Ұлытау ауданы — Ұлытау облысының батысында орналасқан әкімшілік бөлік. Аудан 1939 жылы құрылған. Аудан аумағы 122,9 мың шаршы километрге тең. Орталығы – Ұлытау ауылы.

Географиялық орны Аудан батысында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданымен, солтүстік-батысында Қостанай облысының Жангелдин, Амангелді аудандарымен және Арқалық қаласымен, шығысында Жаңаарқа және Қарағанды облысының Нұра ауданымен, оңтүстігінде Түркістан облысының Созақ, Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарымен шектеседі.

Аудан тарихы Ұлытау ауданы 1939 жылы 16 қазанда Қарсақпай ауданының шағындалуы есебінен құрылды. Аудан құрамына Қарсақпай ауданының Ұлытау ауылдық кеңесі мен 1-ден 8-ге дейінгі ауылдық кеңестері енді.

1941 жылғы мәліметтер бойынша аудан құрамында Айыртау, Алғабас, Кеңгір, Қызылшың, Кішітау, Первомай, Социалды, Терісаққан және Ұлытау ауылдық кеңестері болды.

1944 жылы 27 маусымда Жезді марганец кеніші маңындағы елді мекенге жұмысшы кенті мәртебесі беріліп, Жезқазған ауданынан Ұлытау ауданына ауыстырылды.

1954 жылы 14 сәуірде Қостанай облысы Амангелді ауданының Қорғасын ауылдық кеңесі аудан құрамына берілді. 1954 жылы 2 маусымда Жезді марганец кеніші маңындағы жұмысшы кенті Жезқазған ауданына беріліп, атауы Марганец жұмысшы кенті болып өзгертілді.

1956 жылы 27 сәуірде Қорғасын кенішінің елді мекеніне жұмысшы кенті мәртебесі берілді.

1957 жылы 17 желтоқсанда Айыртау және Социалды ауылдық кеңестері Айыртау ауылдық кеңесіне (орталығы Айыртау а.), Алғабас және Кеңгір ауылдық кеңестері Кеңгір ауылдық кеңесіне, Қызылшың және Первомай ауылдық кеңестері Первомай ауылдық кеңесіне (орталығы Бозтұмсық а.) біріктірілді.

1959 жылғы мәліметтер бойынша аудан құрамында Айыртау, Кеңгір, Кішітау, Первомай, Терісаққан, Ұлытау ауылдық кеңестері мен Қорғасын кенті болды. 1959 жылы 16 желтоқсанда Қорғасын кенті ауылдық елді мекенге жатқызылды. Қорғасын кенттік кеңесінің құрамында болған елді мекендер Терісаққан ауылдық кеңесіне беріліп, Терісаққан ауылдық кеңесінің орталығы Шеңбер елді мекенінен Қорғасын елді мекеніне көшірілді.

1962 жылы 22 тамызда орталығы Бетбұлақ ауылында Алғабас ауылдық кеңесі құрылып, қарамағына Алғабас кеңшары берілді. Осы шешіммен Айыртау және Ұлытау ауылдық кеңестері Ұлытау ауылдық кеңесіне біріктірілді.

1963 жылы 2 қаңтарда Ұлытау ауданы таратылып, ірілендірілген Жезді ауданына қосылды. Таратылған уақытта аудан құрамында Алғабас, Кеңгір, Кішітау, Первомай, Терісаққан, Ұлытау ауылдық кеңестері болды.

1972 жылы 10 наурызда орталығы Никольский кентінде Жезқазған ауданы құрылып, құрамына Жезді ауданының Алғабас, Жетіқоңыр, Кеңгір, Сарысу ауылдық кеңестері енді. 1972 жылы 22 наурызда аудан орталығы Никольский кентінен Ұлытау ауылына көшірілді. Осы жарлықпен Жетіқоңыр, Сарысу ауылдық кеңестері Жезді ауданына қайтарылып, Первомай, Терісаққан және Ұлытау ауылдық кеңестері Жезді ауданынан Жезқазған ауданына берілді.

1973 жылы 20 наурызда аудан жаңадан құрылған Жезқазған облысының құрамына берілді.

1974 жылы 10 қарашада Жезқазған ауданы Ұлытау ауданы болып өзгертілді.

