Қазақ мәдениетіндегі діни жүйелер мен типтер - Қоғамның маңызды бір саласы дінді қамтымай мәдениет толымсыз болар еді. Егер біз мәдениетті адамның дүниедегі болмыс тәсілі деп қарастырсақ, онда дін осы болмысқа мағыналық және тұрақтылық беретін күшке жатады. Шынында да, адамды қаншама құдіретті деп көтерсек те, оның болмысы қайшылықтарға толы: өмір және өлім, пендешілік және руханилық, өзімшілдік және альтруизм, ләззат және парыз, қиратушылық және жасампаздық және тағы басқалары Біздің ойымызша, діннің басты қызметі адамдық қарым-қатынастарды белгілі бір тәртіпке келтіріп, оның құдіреттілігі мен қасиеттілігіне адамдарды иландыру, сендіру. Бұл жағынан алғанда дін мәдениеттіліктің бастама қайнарларына және оны қорғаушы күшке жатады. Тынымсыз соқыр сезімдер мен тылсымдық эгоизмге тоқтау қою керек болды. Бұл шектеу жеке адам үшін аса құдіретті (қолдайтын не жазалайтын) Жаратушының алдында бас июге мәжбүр етті. Ал оның қаһарынан қорқу немесе қолдауынан дәмелену қауымда белгілі бір реттілік бойынша атқарылатын дәстүрлі, сакральды, рәміздік әдеп-ғұрып жүйесін қалыптастырды. Бұл сипатта діннің ритуалдық қызметінің маңызы зор. Қазақтың діни жүйелері, рухани мәдениеттілік
Алайда, дін тек салт-дәстүр, әдеп-ғұрып шеңберімен шектелмейді. Ол, жоғарыда айтып кеткеніміздей, рухани мәдениеттіліктің баламасы, дүниетанымның бір бітімі, дүниедегі бағдар мен жол көрсетуші. Кез келген дін нақтылы бір наным-сенім жүйесінен тұрады. Дінді тек құдайға ғана сенушілік деп шектеуге болмайды. Құдай ұғымы жоқ діндердің де болуы мүмкін (буддалық, конфуцийлік, даостық, шамандық). Мәдениеттану тұрғысынан, тіпті, кейбір әсіре дәріптелген және оған адамдардың көпшілігі иланған әлеуметтік жүйелер мен автократтық тәртіптердің де дінге ұқсастық белгілерін байқаймыз (мысалы, социализм, бонопартизм, сталинизм, әр елдердегі кішігірім «құдайлар» және тағы басқалары). Танымға адам қандай құмар болса, сенім де адамзаттық мәдениеттің түбегейлі қасиетіне жатады.
Ғылыми және бұқаралық әдебиеттегі анықтамалар
Бұл мәселенің типологиялық жақтарын зерттеусіз қазақтың төлтума мәдениетін түсіну күрделі. Оған көз жеткізу үшін қазіргі ғылыми және бұқаралық әдебиеттегі анықтамалар мен пікірлерге назар аударсақ жеткілікті. Ең жиі кездесетін қөзқарас және оны білдіретін сөз тіркестері:
«қазақтар исламды формалды түрде кейін қабылдаған, ол ұлттық мәдениетке теріс әсерін тигізген» (миссионерлік көзқарас); «қазақтардың дәстүрлі мәдениетінде исламнан гөрі шаманизмнің, зороастризмнің, тәңірілік діннің ықпалы басым, сондықтан соңғыларды қайтадан жандандыру қажет» (архаистік пікір); «оңтүстіктегі қазақтарда мұсылмандық менталитет басым болса, басқа аймақтарда ислам онша тарамаған, олардың кейбіреулері, тіпті, буддалық, христиандық-несториандық, мәжусилік сенімде болғандардың ұрпақтары» (ажыратушылық көзқарас); «қазақтар ислам дінін Орта Азия және Еділ бойы халықтарының ықпалымен қабылдаған» (сыртқы әсер ілімі); «қазақтардың діні көне мифологиялық және салттық (ритуалдық) деңгейден шықпаған» (мифтік-салттық көзқарас).
