөлмен сипатталады. Шығысында төбешікті құмдар батысқа қарай төбешікті-қырқалы, қырқалы- шағыл құмдарға жалғасады. Қамыс, Самара көлдер ойысына жақын жатқан құмдарда аздаған айырмашылықтар бар. Қара және Сары өзендер көктемде тасыған кезде оның тармақтарымен келген немесе жерге сіңіп, жер астымен келген сулар құмдарды ылғалдандырып грунт суларын тұшытады. Индер ауданының рельефін құруда желдің маңызы зор. Құмды жазықтарда эолды-рельеф формалары кеңінен таралған. Орта төбешікті құмдардың биіктіктері 5-6 м, ал еспелі шағыл құмдардың биіктігі 18 м-ге дейін жетеді. Аудан рельефінің жалпы көрінісі ойпатты жазық болғанмен мұнда түпкілікті тау жыныстарынан түзілген, тұзкүмбездерінен жасалған Индер, Жамантау таулары бар. Оңтүстік беткейі жер қабықты тілімделіп келген.
Платформа кембрийге дейін пайда болған, екі қабаттан тұрады. Төменгі іргетасы, кристалды тау жыныстарынан тұратын бөлігі 20 шақырымдық тереңде жатыр. Оның бетін кейінгі эралардың (палеозой, мезозой және кайнозой) шөгінді тысы жапқан. Ауданның жер бетінде неогеннің құм-саз құрылымынан тұратын шөгінді жыныстар кеңінен таралған. Ежелгі тау жыныстарынан пермь кезеңінің Кунгур ярусының шөгінділері Индер тауында жер бетіне шыққан. Олар тастұзынан, гипсінен, гипсті- мергельді тақта-тастардан түзілген.
Халқы 1939 1959 1970 1979 1989 1999 2009 2023 25360 15077 22395 22299 27571 29032 30582 32826 Тұрғыны 2021 жыл басында 32 254 адам болды.https://stat.gov.kz/region/252311/statistical_information/industry/2361 Жекеленген этностары бойынша халық саны төмендегіше бөлінеді:(2021 ж.) Қазақтар –31 140 адам Орыстар -906 Татарлар -75 Өзбектер 53 Қарақалпақтар -19 Шешендер – 12 Немістер -11 Даргиндер -5 Грузиндер -4 Корейлер -2 Болгарлар -2 Лактар -1 Басқа ұлттар -24
Халықтың 1 км2-ге шаққандағы орташа тығыздығы — 2,7 адам.
Тарихы Қараңыз:Индер ауданындағы орыс казак станицалары
Аудан аумағын ақ гвардияшылардан тазарту үшін 1919 жылдың 22 желтоқсанынан 1920 жылдың 3 қаңтарының кешіне дейін В.И.Чапаев дивизиясы ұрыс жүргізді. Азат етілген елді мекендерде Горы, Гребенщик, Кулагино, Өрлік, Зеленый селолық кеңестерін құру қолға алынды. Олардың бәрі де Зеленый болыстық атқару комитетіне бағынды. Ал Зеленый болыстық комитеті 1920 жылы 6 қаңтарда құрылған Гурьев уездік революциялық комитетіне бағынды. Түрлі себептермен 1923 жылдың аяғында Зеленый болыскомы таратылып, оның орнына Топайлы болыскомы құрылып, орталығы әуелі Топайлы, кейін Кулагино ауылы болды. Оған бұрын орыстар көбірек мекендеген 11 ауыл қарады, оларда 1927 жылы 8299 адам тұрды. 1928 ж. республика бойынша жаңаша әкімшілік-аумақтық аудандастыру шаралары жүргізілді. Бес басқышты (ауыл-село, облыс, уезд, губерния, өлке) баскару жүйесінің орнына төрт басқышты (ауыл-село, аудан, округ, өлке) басқару жүйесі енгізіліп, 1928 ж. 6 мамырда Гурьев округі кұрылды. Оның кұрамына кірген жеті әкімшілік бөліктің бірі — Есбол ауданы. 1928 ж. 17 қаңтарда құрылған Есбол ауданының орталығы № 9 ауыл болған. Ол екі жылдан кейін таратылып, Гурьев ауданының кұрамына енгізілген. Жайықтың оң бетіндегі кұм ішіндегі ауылдар да кеңестерге біріктірілді. 1931 жылы Толыбай және Мәмбет кеңестері құрылып, бұл ауылдық кеңеске төрт мал серіктігі қараған. Олар: “Шұбалаң”, “Тұрмантай”, Үлкеншағыл”, “Жұлдыз”. 1939 жылы бұл серіктіктер таратылып, Жайық бойындағы шаруашылықтарға қосылды. 1933 ж. Гурьев өз алдына облыс болып жариялануына байланысты сол жылдың 26 тамызындағы округгік комитеттің шешімімен Есбол ауданы қайта құрылып, орталығы Кулагино селосы болып бекітіледі. Оның құрамына 28 ауылдық, селолық кеңес кірген. 1942 жылы жазында Мәмбет ауылдық кеңесі таратылып, оған қарасты “Мәмбет”, “Энгельс”, “Еңбек” шағын шаруашылықтары тиісінше Зеленый, Жарсуат, Бөдене ауылдарындағы ұжымшарлар құрамына енгізілген. Аудан 1963 жылы көршілес Бақсай ауданымен біріктіріліп, 1964 ж. қайта бөлінді. Содан Индер ауданы атанып, орталығы Индербор кенті болды.