1978 жылы 31 мамырда орталығы Егінді ауылында Егінді ауылдық кеңесі құрылды.

1982 жылы 22 қазанда орталығы Терісаққан ауылында Терісаққан ауылдық кеңесі құрылды. Ал орталығы Қорғасын ауылындағы аттас ауылдық кеңес Қорғасын ауылдық кеңесі болып өзгертілді.

1989 жылы аудан құрамында Алғабас, Егінді, Кеңгір, Кішітау, Қорғасын, Первомай, Терісаққан, Ұлытау ауылдық кеңестері болды. 1989 жылы 28 маусымда Кеңгір ауылдық кеңесі (орталығы Малшыбай а.) Жезқазған қалалық кеңесінің қарамағына берілді.

1997 жылы 3 мамырда Жезқазған облысы таратылып, аудан Қарағанды облысына өтті. 1997 жылы 23 мамырда Жезді ауданы таратылып, Ұлытау ауданына қосылды.Қарағанды облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының тарихы бойынша анықтама (29 шілде 1936 ж. - 1 қаңтар 2006 ж.)

2022 жылы Ұлытау облысы құрылып, Ұлытау ауданы облыс құрамына енді.

Халқы 1959 1979 1989Ресей империясы, КСРО халық санақтары 1999 2009ҚР халық санақтары 2021 9002 10321 11592 20430 14240 12467 Тұрғындары 12 822 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар (93,37%), орыстар (5,07%), татарлар (0,39%), украиндар (0,30%), немістер (0,54%), басқа ұлт өкілдері (0,64%).

Әкімшілік бөлінісі 23 елді мекен 3 кенттік әкімдік пен 12 ауылдық округке біріктірілген: Әкімшілік бірлік Орталығы Елді мекендері Халқы (2021) Ақтас кенттік әкімдігі Ақтас кенті 2 259 Алғабас ауылдық округі Бетбұлақ ауылы 1 400 Амангелді ауылдық округі Сарлық ауылы 1 376 Борсеңгір ауылдық округі Борсеңгір ауылы 1 493 Егінді ауылдық округі Егінді ауылы 1 271 Жангелдин ауылдық округі Байқоңыр ауылы 1 515 Жезді кенттік әкімдігі Жезді кенті 2 2133 Қаракеңгір ауылдық округі Бозтұмсық ауылы 1 564 Қарсақпай кенттік әкімдігі Қарсақпай кенті 1 1159 Қоскөл ауылдық округі Қоскөл ауылы 1 572 Мыйбұлақ ауылдық округі Мыйбұлақ ауылы 2 525 Сарысу ауылдық округі Жыланды ауылы 2 881 Терісаққан ауылдық округі Терісаққан ауылы 2 325 Ұлытау ауылдық округі Ұлытау ауылы 4 2531 Шеңбер ауылдық округі Қорғасын ауылы 1 413

Ірі елді мекендері Атауы Халқы (2021) Ұлытау 2433 Жезді 2133 Қарсақпай 1159 Жыланды 771 Бозтұмсық 564 Қоскөл 503

Ауыл шаруашылығы 2006 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің айтарлықтай бөлігін мал шаруашылығы құрайды. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге 1611,0 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлер пайдаланылады, оның ішінде 71,0 мың га - егістік алқаптар. 2006 жылғы астыққа 41,6 мың га ауыл шаруашылық дақылдары егілетін егістік жерлер пайдаланылды, оның ішінде 38,2 мың га дәнді дақылдар, 28,0 га - картоп, 14,0 га - көкөніс. 2006 жылы 6,1 мың тонна дән, 0,5 мың тонна картоп, 0,3 мың тонна көкөніс дақылдары, 9,9 мың тонна ет (тірі салмақта); 15,5 мың тонна сүт, 912,5 мың дана жұмыртқа өндірілді. 2006 жылғы 1 қаңтарға ірі қара мал саңы 30,7 мың бас; қой мен ешкі – 164,5 мың бас; жылқы – 12,1 мың бас; құс – 5,9 мың басты құрады.

