Отырар ауданы — Түркістан облысының батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Батысында Қызылорда облысымен, солтүстігінде Сауран ауданымен, шығысында Ордабасы ауданымен, оңтүстік-шығысында Арыс қаласына қарасты аумақпен, оңтүстігінде Шардара ауданымен, оңтүстік-батысында Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Жер аумағы 16,8 мың км² (облыстың 14,4%-ы). Тұрғын халқы 51,6 мың адам (2023). Әкімшілік орталығы — Шәуілдір ауылы.

Географиялық орны Солтүстігінде Сауран ауданымен, шығысында Ордабасы ауданымен, оңтүстігінде Шардара ауданы және Арыс қаласымен, батысында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен, оңтүстік-батысында Өзбекстанмен шектеседі.

Әкімшілік-аумақтық бөлінісінің тарихи қалыптасуы Ауданның қазіргі әкімшілік-аумақтық шекаралары XX ғасырдың алғашқы ширегінде қалыптаса бастады. Оған дейін осы аумақ Түркістан генерал-губернаторлығының құрамындағы Сырдария облысына (орталығы — Ташкент) қарады. Құрылымы 1867 жылы шілдеде бекітілген "Жетісу және Сырдария облыстарын Уақытша басқарудың Ережесіне" сәйкес анықталды да, оған бұрынғы Сырдария желісінің аудандары, сонымен қатар Ресейге қосылған Қоқан хандығының 7 уезі (Әулие ата, Қазалы, Құралы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Хожант) және 2 аудан (Жызақ, Ұратөбе) енгізілді.

Қазан революциясынан кейін аудан аумағында қайтадан құрылымдық өзгерістер басталды.

1920 жылы 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) АКСР-ін құру туралы декрет қабылданды. Қазақ халқының көп бөлігі қоныстанған Жетісу және Сырдария облыстарының аумағы Түркістан АСКР-інің құрамында калды.

1924 жылы 11 қазанда Республикалық Коммунистік Партияның Орталық Комитетінің қаулысымен Орта Азия Кеңестік республикаларының межеленуі мақұлданып, нәтижесінде Әулие ата, Ақмешіт, Қазалы, Түркістан, Шымкент уездері және Ташкент уезінің 10 болысы, Мырзашөл уезінің 2 болысы, Самарқанд облысының 6 болысы бар Сырдария облысы Қазақстан құрамына енді.

Кейінгі жылдары губерниялық және округтік бөлініс кезінде аудан аумағындағы қазіргі ауылдық округтер мен елді мекендер — ұжымшылар ретінде біріге бастады. Сөйтіп, бұл өңірде алғашқы бес ұжымшар ұйымдастырылды. Олар: "Абад", "Кеңес", "Жаңаарық", "Отырар", "Қызыл Түркістан".

1932 жылы "Талапты", "Қарғалы", "Қоғам", "Байылдыр", "Ынталы" ұжымшарлары құрылды. 1934 жылы 27 желтоқсан күні № 106 бюро қаулысымен Шәуілдір ауданын құру туралы шешім қабылданып, Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің 1935 жылы 16 ақпандағы бюро қаулысында Түркістан және Шәуілдір аудандарының шекаралары белгіленді. Крупская атындағы, "Интернационал", Құлымбетов атындағы, "Ақтөбе", "Беларық", "Сталинабад", "Кеңес", "Отырар", "Қызыл Түркістан", "Талапты", "Ынталы", "Қоғам", "Байылдыр", "Қарғалы", "Ногин" (қазіргі Д.Алтынбеков), "КСРО-ның 60 жылдығы" кеңшарлары құрылды. Жер серіктестіктері, ұжымдық шаруашылықтар: Маяқұм, Құмкөл, Шеңгелді (Ұзынқұдық), Ақкөл, Балтакөл, Жаңашардара, Aқынтоғай, "Овцевод", "Ызакөл", "Сарыкөл", т.б. елді мекендер жаңа аудан құрамына енді. Алғашқы жылдары 5 ауылдық кеңес, 33 ұжымшар, жер серіктестіктері (барлығы 3710 үй) болды.