Әкімшілік бөлінісі Қараңыз:Қазан төңкерісіне дейінгі Индер аймағының аумақтық бөлінісі center|300px 13 елді мекен 6 ауылдық округ пен 1 кенттік әкімдікке біріктірілген: Әкімшілік бірлік Орталығы Елді мекендері Халқы (2021) Индербор кенттік әкімдігі Индербор кенті 1 15664 Бөдене ауылдық округі Бөдене ауылы 1 1560 Елтай ауылдық округі Елтай ауылы 2 3186 Есбол ауылдық округі Есбол ауылы 2 4426 Жарсуат ауылдық округі Жарсуат ауылы 5 2696 Көктоғай ауылдық округі Көктоғай ауылы 1 2465 Өрлік ауылдық округі Өрлік ауылы 1 2505
Ірі елді мекендері Атауы Статусы Халқы (2021) Индербор кент 15664 Есбол (Кулагино) ауыл 3953 Өрлік ауыл 2505 Көктоғай (Зелёное) ауыл 2465 Елтай ауыл 2325 Жарсуат ауыл 1964 Бөдене ауыл 1560 Аққала (Горы) ауыл 861 Құрылыс ауыл 599
Әкімдері Дүйсенғали Төленов Сағидолла Құлғалиев Нұрлан Мұханбетқалиев 2006-2008 Талғат Досан 2008 Әлібек Нәутиев 2008-2009 Жанкелді Рахметқалиев 2009-2012 Берікқали Сәрсенғалиев 2012-2013 Серік Арыстан 2013-2019 Мейірім Қалауи 2019-2021 Салауат Өтеғұлов 2021-2022 Дарын Шамұратов 2022-2024 Серік Нысанбаев 2024-
Климаты Индер ауданы мұхиттардан қашық жатуына байланысты олардың климатты жұмсартарлық әсері байқалмайды. Сол сияқты Каспий теңізінің әсері де тек қана жағалауларында сезіледі. Аудан аумағының климаты арктикалық, иран және тұран ауа массаларының әсерінен қалыптасады. Жылдың салқын кезінде мұнда Сібір антициклонының батыс тармағын (Воейков осінен) келген ауа массасы үстем болады. Жылы кезде олар Орта Азиямен Ираннан келген ыстық тропиктік ауамен алмасады. Осы ауа массаларының әсерінен өте қуаң шұғыл континентгік шөлейт климат типі қалыптасады. Жылы атлант ауа массаларының да аудан аума- ғының ылғалына әсері мардымсыз, өйткені жолда күшті өзгеріске үшырап жетеді және жазық жер бедерінің үстімен тоқтамай өтіп кетеді. Шұғыл континенттік климат жыл мезгілдерінде үлкен айырмашылықтармен сипатталады. Жазы өте ыстық, қысы суық, түсетін жауын-шашын аз, ал буланушылық өте көп болуынан байқалады.
Индер ауданының климаты метеостансалардың мәліметтері бойынша, ең салқын ай қаңтарда -13,0°С. Жалпы қыс қоңыржай салқын, онша ұзақ емес. Жаз аудан аумағында ыстық және ұзак болады. Ең жылы шілде айының орташа температурасы +25,0°, бірақ кей жылдары ауаның темературасы +45°С дейін көтеріледі. Орташа жылдык температураның амплитудасы (айырмашылығы) 37°С.
