«Абай Құнанбаев», Мұхтар Әуезовтің ғылыми еңбектерінің жинағы. Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты «Санат» баспасынан 1995 ж. жарық көрген. Кітап екі бөлімнен тұрады. «Монографиялық зерттеу» атты алғашқы бөлімге Мұхтар Әуезовтың Абай туралы ғылыми зерттеулері енген. Бұларда ұлы ақынның туып-өскен жері, балалық-жастық шағы, ақындық ортасы, шеберлігі, әлеуметтік саяси, қоғамдық, діни, дүниеге көзқарасы, балалары Ақылбай мен Мағауияға әдеби тағылымы, өзінен кейінгі қазақ әдебиетіне жасаған ықпалы жан-жақты әрі терең баяндалған. Екінші бөлімдегі: «Абайдың ақындық айналасы», «Абай жайын зерттеушілерге», «Орыс классиктері мен Абай», «Абай еңбектерінің биік нысанасы», «Абай мұрасы жайында», «Сәбит Мұқановтың «Абай Құнанбаев» атты монографиясы туралы», «Әбіш Жиреншиннің «Абай Құнанбаев» деген кітабы туралы пікір», «Көкбайдың ақындығы» дейтін мақалаларында Мұхтар Әуезов Абай шығармаларының өз кезіндегі және одан кейінгі қаламгерлерге қаншалықты зор әсер еткені, сондай-ақ Абай сынды сөз алыбын байыппен, ұқыпты, бура тартпай, жете зерттеу, оның шәкірті Көкбай Жаңатайұлының өмірі мен шығармагерлігі, абайтануға қоскан үлесі туралы сөз етеді. Жинақ Мұхтар Әуезовтің «Абай Құнанбаев» (1967), «Жиырма томдық шығармалар жинағы» (1979-85), «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» (1988) атты басылымдары негізінде әзірленген. Қурастырған Н. Ақбаев. Кітап студенттер мен көпшілік оқырмандарға арналған. Көлемі 17 баспа табақ, таралымы 12 мың дана.Мұхтар Әуезов энциклопедиясы Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл. ISBN 987-601-282-175-8
Дереккөздер
Санат:Кітаптар