Қазақ мәдениетінің кеңістік пен уақытты меңгеру бітімдеріне, оның автохтондығы мен гомогендігіне, сұхбаттық ареалына, архетиптері мен хронотоптарына, шаруашылық-мәдени және әлеуметтік типтеріне сүйене отырып, төмендегідей дүниетанымдық діни типтерді атап өтуге болады:
а) генотиптік діндер жүйесі; ә) сырттан қабылданған, «кірме» діни жүйелер; б) ислам.
Олардың үлес-салмағы тарихи жағдайлар мен уақыт кезеңдерінде әртүрлі болды. Мына бір кестеге назар аударайық:
Кеңістік аясы Уақыт ШМТ Әлеуметтік тип Негізгі діни жүйелер Еуразиялық Дала Мифологиялық кезең Көшпелілік Рулық-тайпалық қоғам Генотиптік діни жүйелер Еуразиялық Дала мен таулы-қыратты аймақ Архетиптік кезең Көшпелілік және оазистік диханшылық Генотиптік қоғам және номадалық империялар Генотиптік, зорорастризм, буддизм, шығыс христиандары Еуразиялық және афроазиялық ареал Өркениетті кезең Көшпелілік және оазистік диханшылық Елдік және генотиптік қоғам Ислам және генотиптік діндер Кіндік Азия Дәстүрлік уақыт Көшпелілік және оазистік диханшылық Ұлттық және ата-тектік Генотиптік діндер және ислам Қазақстан Инновациялық уақыт Өтпелі тип Отарлық ауыл Ислам
Жоғарыдағы кестеге көңіл бөлсек генотеистік нанымдардың көне тарихта басым болғандығын байқаймыз. Генотиптік діни жүйе деп рулық-тайпалық қауымға тән арғы ата-текті қастерлеп, оларды жаратушы және қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы шешуші күш ретінде қабылдайтын сенімдер мен нанымдардың бірлігін айтады. Генотиптік сенімнің орталық бейнесі — аруақ. Әлі күнге дейін қазақтар аруақ пен құдайды қатар атайды: «Иә аруақ, иә құдай, қолдай көр, пәле-жалаңнан сақта!» Ш. Уәлихановтың пікірі бойынша, қазақтар өмірдің қиын сәттерінде өздерінің ата-бабаларының есімдерін еске алады. Кез келген табыс аруақтың қолдауымен болады деп есептейді.
Аруақ туралы пікір
Аруақты құдай тұту көшпелілердің ата-тектік әлеуметтік типімен тікелей байланысты. Әрбір рудың өзінің ұраны болған. Ұран ретінде, әдетте, өзінің аты халық жадында ерлігімен және елдігімен көзге түскен тұлғалардың есімі алынады. Мысалы, қалмақтармен соғыста қазақтар Алланың атынан гөрі Абылайды, Қабанбайды, Малайсарыны тағы басқа ұрандап, қақтығысқа қызу араласып кеткен.
Ата-бабаларды пір тұту дәстүрі көне діни сенімдермен тығыз байланысты болды. Айталық, көшпелілер басқа да халықтар тәрізді жанның мәңгілігі және өлмейтіндігі туралы анимистік көзқарасты қолдаған. Түрік тайпалары өлген адаммен бірге молаға оның қаруын, жеке заттарын және тұлпарын бірге көмген. Ә. Төлеубаевтың пікірі бойынша, «ас» беру салты алдымен өлген адамға арналған, кейін Бұл дәстүрлік салт еске алу кейпіне енген. «Әкесіне ат мінгізіп жіберді, аруағын — сыйлады» тіркесі осыдан қалған. Ал әкесінің аруағын сыйлай білмегенді келемеждеп: «Әкесіне сиыр мінгізді» деген.
Қазақтардың исламға дейінгі діни жүйесінде анимизмнің генотеизммен тұтасуының басқа да мысалдары әдебиетте көптеп келтіріледі. Халық түсінігінде жанның үш түрі болған: ет-жан, шыбын-жан, рухи-жан. Адам пәни дүниеден кеткеннен кейін, оның ет-жаны төменгі дүниеге ауысқан. Шыбын-жан көк жалын түрінде қайтыс болған адамды тастап, ұшып кеткен. Ал рухи-жан аруақтарға ауысқан. Аруақ дегеніміз осы рухтың бітімдік қалпы.
