Абай дәуірі - Абай өмір сүріп, шығармашылық қызметпен айналысқан кезең - 19 ғасырдың 2 жартысы қазақ қауымының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өміріндегі түбегейлі өзгерістермен сипатталады. Бұл өзгерістер белгілі деңгейде бір жарым ғасырға созылып, 19 ғасырдың 60 жылдарында аяқталған қазақ жерінің Ресейге қосылуына байланысты туындады.

XIX ғасырдың 2-ші жартысындағы Қазақ жеріндегі жағдай Сібір қазақтарының Ресейге қосылуы

Патша әкімшілігіне өлкені отаршылдық тұрғыда игеру үшін қазақ даласына басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу және басқа да шараларды жүзеге асыру арқылы Қазақстанды түгел дерлік бағындыру қажет болды. Хандық өкіметті жойғаннан кейін енгізілген жаңа әкімшілік құрылыс Батыс Сібір губернаторы М. М. Сперанскийдің Сібір (қазақтары) қырғыздары аймақтары үшін 1822 ж. әзірлеген «Сібір қырғыздары туралы жарғысында» негізделгенерал Сібір қырғыздары аймағына Орта жүз жайлаулары, Ұлы жүздің Батыс Сібір губернаторлығының қарамағындағы бөлігі қарайтын. «Жарғыға» сәйкес бұл жерлер округтерге, болыстар мен ауылдарға бөлінді. Округтер қауымның рулық бөліністерін ескере отырып, қысқа қоныстар негізінде ұйымдастырылды. XIX ғасырдың бас кезінде патшалық құрылыстың ең басты тірегі болған сұлтандардың экономикалық және саяси жағдайы үлкен өзгерістерге ұшырады; олардың феодал, билеуші ретіндегі праволары мен ықпалы барған сайын шектеле түсті. Бірте-бірте батырлар да қоғамдағы өз мәнінен айрыла бастады. Сұлтандар өкіметінің құлдырауына байланысты алым-салық жинайтын төлеңгіттердің де қажеті болмай қалды. Жаңа әкімшілік құрылыс бойынша Орта жүз жері аға сұлтандар басқаратын округтарға бөлінді, аға сұлтандар бұрынғыдай мұрагерлік жолымен емес, сайланып қойылатын болды. Сайлау барысына жергілікті патша әкімшілігі бақылау жасады. Бұдан былай билеуші сұлтандыққа бұрынғыдай «ақ сүйек» атанған Шыңғыс әулетінің өкілдері ғана емес, ру феодалдарынан көтерілген дәулетті адамдар да сайланатын болды. Ру феодалдарының ішінде руларды басқарған билердің ықпалы күшті болды. Экономикалық билікті қолдарына жинақтап, сот ісін жүргізген билер өздері басқарған рулар ішінде көптеген артықшылықтар алды, жерді бөлу билігі солардың қолына көшті, ру аралық қақтығыстар мен соғыстарда саяси белсенділігі артты. «Жарғыда» билер сотына шектеу қойылып, оны бірте-бірте жалпы мемлекеттік сотпен алмастыру көзделді. Ірі байлардың, сондай-ақ, болыстардың, сайланып қойылатын соттардың, ауыл ақсақалдарының ықпалы күшейді. Халықтың басым көпшілігін әр түрлі патриархалдық-феодалдық қанауға ұшыраған қазақ шаруалары құрады.