Аудан орталығы ретінде жаңадан ұйымдастырылған ұжымшарлардың ортасындағы Қаракөншек төбесі таңдап алынды. Шәуілдір ауданы партия комитетінің 1-ұйымдық мәжілісі 1935 жылы 12 ақпанында өтті. Бұл мәжіліске Н.Жөлелов, Д.Алтынбеков, Ұсабаев, Емельянов, Бұхаров, Антоненко, т.б. қатысты. Аудандық партбюро құрылып, оның құрамына аудандық партия комитеті хатшысы Н.Жәлелов, аудандық атқару комитеті төрағасы Д.Алтынбеков, Машина-трактор станциясы директоры Гайнуллин енгізілді. Осы қаулымен кеңестердің ұйымдастыру бюросы құрылып, оның төрағасы болып Д.Алтынбеков сайланды. 1962 жылы өлкелік әкімшілік-аумақтық бөліну кезінде Оңтүстік Қазақстан — Шымкент облысы болып өзгерді. Ӏрілендірілген өнеркәсіптік басқармалар ұйымдастырылып, Шәуілдір ауданы Арыс ауданының құрамына өтті.

1963 жылы бұрынғы Шәуілдір ауданы негізінде Қызылқұм ауданы ұйымдастырылды. Аудан құрамына Ақынтоғай, Жаңашардара, Задария, Қызылқұм, Маяқұм, Отырар, Тақыркөл, Темір, Шардара, Шеңгелді, Шымқорған, Шәуілдір, Сырдария, Ақтөбе ауылдық кеңестері енді. Сол жылы Шымқорған, Қызылқұм ауылдық кеңестері Өзбек КСР-нің Сырдария облысына, 1964 жылы Задария ауылдық кеңесі Бөген ауданына, Шеңгелді ауылдық кеңестері Шардара ауданына берілді. 1967 жылы құрылған Қандөз ауылдық кеңесі 1970 жылы Қызылорда облысының құрамына енді. 1964 жылы Қожатоғай, 1965 жылы Балтакөл, Талапты, 1971 жылы Шілік ауылдық кеңестері құрылды.

1986 жылы ауданда 11 ауылдық кеңес болған. 1991 жылы 18 қаңтарда Қызылқұм — Отырар ауданы болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы 1993 жылы 9 желтоқсандағы "Жергілікті кеңестердің өкілеттігін шұғыл тоқтату туралы" Заңына сәйкес, ауданның ауылдық кеңестері кызметін тоқтатып, 1995 жылы 5 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қаулысымен, өзіне бірнеше елді мекендерді қамтитын ауылдық кеңестер шекараларында ауылдық округтер құрылды.

Табиғаты Тұран ойпатының орта тұсында орналасқан аудан жері негізінен жазық келеді. Оның басым бөлігін Сырдария өзенінің орта ағысымен Қызылқұм құмды алқабы алыл жатыр. Қызылқұмда көптеген құдықтар (Қасымбет, Дүйсенбай, Дәуренбек, т.б.), қыстаулар (Есенгелді, Босаға, Орынбай, т.б.) бар. Қаратау жотасының батысын және Қызылқұмның шығысын ала сексеуілді тоғайлар көмкерген. Сырдария аңғары мен Қызылқұмда Балақарақ, Мұрынқарақ, Қарақ, Қыл, Тастөбе, т.б. ежелгі тау жұрнақтары сақталған. Олардың кейбіреуінің пішіні төрткүлді келген. Қызылқұмның орта тұсында сусымалы шығыр құмнан тұратын Үрме өңірі орналаскан.

Геологиясы Отырар ауданының жер қыртысын Тұран плитасының эпигерциндік құрылымынан (Сырдария депрессиясы) түзілген. Ӏргетасы мезокайнозой дәуіріне жатады. Оның тереңдігі ауданның оңтүстігінде 2000 метр, ал Сырдарияның оң жағалық аңғарында 1500 метрдей. Эпигерциндік платформаның антиклиналь осі ауданның шығыс бөлігінде (Қаратау жотасы маңында). Сырдария аңғарына дейінгі (шығыс бөлігі) орта және төмені төрттік жүйенің тау жыныстарынан тұрады. Тектоникалық құрылымы жағынан Қызылқұм бөлігі бірнеше құрылымдық қабаттан тұрады. Бұл өңірдің жер қыртысы бірнеше жарылыстармен қиылған палеозойдың магмалық шөгінді жыныстарынан құралған.