Өндірілетін өнеркәсіптік өнімнің негізгі түрлері: нан және нан өнімдерін, ұн, өсімдік майы, металл кендерін шығару. 2006 жылғы өндірістік өнім көлемі (үй шаруашылық есебінсіз) 109,0 млн. теңгені құрады.

Әлеуметтік құрылымдары 18 күндізгі жалпы білім беретін мектептер жұмыс істейді, онда 3091 оқушы оқиды; 1 кәсіби-техникалық оқу орнында – 164 оқушы оқиды.

Ауданда 16 кітапхана, 8 клуб типті мекеме, 2 мұражай жұмыс істейді. 2006 жылғы ауданның ірі және орта кәсіпорындар жұмыскерлерінің тізімдік саны 808 адамды құрады, орташа атаулы еңбекақы – 21253 теңге. Жылдық деректер бойынша 2006 жылы негізгі капиталға инвестициялар 883,4 млн. теңге сомасында игерілді, бұл 2005 жылғы көлемнің 47,2%-ын құрады. Кәсіпорындардың өз күштерімен орындаған мердігерлік жұмыстар көлемі 2006 жылы 7,6 млн. теңгені құрады. 2006 жылғы бөлшек тауар айналым көлемі (қоғамдық тамақтандыру қызметің есепке алмағанда) 50,2 млн. теңге шамасында құралды, қызмет көрсету көлемі (мемлекеттік басқару қызметінсіз) – 58,3 млн. теңге.

Ұлытау аймағының тарихы Ұлытау - ежелгі қоныс, ескі жұрт. Ол бүгінде қазақ деген дүние жүзіне белгілі ұлттың табысқан төбесі, ұйысқан іргесі. Кешегі Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан еншісін бөліп, жүректерінде жауынгерлік жалын әлі де болса өше қоймаған елін ертіп, Ұлытауды бетке алып жөңкіле көшуінде жүрегіңді соғысынан жаңылдырып, сай-сүйегіңді сырқыратар терең сыр, күрделі құпия жатыр. Бұл – кейбіреулер айтып та, жазып та жүргендей тек қана ағайын арасындағы алауыздықтан туындаған құбылыс емес. Бұл – тарих тұғырындағы туы жығылған Алтын Орданың түтінін аңсау, бұл – ежелгі ескі жұрттың жұрнағын сағыну, бұл – дүниенің тең жартысын құзырына қаратқан кешегі кемел мемлекеттің киесін қастерлеу.

Бүгінгі күнге ертегі-аңыз деңгейінде жеткен көптеген оқиғалар сол кезеңде әлі де іздері көмескіленбеген тарихи шындық еді. Ұрпақ санасына ұялап қалған ата-бабаларымыздың елдік кескіні, ерлік дәстүрі жадта жаңғырып, жүректі жандырып, бірте-бірте орасан жойқын қозғаушы күшке айналды. Жаратылыста алыс жолдың азабына, сол сапарда қырылған-жойылғанына қарамай, толғақты сәті келгенде жөңкіле жүзіп, мұхиттан мұхит асып, өзі өсіп-өнген теңізіне жетіп, уылдырық шашатын балықтар бар. Өйткені ұрпағының жетіліп-бекінуіне тек сол теңіздің ғана суының құрамы қолайлы, жағдайы жайлы. Қазақ ұлты үшін Ұлытау – осындай айдын.

Мемлекет – саяси-әлеуметтік құрылым, ал этнос болса, одан көп бұрын дүниеге келді. Сақ, сармат, скиф, массагет, ғұн, қыпшақ, оғыз деп атайық, бірақ арғы бабаларымыздың этногенетикалық жағынан өсіп, дамудың мыңдаған жылдарға созылған, ұзақ жолынан өтіп, жекедара қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, уығын шанышқанға дейінгі заманда Ұлытау – этностың кіндігі, Ұлы Ордасы болған. Тарихтың атасы атанған грек шежірешісі Геродоттың б.д.д. 431-424 жылдар аралығында жазған 9 кітаптан тұратын “Тарих” атты түбегейлі еңбегінде бұдан 2600 жылдай бұрын Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы жайлаған алып ел – массагеттердің (сақтардың) падишасы Тұмар (Томирис) ханымның Вавилон мен Месопотамияны жайлап өтіп, массагеттерге қарай жорық жолына шыққан Азия әміршісі атанған Кирді Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасынан өткізіп алып, сол тұстан үш күншілік жердегі алқапта жер жастандырғаны баяндалады.