Право нормалары XIX ғасырдың 2-жартысында өзара кереғар келетін әр түрлі право нормалары: әдет (қазақтардың әдет-ғұрыптық правосы), шариғат (мұсылмандық право нормалары) және жалпыорыстық право нормалары қатар қолданылды. Әдеттегі право деген түсінікке қазақ халқының тарихында ұзақ уақыт бойы қалыптасқан және заң әдебиетінде әдет деген атаумен белгілі заң нормаларының жиынтығы, сондай-ақ сотты жүргізу ісіне өзінің өзгерістерін енгізіп отырған билер соты жатады. Сонымен қатар әдеттегі право нормаларының жекелеген тармақтары билердің тайпалар аралық съездерінде қабылданған ережелер мен толықтырылып немесе өзгертіліп отырды. Тарихи деректерге қарағанда Абай Павлодар, Қарқаралы, Семей, Өскемен уездері мен Семей облысы Зайсан приставтығы билерінің 1885 ж. руаралық Шар съезінде қабылданған ережені әзірлеуге қатысқан. Ол ұсынған жоба 93 баптан тұрады. Онда қазақтардың дәстүрлі праволық заң жүйелері көрініс тапқан, сонымен қатар азаматтық және отбасылықаласынекелік қатынастарға байланысты жаңа дәуір талабы да ескерілгенерал Отарлық саясаттың күшеюіне сәйкес қазақтың әдет-ғұрып заңдарының бірқатар негізгі ережелері бірте-бірте патша өкіметінің қылмысты істер заңдары нормаларымен алмастырыла бастады. 19 ғасырдың ортасында Қазақстанның саяси өмірі ру аралық күреске толы болды. Бұл күресте феод, билеуші топ әдеттегісінше тек қана ездеріне пайдалы экономикалық және саяси мақсаттарды көздеп, ол алауыздық қақтығыстарды бұқара халыққа ру мүддесін қорғау жолындағы күрес етіп көрсетуге тырысты. Мыс., Омбы облыстық мемлекеттік архивінің деректемелерінде (ООМА, 3-қор, 3-тізім, 3649- 3650-іс) негізгі басшыларының бірі Қарқаралы округінің 1849-54 ж. аға сұлтаны болған Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбаев ұйымдастырып отырған тобықты тайпасының қоғамдық өміріндегі ірі-ірі феодалдық алауыздықтар тарихы сақталған. Құнанбайдың заңға қайшы әрекеттері туралы істерді қарау ұзақ жылдарға, 1862 жылға дейін созылып, ақыры нәтижесіз қалады. Бұл тергеудің мұнша ұзаққа созылуы - ру аралық күресті бәсеңдету үшін ерекше жағдайларда ғана болмаса батыл шаралар қолдана қоймайтын патша үкіметінің отаршылдық саясатын айқын дәлелдейді. Патша өкіметі әдетте оларды отаршылдыққа қарсы күрестен бұрып әкету үшін жергілікті жерлерде қазақ руларын іштей өзара қақтығыстар жағдайында ұстауға тырысты. Туған жеріне оралып, Көкше-тобықты болыстығының ел билігін қолына алып, болыстық қызметке қайта отырумен аяқталған Құнанбай ісінің ақыры - патша өкіметінің осы саясатының айқын көрінісі.

Шаруашылығы Қазақ қауымының ыдырауы ұзаққа созылды, оның бойына әбден сіңген патриархалдық рулық сарқыншақтар қазақтардың санасы мен тұрмысына мықтап бекіп алған еді. Қазақ қоғамының рулық-тайпалық құрылымы жер иелену мәселелерінде айқын көрініс тапты: әр рудың жеке дара белгілі маусымдық жайылымдары мен қатаң белгіленген көші-қоныс жолдарының шекарасы болды. Бұл жер тұтастығы - қандас туыстық (бір атаның ұрпақтары) туралы түсінікпен қатар идеологиялық мәселеде көбіне патриархалдық-рулық сарқыншақтарды мүдде тұтып, руды экономикалық және саяси жағынан біріктіруге негіз болды. Халықтың санасындағы патриархалдық-рулық сарқыншақтар еңбекшілердің таптық сана-сезімінің қалыптасуын кешеуілдетті, таптық күрестің дамуына тежеу болып, феодалдардың оны өз мүдделерін қорғау үшін пайдалануына көмектесті. Көшпелі мал шаруашылығы жағдайында жайылымдықтарды жылдың әр мезгіліне сай тиімді пайдаланудың маусымдық сипатына байланысты қазақтар ауыл-ауыл болып көшіп-қонып жүрді. Көшпелі ауыл белгілі бір жайылымдық жерлерді сөз жүзінде бірлесіп пайдалануды негізге алған жайылымдық-көшпелі қауым болды. Іс жүзінде жерге қауым жерін қалауынша пайдалана алатын феодалдар ғана иелік етті. Мүліктік бұл айқын жіктелу, қыруар малдың феодалдар қолына топтасуы - олардың шұрайлы да неғұрлым ыңғайлы жайылымдықтарды иемденіп, жеке меншіктеріне айналдырып қана қоймай, сонымен қатар бүкіл қауым жеріне монополиялық иелік орнатуларына қажетті жағдай жасады. Қатардағы қауымдастар өздеріне феодалдар бөлген шағын жайылымдықтарды ғана пайдаланумен шектелді. Қазақтардың әдет-ғұрыптық заң нормаларына сәйкес жерді пайдалану тәртібін зерттеу оның күрделі тарихи даму жолдан өткендігін аңғартады, бұрын бүкіл ру иелігі болған жерлерді іс жүзінде үстем тап өкілдерінің мүддесі үшін жекелеген отбасылар меншігі ретінде тану правосын қолдайтыны байқалады. Қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық қатынастарындағы бұл ерекшеліктер оның негізгі өндіріс саласы - жайылымдық-көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болды. Қазақтардың бүкіл экономикалық өмірі - жайылымдықтарды маусым сайын үнемі ауыстырып тұруды қажет ететін көшпелі мал шаруашылығының талаптарына сай қыста тебіндеп жайылатын малдың жаңа жайылымдықтары үшін көшіп-қонуға негізделе құрылды. Көшпелі мал шаруашылығы кездейсоқ қырылудан, табиғи апаттардан көп шығынға ұшырап отырды. Әсіресе, ауық-ауық қайталанып тұрған жұттардың зияны елеулі болды. Патриархалдық-феодалдық өндірістік қатынастарда патриархалдық-рулық идеология сарқыншақтары шешуші қызмет атқарды, бұл идеология феодал-шонжарларға ғана қызмет етіп, рулық көмек деген желеумен феодалдық-тәуелділіктегі шаруаларды қанаудың қатаң түрлерін бүркемелеуге көмектесті. Халық бұқарасы екіжақты, феодалдық-отарлық қанаудың ауыр зардаптарын тартты. 1822 ж. жарғы бойынша қазақ халқы патша үкіметіне жасақ төлеуге (әрбір жүз бас малдан бір мал) міндетті болды. Жасақ пен басқа да қазыналық алымдар көлемін ауылдар үшін отарлық басқару аппаратының жергілікті өкілдерімен бірге елубасылар белгіледі. Қазақ халқы қазынаға төленетін ресми салықтардан басқа болыстардың қарамағына түсетін «қара шығын» деп аталатын алым төлеп отырды. Қазақтың феодалдық билеуші тобы патша үкіметі өкілдерімен бірге жергілікті жерлерде отарлық саясатты жүзеге асырудың негізгі тірегіне айналды.