Жауын-шашынның жылдық мөлшері 242-282 мм. Қуаңшылық жылдары 80 мм-н аспаған (1891). Жауын-шашын көбінесе батыстан келетін циклондарға байланысты салқын кездерде түседі. Қар жамылғысының қалындығы 10 см-ден аспайды, желтоқсан айының екінші онкүндігінен бастап 2—3 ай бойы сақталады. Ал жазда буланушылық (ылғалды жер, су бетінен ауаға булану) 800—900 мм.
Өзендері мен көлдері Индер ауданы бүкіл облыс жерлері сияқты су қорына өте тапшы аймақтардың қатарына жатқызылады, яғни жерінің аумағына шаққанда мұндағы су мөлшері өте аз. Есепке алынған өзен-көлдердін су деңгейлері де жыл мезгілдерінде кенет өзгеріп отырады. Ірілері тартылып, ұсақтары құрғап қалады. Басты өзені — Жайық, Атырау облысының үлесіне 323 км бөлігі тиетін болса, соның 150 км-дей ұзындығы Индер ауданының жерімен солтүстіктен оңтүстікке ағып өтеді. thumb|right|250px|Индер кенті тұсындағы Жайық өзені Судың тасу кезінде (мамыр айында) өзен деңгейі сабасынан (межень) орташа 4— 5 м көтеріледі, су көп жылдары 10 м жоғарылайды. Аудан жерінде су тасқыны пайда болып, жайылмаларды, өзен террасаларын бірнеше километрге жайылып су басады. Бағырлай, Бағырлайсай өзендерінің, көптеген көлдердің деңгейі көтеріледі. Жалпы өзен жайылмалары әр бір екі жылда, өзен террасалары әрбір 5-6 жылда су астында қалып отырады. Аудан жерінде Жайық, Бағырлай, Алғабас, Құрайлы өзенінің екі жағындағы өзен аңғарлары арқылы салынған, Ақсай суару-суландыру жүйелері бар.
Ауданның ірі көлі — Индер. Ол тұзды, тұйық көл. Жайық өзенінің сол жағында 15 км жерде орналасқан. Ауданы 110 км2, ұзындығы 13.5 км, ені 11 км, терендігі 0,7 м, жағалау сызығы 40 км. Тектоникалық жолмен пайда болған, жер қыртысының төмен түскен жері. Жағалары саздақты, су бетіне- қарай 4—8 м құлама тік жар. Қоректену көзі айналасындағы саздардан шығатын тұзды бұлақтар. Су жинайтын алабы 425 км2. Индер көлі мен шығыстағы Ойыл өзендерінің аңғарындағы Ақтөбе, Отаркөл, Бөлекаяқ, т.б. көлдерден тұрады. Бөлекаяқ көлі ауданның солтүстік шығысында ең төмен бөлігіңце орналасқан. Абсолюттік биіктігі — 17,5 м, ауданы 13,5 км2, ұзындығы 9,5 км, енді жері 2,1 км, жағалау сызығының ұзындығы 34,4 км. Ауданның шығысында Отаркөл көлі жатыр. Теңіз деңгейінен биіктігі — 8,5 м, ауданы 3 км2, ұзындығы 3,4 км, ені 1,7 км, жағалау сызығы 12 км. Оның солтүстігінде жатқан Ақтөбе көліне Ойыл өзені құяды. Бөлекаяқ өзені ағып шығады. Абс. биіктігі — 5 м., ауданы 5,5 км2, ұзындығы 5 км, ені 3 км, жағалау сызығы 17,5 км.
Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі Өсімдіктерден шөлейт аймаққа тән қара жусан, көкпек, изен, еркек шөп, қияқ, т.б. өседі. Жайық аңғарындағы тоғайлы алқаптар, Тайсойған, Мәмбет, Қараой кұмды өңірлері бай келеді. Жайықтың екі жағы қалың тоғай. Құмдардың шығысында топырақта дақылдардан бидайық, айрауық, арпабас, аздап бұталар - ақтал, жыңғылдар кездеседі. Қырқалар төбешіктер мен жазықтарда жусанды, бұйырғын өсімдіктері өседі.