Қазақстан Республикасының Парламенті — 1995–2026 жылдардағы Қазақстанның ең жоғарғы заң шығарушы органы, екіпалаталы парламенті. Сенат атты жоғарғы палатадан және Мәжiлiс атты төменгі палатадан тұрды.
2026 жылғы президент Тоқаевтың ұсынысымен өткен конституциялық реформа нәтижесінде қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келді.
Тарихы Қазақстан Парламенті 1938 жылы алғаш рет 1937 жылғы Қазақ КСР Конституциясы негізінде құрылған, кейін 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы мен 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде құрылған бір палаталы өкілді билік органы — Жоғарғы Кеңестің орнына сайланды. Өзінің қызмет ету кезеңінде Жоғарғы Кеңес он үш рет сайланды.
1990 жылдардың басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жоғарғы Кеңес депутаттары арасында келіспеушіліктер басталды. Сол кездегі депутаттардың көпшілігі Жоғарғы Кеңесте тұрақты жұмыс істемеді және негізгі жұмыстармен қатар міндеттерді біріктіріп атқарды, ал президент кәсіби Парламенттің қажеттілігін жақтады. Көбінесе XII шақырылымның Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Қаржы қорларымен қамтамасыз етілмеген шешімдер қабылдады, бюджетте ақша жоқ төлемдерді тағайындады. Нәтижесінде әлеуметтік төлемдер бойынша үлкен берешек жиналды. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа» кітабында берілген естеліктері бойынша:
XII шақырылымның Жоғарғы Кеңесінің басты міндеттерінің бірі Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын қабылдау болды. Парламент қабырғасында қатты пікірталастар болды. Атап айтқанда, Тұңғыш Президенттің екі палаталы парламент құру туралы идеясы, сондай-ақ Парламентті тарату туралы бап қабылданбады. 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес бір палаталы Парламентпен Қазақстан Конституциясын қабылдады. XII шақырылымның Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Президенттен тәуелсіз саясат жүргізуге шешім қабылдаған Серікболсын Әбділдин болды. Бірақ Конституциялық дағдарыс қанды қақтығыстарға ұласқан көрші Ресейден айырмашылығы, Қазақстанда бәрі парламенттің өзін-өзі таратуымен аяқталды.
Президент Парламент реформалардың дамуына кедергілер құрып жатыр деп мәлімдеді, ал кейбір депутаттар барлық кеңестерді тарату қажеттілігі туралы айтты. 1993 жылғы 16 қарашада Алматы қаласы депутаттарының Алатау аудандық кеңесі барлық деңгейдегі депутаттарға үндеу жазып, онда кеңестерді «бұрынғы режимнің синонимі» деп атады:
Барлық деңгейдегі кеңестердің депутаттары, Жоғарғы Кеңеске дейін, өз өкілеттіктерінен босай бастады. Бір жарым айдан аз уақыт ішінде республикадағы кеңестер жүйесі өзін — өзі жойды - Кеңес депутаттарының 25% - дан астамы өз өкілеттіктерінен бас тартты. 1993 жылы желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің сессиясында олар өзін-өзі тарату және жаңа сайлауға дейін барлық өкілеттіктерді Президентке беру туралы шешім қабылданды. Сол кезде президентті кінәлаған сыншылар болды. Мысалы, Жоғарғы Кеңестің депутаты Людмила Филаретова Парламентті тарату идеясы президентке тиесілі деп ашық айтты, бірақ кейіннен бұл сөздер үшін кешірім сұрады. Заманбек Нұрқаділов (сол кезде-Алматы қаласы әкімшілігінің басшысы) бір сұхбатында тарату идеясы оған тиесілі деп мәлімдеді:
1994 жылы 7 наурызда 177 кәсіби депутаттан тұратын жаңа парламентке сайлау өтті. Халық бірлігі одағы (32), Қазақстан Халық Конгресі (22), Қазақстан Социалистік партиясы (12), кәсіподақтар Федерациясы (12) ең көп дауыс жинады. Жоғарғы Кеңестің төрағасы жазушы Әбіш Кекілбаев болды. XIII шақырылымның Жоғарғы Кеңесінің отырыстары өте қайшылықты болды, нәтижесінде 1 жыл ішінде парламент тек 7 заң қабылдады.