Көне тотемдік нанымдар
Көне тотемдік нанымдар да түрік халықтарында генотиптік сипатта болған. Тотем-көкбөрі жөнінде жоғарыда тоқталып өткен болатынбыз. Тотемдік мағынаға қасқырдан басқа бұғы, қабылан, арыстан, бүркіт сияқты көшпелілер үшін ерлік пен жігерліктің таңбалары болып табылатын жануарлар да ие болған.
Қазақтардың түсінігі бойынша, аруақтар тотемдер бейнесінде де көрінуі мүмкін. Мысалы, Абылай хан өзінің аруағы ретінде қызыл түлкіні пір тұтқан. Сыпатай батырдың аруағы болып жолбарыс есептелген.
Ата-тектік қолдаушылар үй жануарларын да қамтыған. Әрбір түліктің жеке пірі бар: жылқынікі — Қамбар ата, қойдыкі — Шопан ата, сиырдікі — Зеңгі баба, ешкінікі — Шекшек ата, түйенікі — Ойсыл қара.
Кейбір әдебиетте зороастризмнің ізін іздеген ғалымдар отқа май құю рәсімін парсылық діннің әсері деп дәлелдейді. Алайда Бұл рәсімнің түбі тереңде жатыр. Ол да ата-текке табынудың бір түріне жатады. Қалыңдық отқа май құйғанда «От-ана, Май-ана, жарылқа!» деген және сосын үш рет аруақтардың, ата-енелерінің құрметіне басын иген. Ескі текстерде «Май-ана» деп жемістілік пен аналықтың құдайы Ұмайды айтқан. Орхон-Енисей жазбаларында Ұмай Көк Тәңірі мен Жер Судан қолдау тапқан бүкіл тіршіліктің қамқоршысы, тұқым таратудың пірі бейнесінде суреттелген. «Ежелгі түріктер, — дейді М. Орынбеков, — Ұмайды өте сұлу және қайырымды, күліп-ойнайтын, күміс шашымен аспанды жарқыратқан, күн сәулесімен кемпір қосақ шомылған, қолында балаларды қорғайтын алтын садағы бар жас келіншек әйтпесе қыз ретінде таныған».
Генотеистік діни жүйенің іздерін қазақтың дәстүрлік мәдениетінен де анық байқауға болады. Құда түсу рәсіміндегі ант ішу (түпкі мағынасы қан ішу), құйрық-бауыр жеу, «өлі- тірісін» атқару (тікелей аруақтарға мезгеп тұр), жерлеу дәстүріндігі «жетісін», «қырқын», «жылын» атап өту, «түл» жасау және тағы басқалары ата-тектік сенім-нанымдарға негізделген.
Шаманизм (бақсылық)
Кейін әлемдік дәрежеге көтерілген суперөркениетте екінші тұтастануға ұйытқы болған дүниежүзілік дін — ислам өмірге келді. Бұл мәселеге көшуден бұрын, қазақ мәдениетіне үлкен ықпал тигізген діни тип — шаманизмге назар аударайық.
Шаманизм (бақсылық) қазақ мәдениетіне үлкен әсерін тигізген діни-мәдени жүйе болып табылады. Кейбір зерттеушілер бақсылық дінге жатпайды, себебі онда құдай туралы түсінік жоқ, ол адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімдікке сүйене отырып магиялық әрекет жасау дейді. Бақсы үшін табиғаттан тыс күштердің болуы міндетті емес деген пікір де айтылады. Алай-да, мәселенің мән-жайы басқада.