Оқиға былай болған: Қайтыс болған күйеуінің орнына оның Тұмар атты әйелі массагеттерге патша болады. Кир жесір қалған әйелге құдаларды аттандырып, өзінің оған үйленгісі келгенін білдіреді. Алайда Кирге өзі емес массагеттердің тағы мен байлығы, жері мен жауынгер елі керек екенін сезген Тұмар оның ниетін қабыл алмай, құдаларды кері қайтарып жібереді. Пасық қулығы іске аспай қалған Кир массагеттерге қарсы ашық жорыққа аттанады. Сырдарияның жағасына жетіп, көпір салып өзеннен өтіп, Тұмар ханымның әскерімен соғысуға алдын-ала келісілген майдан алаңына тоқтайды.

Сол жерде көптеген мал сойылады, ет пісіріледі. Басқа неше түрлі жеңіс астардың түрлері және көл-көсір жүзім шарабы жеткізіледі. Кир содан соң әскерінің ішіндегі ең нашар дегендерін осы жерде қалдырып, өзі негізгі күштерімен кері қарай кетіп, бірнеше қырдың астында бой тасалап күтіп тұрады.

Массагеттер жасағының үштен біріндейі Кир қалдырған топқа шабуыл жасап, парсылардың тас-талқанын шығарып, қырып салады. Басқыншылардың шатырында дайын тұрған асты көрген олар жеңістерін тойлауға кіріседі. Шарап буындарына түсіп масайып, жаппай ұйқыға кеткен массагеттерді қайта оралған Кир әскері қырып-жойып, қалғандарын тұтқынға алады. Тұтқынға түскендердің ішінде Тұмар ханымның ұлы массагет жасағының қолбасшысы Спаргапис те болады.

Қанды оқиғаның хабары жеткен Тұмар ханым Кирге елші аттандырып, оған: “Аман-есен тұрғаныңда ұлымды босатып, келген жолыңмен кері қайт” деген талап қояды. Егер қанқұмарлығына салып, соғыспақ райынан қайтпаса, онда қызыл қанға тойғызатынын ант етіп айтады. Кир құлақ аспайды. Екі арада Тұмардың мастығы тараған ұлы Спаргапис масқара болғанына намыстанып өзін-өзі өлтіреді.

Массагеттер қолын мәні мен маңызы мол шешуші шайқасқа Тұмар ханымның өзі бастап шығады. Жан алып, жан беріскен ұзаққа созылған ұрыста парсы әскерінің тоз-тозы шығып, жеңіліске ұшырайды. Еліне 29 жыл патша болған Кирдің өзі де ажал құшады. Үлкен сабаны адам қанына толтырған Тұмар ханым Кирдің басын соған батырып тұрып: “Сенің қан ішкің келіп еді ғой, парсыларды патшасы! Мен саған беибітшілік пен еліңе қайт, әйтпесе қанға тойғызамын дегенмін, енді сол антымды орындап, қан мен шөліңід қандырып жатырмын”, - деген екен.

Француздың аса көрнекті тарихшысы А.Тьери: “Аттила (Еділ) – есімі адамзат тарихындағы ұлы қолбасшылар Александр Македонский мен Ю. Цезарьлардың қатарынан ойып орын алады”, - деп бағалаған ғұн патшасы Еділдің бүгінгі Италия, Алмания, Грекия, Румыния, Венгрия халықтары мекендейтін батыс бағытқа жасаған жойқын жеңімпаз жорықтары V ғасырдағы осы түркі тектілердің ұлт болып ұйыған өлкесі, киелі кіндігі – Ұлытау төңірегінен басталған.

Ұлы қолбасшы Шыңғысханның бүгінгі қазақ даласындағы түңғыш күрделі шайқасы Ұлытаумен жапсарлас жатқан аймақта өтті. “1216 жылы Ырғыз өзенінің бойында меркіттердің тас-талқанын шығарған монғолдар Хорезмшахтың жасағының күтпеген шабуылына ұшырады”,- деп жазады ғұлама ғалым Л.Н. Гумилев.