1994 жылғы күзде журналист және Қазақстан Жоғарғы Кеңесі депутаттығына бұрынғы үміткер Татьяна Квятовская 1994 жылғы парламент сайлауының қорытындысын жоққа шығаруды талап етіп сотқа шағым түсірді. 1995 жылы наурызда ұзаққа созылған сот процестерінен кейін Қазақстанның сол кездегі Конституциялық соты Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Жоғарғы Кеңес төрағасы Әбіш Кекілбайұлының қарсылықтарына қарамастан, 1995 жылғы 6 наурызда Квятковскаяның талаптарын негізді деп таныды. Сот ұйғарымының нәтижесінде Назарбаев 11 наурызда Жоғарғы Кеңесті тарату туралы жарлық шығарды, Кеңесте қабылданған барлық заң жобалары «жарамсыз» деп танылды. Сол себептен Қазақстанда заң шығарушы билік болмады, оның орнына барлық заңдар Президент Жарлықтары негізінде қабылданды.
1995 жылғы 30 тамызда конституциялық референдум өтті, онда қазақстандықтар Мәжіліс пен Сенат кіретін жаңа екі палаталы Парламентті құрған Қазақстан Конституциясының жаңа жобасына дауыс берді. Сенат сайлауы алғаш рет 1995 жылғы 5 желтоқсанда өтті, содан кейін екі турдан тұратын Мәжіліс сайлауы өтті, олар 1995 жылғы 9 желтоқсанда және 23 желтоқсанда орын алды. Парламент 1996 жылы 30 қаңтарда өзінің бірінші сессиясына жиналды.
2007 жылғы наурызда Конституцияға бірнеше өзгерістер енгізілді, нәтижесінде Мәжіліс аралас сайлау жүйесінен партиялық тізім жүйесіне көшті және президент мерзімі сегізден бес жылға ауысты. Алайда бұл өзгеріс арқылы Назарбаевтың сайлану мерзіміндегі шектеу жоқ болды, авторитаризмге жол ашылды. 2007 жылы орын алған парламент сайлауында билеуші Нұр Отан партиясы барлық депутаттық орындарды жеңіп алды да, Парламенттегі оппозицияның барлық өкілеттігін жоқ қылды. Осы арқылы 2012 жылғы сайлауға дейін Қазақстан бірпартиялық мемлекет болды.
2010 жылы Парламент Назарбаевқа «Елбасы» атағын берді. Жаңа атақ көмегімен Назарбаев Президент болмай да біраз билікке, заңды иммунитетке ие болатын еді.
2026 жылғы Ұлттық құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентті бірпалаталы қылуды, Қазақстан Құрылтайы деп атауды ұсынды. Парламент реформасы 2026 жылғы конституциялық референдум оң нәтиже алса жасалмақ.
Құқығы және міндеттері Парламенттiң өкiлеттiгi оның бiрiншi сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысқа кiрiскен кезден аяқталады. Өкiлеттiк Конституцияда көзделген жағдайлар мен реттерде мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгiленедi.
Парламент өз палаталарының бөлек отырысында мәселелердi әуелi Мәжiлiсте, содан соң Сенатта қарау арқылы заңдар қабылдайды; республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептердi, бюджетке енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларды талқылайды, мемл. салықтар мен алымдарды белгiлейдi және оларды алып тастайды; ҚР-ның әкiмшілік-аумақтық құрылымына қатысты мәселелердi шешу тәртiбiн белгiлейдi; азаматтарға рақымшылық жасау туралы актiлер шығарады; палаталардың бiрлескен комиссиялары мүшелерiнiң жартысын сайлайды; Конституцияға сәйкес Палаталар депутаттарының өкiлеттiгiн тоқтатады, оларды қол сұғылмаушылық құқығынан айырады; Үкiмет мүшелерiнiң есептерiн тыңдайды; палаталардың үйлестiрушi және жұмысшы органдарын жасақтайды, регламент қабылдайды, Конституцияда (54-бап) көзделген басқа да өзгерiстердi жүзеге асырады.