Қабаттар өз кезегінде Қызылқұм өңірінің палеозойлық табанын жаңартып, өте жалпақ белдерге (Кемпір, Балтакөл, Босаға, Шөл-Шардара, т.б.), науаларға (Жауғаш, Арыс, Келес) бөлген. Жер асты суы жоғары бор шөгінділерінің құмды қат-қабатында. Палеоген-неоген сулы кешендегі су қабаттары 800—100 метр тереңдікте кездеседі және оның температурасы 50—75°С. Литологиялық тұрғыдан қабат құмды-саздақты. Бор қабатындағы (1800-2900 метрде) су температурасы 100°С, Юра қабатында (2900- 3200 метрде) 150°С-қа жетеді. Суы кремнийлі-термальді, минералды суларға жатады. Жер асты сулары Арыс, Қызылқұм және Оңтүстік Қаратау артезиан алаптарына тиесілі.

Суының кермектілігі: Қызылқұмда 3—5 г/л, Арыс—Сырдария аралығында 5—8 г/л. Жер асты грунт сулары 2—5 метр терендікте (Сырдария, Арыс өзені аңғарында), Қызылқұм өңірінде 5—8 метр, кейде 8—12 метр тереңдікте кездеседі. Артезиан сулары негізінен палеоген-неоген қабаттарында (30—50, кейде 80—105 метр). Отырар ауданының жер қойнауынан графит, тас көмір, алтын, уран, құрылыс материалдары барланған.

Климаты Отырар ауданының климаты қоңыржай континенттік. Қары аз, қысы жұмсақ. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы ауданның солтүстігінде (Түркістан өңірінде) -5—7°С, оңтүстігінде (Қызылқұм өңірінде) -3—5°С, жаз айлары барлық өңірінде 26— 28°С. Қыс айларындағы төменгі температура -38°С, жаз айларында 52°С. Күн радиациясының жылдық жиынтық мөлшері 3200— 3400 сағ/жыл. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 170 миллиметрден (Қызылқұм өңірінде) 300 миллиметрге дейін. Қыстағы желдің басым бөлігі (45%) солтүстік-шығысқа, жазда солтүстікке (45%) келеді.

Аудан жері арқылы Қаратау жотасынан (солтүстік-шығыстан) әйгілі Арыстанды-Қарабас желі тұрады. Ол Арыстанды өзенінен бойлай оңтүстік-батысқа қарай бағытталған. Желдің күші 30—35 метр/секундқа дейін жетеді және кемінде 6—8 күн бойы қатарынан соғады. Қыста ауа температурасын тез төмендетіп жібереді (-22°С-қа дейін). Ал жазда соққан бұл жел аңызақты келеді. Нәтижесінде қуаңшылық болып, шаруашылыққа үлкен зиян келтіреді. Бұл желдің күштілігін осы салада зерттеу жүргізген ғалымдар Х.Ахмеджанов пен С.Төребаева: "Біріншіден, ауа ағыны Қызылту мен Шақпақ аралығындағы тау асуынан өткенде жылдамдығы артады, екіншіден, Арыстанды өзенінің арнасында тау аңғарындағы ауа циркуляциясының әсерінен оның екпіні одан да күшейеді.

Арыс маңындағы ауа кысымы Мойынқұм үстіндегі қысымнан артық болған жағдайда жалпы атмосфералық циркуляция заңдылығы бойынша жел оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай соға бастайды. Бұл бағытта жел түнге қарағанда күндіз күштірек соғады" деп түсіндіреді.

Гидрологиясы Аудан арқылы Сырдария және оның Қазақстандағы жалғыз ірі саласы — Арыс өзені ағып өтеді. Арыс өзені Көкмардан ауылы тұсында Сырдария өзеніне құяды. Өзеннің осы тұсын Құйган деп атайды және ол бүкіл Отырар оазисінің (шұратының) кіндігі саналады. Арыстың (оған 91 сала құяды) суымен ауданның 7,0 мың гектар жері суарылады және 50 мың гектар жерді суландыруға болады. Орталығы Тянь-Шаньнан бастау алатын Сырдария (ежелгі аты — Сейхун) Қазақстанда Машат, Келтемашат, Балабөген, Бөген, Шаян, Ақсу салаларына бөлінеді. Ортағасырлық автор Рузбехан өзінің еңбегінде Сырдария өзеніне: "Бұл өзен 300 ташка (2000 километр) дейін ағып Қарақұмның құмдарында жоғалып кетеді.