«Уақытша ереже» 1868 ж. қабылданған «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының дала аймақтарын басқарудағы уақытша ережесі» Қазақстанды отарлық игеруді жеңілдетіп, орыс помещиктері мен өнеркәсіп буржуазиясының экономик, мүддесін көздеді. Оны жүзеге асыру нәтижесінде әкімшілік басқару, жер мәселесі, сот ісі мен алым-салық жүйесі саласында айтарлықтай өзгерістер қалыптасты. Жаңа әкімшілік құрылыс жергілікті ерекшеліктерді жойып, байырғы рулық байланыстарды күйретуге тиісті болды. «Уақытша ережеде» қазақ қоғамын руына қарай бөлу мүлде ескерілмей, оған территориялық принцип негізге алынды. Соның салдарынан Қазақстанның барлық жері үш: Түркістан, Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлықтарына бөлінді де, оларды генерал-губернаторлар басқарып, барлық әскердің және азаматтық өкіметтің билігін өз қолына жинақтады. Әр генерал-губернаторлық бірнеше облыстан құралды. Өз кезегінде әр облыс уездерге бөлінді. Мыс., Батыс- Сібір генерал-губернаторлығына қарайтын Семей облысы Семей, Көкпекті, Зайсан, Баянауыл, Қарқаралы және Өскемен уездерінен құрылды. Уездер жеке-жеке әкімшілік бірлік болып табылатын болыстар мен ауылдарға бөлінді. Бұларға облыс және уездік орыс әкімшілік (генерал-губернатор, облыс және уездік бастықтар) басшылық жасады. Тек болыстар басшылығына ғана қазақ халқының өкілдерінен болыстық басшылар сайланып, әкімшілік ауылдарды сол болыстың басшылары тағайындайтын Ауыл старшындары басқарды. Ауылнайлар ел ішінде тәртіп сақтау және саяси өкімет билігін жүзеге асырып, алым-салық жинаумен айналысты, билер сотының шешімдерін іске асырды. Сөйтіп, болыс басшылары реформаны жүзеге асыру кезеңінде отарлық басқару аппаратының басты тірегіне айналды, әскери күш те солардың қарамағында болды. Реформадан кейін бұрынғы ұлан-ғайыр басқару аудандары (округтер мен ірі болыстар) неғұрлым ұсақ әкімшілік бірліктерге бөлшектеніп, жергілікті жерлерде патша әкімшілігінің билігі күшейе түсті. Патша үкіметі ірі руларды әр түрлі болыстарға ыдырату арқылы бұрын кең-байтақ аудандарда бірегей қожалық еткен ру ақсақалдары билеген қазақ қоғамының рулық негіздеріне қатты соққы берді.

XIX ғасырдың соңындағы Қазақ жеріндегі жағдай Отарлық саясат