Парламент Палаталардың бiрлескен отырыстарында: Президенттiң ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi; Конституциялық заңдар қабылдайды, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi; республикалық бюджеттi және Үкiмет пен Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi Есеп комитетiнiң бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн бекiтедi, бюджетке өзгертулер мен толықтырулар енгiзедi; Президенттiң қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша Президент қарсылық бiлдiрген күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткiзедi (бұл мерзiмнiң сақталмауы Президент қарсылығының қабылданғанын бiлдiредi); Президенттiң бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң дауыс беруiмен Президентке бiр жылдан аспайтын мерзiмге заң шығарушылық өкiлеттiк бередi; Президенттiң Премьер-министрдi; Ұлттық банк төрағасын тағайындауына келiсiм бередi; Премьер-министрдiң Үкiмет бағдарламасы туралы баяндамасын тыңдап, бағдарламаны мақұлдайды немесе қабылдамай тастайды (Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң дауысымен Үкiмет бағдарламасының екiншi рет қабылданбауы Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiрген болып табылады); әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң дауысымен, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiредi; соғыс және бейбiтшiлiк мәселелерiн шешедi; Республикалық референдум белгiлеу туралы ұсыныс енгiзедi, т.б.
Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар ҚР-ның заңдары, Парламенттiң қаулылары, Сенат пен Мәжiлiстiң қаулылары түрiнде заң актiлерiн қабылдайды. Республика Заңдары Президент қол қойғаннан кейiн күшiне енедi. Парламент пен оның палаталарының заң актiлерi, егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады, ал конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады. Парламент Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiргенде, Парламент Премьер-министрдi тағайындауға екi мәрте келiсiм бермесе, Парламенттiң Палаталарының арасындағы немесе Парламент пен мемлекеттік билiктiң басқа тармақтары арасындағы келiспеушiлiк салдарынан саяси дағдарыс болғанда — Президент Парламенттi тарата алады. Бiрақ төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезеңiнде, Президент өкiлеттiгiнiң соңғы 6 айында, сондай-ақ, алдыңғы таратудан кейiнгi 1 жыл iшiнде Парламенттi таратуға болмайды.
Парламенттiң ағымдағы қызметi тұрақты атқарылады, олардың саны әр Палатада жетеуден аспауға тиiс. Палаталардың бiрлескен қызметiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға құқылы. Заң жобасы Мәжiлiстiң тұрақты к-тiнде алдын-ала қаралып, ол бойынша қорытынды бергеннен кейiн — Мәжiлiстiң жалпы отырысында талқыланады. Әдетте, талқылау екi оқылымда өтедi. Ал Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу және конституция заңдар қабылдау немесе оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу мәселелерi бойынша кемiнде екi оқылым өткiзiлуi мiндеттi.
Сенаттың қаралған заң жобасы бойынша қарсылық бiлдiруге құқы бар. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданбаған жоба Мәжiлiске қайтарылады. Егер Мәжiлiс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң дауысымен жобаны қайтадан мақұлдаса, онда жоба Сенатқа қайта талқылауға және дауысқа салуға берiледi. Қайта қабылданбаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгiзуге болмайды. Әр Палатаны депутаттардың арасынан сайланатын, мемл. тiлдi еркiн игерген төраға басқарады. Төрағалар палаталардың жұмысын жүргiзедi.
Тұтастай алғанда, Парламенттiң қос палаталы құрылымы Қазақстан жоғары заң шығарушы органы қызметiнiң пiкiр алшақтықтарын азайтып, өзара ынтымақтаса жұмыс iстеуiн мақсат етедi: палаталар бiр-бiрiне бағынбайды, бiр-бiрiне тәуелсiз құрылады; палаталардың әрқайсысы жеке жұмыс тәртiбiнде қызмет атқарады, өздерiнiң қызмет аясы мен мiндеттерi бар. Сонымен қатар олар көптеген мәселелер бойынша бiрлесiп қызмет атқаруға мiндеттi.
Тағы қараңыз Қазақстан парламенті төрағалары Қазақстанның мемлекеттік құрылымы Қазақстандағы саяси партиялар
Сыртқы сілтемелер Парламенттің ресми сайты
Дереккөздер
Санат:Екіпалаталы парламенттер Санат:Мемлекет бойынша парламенттер Санат:Қазақстан Парламенті