Өзен ағып өткен жерлерде жемдік шөптер мен көптеген каналдар тартылған. Ешбір жер жүзінің бір елінде Сырдария сияқты пайда келтіретін өзен жоқ; шөбінің қалыңдығы, өзен жағалауындағы өсімдіктің және жабайы құстардың көптігі жағынан оған тең келер өзен жоқ. Неше түрлі гүлге толған жағалауында әр түрлі құстар, жабайы есектер (құландар болуы керек — редакция), қарақұйрықтар және басқа да жануарлар мекендейді, сондай-ақ жел мен құйын өтпейтін арша өсетін тоғайлар бар" деген сипаттама берген. Көктемгі тасқында Сырдария және Арыс өзендері жағалауларынан асып, үлкен аумақты алып кетеді. Әли ибн әл-Хусейн әл-Мақсуди 947—950 жылдары құрастырған тарихи-географрафиялық шығармасында Отырар оазисіндегі (шұратындағы) су тасқыны туралы жазған. Мұндай су тасқыны қазіргі уақытта да болып тұрады.

1944 жылы Арыс өзені тасып, сағасындағы бірнеше ауылды, ал 1947 жылғы су тасқыны бүкіл аудандар және Сырдарияның ескі мойнын да басып қалды. 1969 жылы қыстың қатты болуы мен қардың көп жаууы, одан ауа райының күрт жылып кетуі су тасқынына себеп болды, нәтижесінде су Жалпақтөбе, Оқсыз жанындағы шұқырларды толтырды. Шәуілдір ауылы су астында калу қаупі төнді. Сырдария тасығанда өзінің екі қапталындағы тоғайды түгел су алып, мал жайылымын қысқартып, тасыған су дарияның екі жағындағы шағын көлдерді суға толтырады. 2004 жылы Сырдарияның арнасынан асуы Маякум ауылы тұрғындары шаруашылығына зиянын тигізді. Аудан жерінде үш өзен бойын¬да жаз айларында тартылып қалатын 17-ден аса үлкенді-кішілі көлдер бар. Бөген өзенінің аяғындағы Шошқакөл мен Сырдарияның оң жағындағы Сарыкөлде су жылдың төрт мезгілінде де онша өзгеріске түсе бермейді. Дарияның аңғарында Көккөл, Ақшығанақ, Көксарай, Тақыркөл, Соркөл, Шыбық, Қарасу, Сумағар, Байраш, Көлқұдық, Жаманкөл, Сырқамыс (Сарықамыс), Бөгенбай, Мәслихат, т.б. көлдері бар.

Көлдердің айналасы қысы-жазы мал жайылымына пайдаланылады. Қазіргі кезде кейбір көлдерден қосымша арық-тоғандар қазып, егістік жерлерге су алынуда. Бұларға қосымша Сырдарияның Өгізсай, Жарылқапсай, Ақсу деп аталатын тармақтары бар. Өгізсай Сырдың сол жағалауындағы дарияның ескі арнасы (ұзындығы 200 километрге, ені 80—300 метрге жуық). Ол Шардара бөгенінен бастау алып, Қызылқұм шөлінің Сырға жақын тұсындағы Балақарақ, Мұрынқарақ тау тізбегінің етегін алып, Табабұлақ тұсынан Сырға жақындай түседі де, Шәуілдір, Әл-Фараби, Балтакөл ауылдарылың үстінен өтіп, Қызылорда облысында Жаңақорған ауданының жеріне енеді. Жаңақорған ауданындағы Қалғандария орны негізінен Өгізсайдың арнасы болғанға ұқсайды. Кейіннен халық бұл суы жоқ арнаның осы бөлігін Қалғандария деп атап кеткен болса керек.

Топырағы