Шамандық дінді еуропалықтардың экзотикалыққа әуестігінен тыс мәдени континиумның кәлемінен зерттеген алғашқы ғалымдар Ш. Уәлиханов пен Д. Банзаров болды. Олардың пікірі бойынша, рулық діндердің дүниежүзілік діндермен ұқсастығы өте шамалы. Шаманизм ырымшылдық пен сенім-нанымның адам¬ның виртуалдық (тылсымдық) дүниесіне әсер етудің ерекше бір дәстүрі болып табылады. Әдетте бақсы салттық рәсімдердегі абыз, адамның рухын шақырып емдейтін балгер, рухты ерекше бір деңгейге жеткізетін күйші-қобызшы, аруақтармен тіл табыса алатын медиуем бейнелерінде әрекет етеді. Шаманизм — натурфилософиялық негіздегі әсерлене желігушілік практикасы. Рухтың қорғаушылығы арқасында бақсы бал ашады, емдей де алады, яғни басқа рухтарды қуып, аруақтың рухын тынышталатын орнына дейін шығарып сала алады.
Ол — рухани мәдениеттің мистикалық тәжірибесінің типтік көрінісі. Әлемдік мәдениеттің Батыс және Шығыс болып екіге бөлінетіндігі белгілі. Біздің ойымызша, шамандық дүниетаным — дзэн-буддизм тәрізді нағыз шығыстық көрініс. Л. Гумилевтің зерттеулерінде шаманизмнің Қиыр Шығыстағы манчжурлық тайпалар қидандардан тарағаны көрсетіледі. Орта ғасырлардың бір кезеңінде қидандар Орталық Азияда үстемдік етіп түрған. Тіпті, әңгіменің мәнісі мұнда да емес. Әлемді Шығыс пен Батысқа бөлу — тарихи дәстүр. Шығыс адамы мен Батыс адамы өзінің әлемге объективті қатынасына қарай бір-бірінен принципиалды өзгеше екендігін байқаймыз.
Қазақ мәдениетіне тікелей қатысты шығыстық дүниетанымдық типтерге шаманизм мен суфизм жатады. Бақсылық сенім — наным жүйесі осы Шығыс мәдениетінің типтік ерекшеліктерін бойына толыққанды дарытқаны жөнінде бірнеше дөлелдемелер келтірейік. Рерихтердің пікірі бойынша, барлық рухани ілімдер Азиядан келген. Себебі батыстық адам рухани дәстүрден технологияны жоғары қойған. Шығыс адамы өзіндегі барлық дерлік даму және жетілу энергиясын ішкі дүниесіне, оның анық және анық емес (виртуалды) қабаттарына, адамның ішіндегі дүниеге, ...«қалғып жатқан потенцияларды» ашуға, актуалдандыруға және жетілдіруге жұмсайды (А. Хамидов).
Бақсының зікір салуы (дұрысы «кам» — ескі түрік тілінде жәдігерлік мағынасын білдірді) адамның тылсымдық дүниесін оятуға бағытталған. Бұл — ішкі шексіз болмыс пен рухани бірігудің тәсілін іздеу. Бұл тәсілді бақсының ойыны деп те қарастыруға болады. Бақсы ойын кезінде дүниені жаратушы рөлін атқарады, ол адамды айналады (ғарышты тұлғалық деңгейде қайталайды), мистикалық тұтастану арқылы жақсылық пен жамандықты айырады, зиянды қасиеттерді көшіреді, аластайды, қамап қояды. Бақсылық ойын кезінде заттық бітімнің өзі ерекше бір күйге енеді. Көптеген куәгерлер бақсылардың парапсихологиялық қабілетін атап өтеді. Мысалы, кейбір бақсылар ауру адамның қарнының ішінен зиянды сарысуды шығара білген. Олар хирургиялық және гипноздық емдеу әдістерін жете меңгерген. Бақсы экстаз кезінде қып-қызыл жанған көмірдің үстінен жалаңаяқ жүре алған. Осыған ұқсас құбылыстарды үнділік йога жүйесінен, Филиппин емшілерінен де байқауға болады. Тағы бір ескере кететін жайт: бақсылық медитация — ойын музыкасының әсерін шебер қолданған. «Шаман дінінде күй тартуы күйдің осы діннің негізгі қағидасына — ажалды тежеп тұру мүддесіне бағындырылғандығын көрсетеді (А. Мұхамбетова).