III Роберт Эдвард Тёрнер (; 19 қараша 1938, Цинциннати, Огайо – 6 мамыр 2026, Ламонт, Флорида) — америкалық медиа-магнат, биснесмен, миллиардер, CNN (Кейбль-Ньюс-Нетуорк, яғни, Жаңалықтардың Кабельді Торабы) негізін қалаушы.
Интернет материалдары болашақ медиа-магнаттың бала күнінде барынша бедел тұтқан екі адамының бірі — өзінің әкесі, екіншісі Александр Македонский дегенді айтады. Тед бала күнінде бұзықтың бұзығы болыпты. Сонысынан күнде әкесінен таяқ жейді екен. Таяқ жегенде жай періп қалу емес, кәдімгі көкала қойдай етіп сабау. «Сен адам болмайсың», деп әбден түңілген әкесі, әскери оқу орнындағы темірдей тәртіпке мойынсұнар ма екен дегені шығар, ақыры оны жасөспірімдерге арналған әскери академияға орналастырады. Оны бітірген соң Род-Айлендтегі Браун университетіне оқуға түсіреді. Қатал әкенің құрсаулы қолында тұрып-ақ қағынғанын қоймаған Тед басқа қалаға барып, бостандыққа шыққан соң тіпті бетімен кетеді. Университет студенттерінің арасында ішкіш, жүргіш аты шығады. Тёрнер туралы кітаптарда, мақалаларда оның бір кеште әбден сылқия тойып алғаннан кейін қызды-қыздымен виски бөтелкесін 10 минөттің ішінде ішіп салуға бәстесіп, бәсті жеңіп шыққаны, университеттен моральға жат қылығы үшін қуылғаны (жатақханадағы бөлмесінде бөгде әйелдің болуының өзі студентті оқудан шығаруға жетіп жатыр) жазылмай кетпейді. Айтқандай, кейбіреулердің ойлайтынындай, Америка тіпті де еркін моральдің елі емес, қайта Америка — нағыз пуритандық ел, мысалы, ондағы теледидар бағдарламаларынан біздегі бейбастықтың бірін де көрмейсіз. Тед университеттен шыққан соң әкесінің қолындағы жарнама компаниясына жұмысқа тұрады. Әкесімен арасы қанша нашар десе де Тед түптің түбінде отбасындағы ұлдың үлкені ретінде құны бірнеше миллион долларлық фирма өзіне мұраға қаларына күмән келтірмейтін. Алайда, Тед әкесінің өз компаниясын айдаладағы біреулерге сатып жібергенін ол өмірден өткенде бір-ақ біледі...
Тед Тёрнер: «Бизнес — соғыс» Сонымен, жасы жиырманың төртеуіне жаңа жеткенде Тед көшеде қалғандай болады. Әкесіне тиесілі Turner Bіllboards компаниясы бәсекелес жарнама агенттігіне сатылғанда заң тұрғысынан кейбір ақаулықтар жіберілгендігі анықталысымен, бұл жұлқынып шыға келеді. Бәсекелестердің штаб-пәтері орналасқан Палм-Спрингске барып, директорлар кеңесінің жаңа төрағасына мәміле-шартты бұзуды ұсынады. Анау: «Тёрнер мырза, егер бірдеңеге көңіліңіз толмаса сотқа жүгініңіз», деп мысқылдай күліп, шығарып салады. Ол университеттен қуылып, әкесіз қалып, сандалып жүрген жас жігіттің жөндемді адвокат жалдайтындай да шамасы жоқтығын білетін. Тёрнер қазір нарықтың бір нақылына айналып кеткен «Бизнес — соғыс» деген сөзін дәл сол күні айтқан көрінеді.
Turner Bіllboards қызметкерлерінің бір тобын корпоративті этика қағидаттарының бәрін аяқасты етіп, қазіргі бастықтарына қызмет етпеуге көндіреді. «Осылай ету арқылы сіздер болашақ бастықтарыңызға қызмет етесіздер», дейді оларға... Сонан жаңағылар ендігі шарттардың біразын Тед аяқ астынан тіркей салған жаңа фирманың атына ресімдей бастайды. Мұнан соң Тед директорлар кеңесі төрағасына барып, үзілді-кесілді талап қояды: екі аптаның ішінде компания оның бұрынғы иесінің баласына, яғни Тед Тёрнерге қайтып берілуі керек немесе ол Turner Bіllboards үшін аса қажет құжаттардың көзін жояды... Енді қарсы жақ шабуылға шығады. Олар дауды шешудің үш жолын ұсынады. Біріншісі — Тёрнер компаниядан 200 мың доллар алады да, табанын жалтыратады. Екіншісі — компания мүддесін қорғайтын құны қымбат заңгерлер оны өмір бойына фирманың кіріптары етіп шығарады, бәлкім, түрмеге тықтырып тастауы да мүмкін. Үшіншісі — Тёрнер бәсекелестеріне 200 мың доллар төлейді де, жарнама агенттігін өзіне қайтарып алады... Әрине, үшінші жолдың көкейге қонбайтыны, тек Тедті тәлкек ету үшін ұсынылғаны көзге ұрып тұрған. Ойланып-толғануға небәрі... 30 секунд беріледі.
Ақылды адам, әрине, бірінші жолды таңдар еді. Бәрінен айырылған жерінен тұп-тұтас 200 мың доллар (ол кез үшін Американың өзінде де біраз ақша) қолына түскелі тұр ғой. Даукес біреу болса екінші жолды таңдауы мүмкін. Аса ақылды болғандықтан Тёрнер үшінші жолды таңдаған. Жарты минөттей ойланып тұрып, «Мен сіздерге 200 мың доллар беремін, сіздер табандарыңызды жалтыратасыздар», дейді. Аналардың келіспеске әдді қалмайды. Шартты ұсынған өздері ғой. Олар кетісімен Тёрнердің жанындағы жолдасына айтқан алғашқы сөзі: «Ал енді 200 мың долларды қайдан табамыз?»... Ақыры Тёрнер бұл мәселені ешкімнен қарызданбай-қауғаланбай-ақ шешеді: әлгі ақшаның орнына өзінің жаңа компаниясы акцияларының бір бөлігін сатады. Бақылаушы пакетінен емес, әрине. Сөйтіп, Тёрнер әкесінің бизнесін бір цент төлемей-ақ қайтарып алады. Жағдайы түзелісімен әлгі акцияларды қайта сатып алғаны өзінен-өзі түсінікті. «Тёрнер уақыты» Бұл — Тед Тёрнердің бизнес жасау әдісіндегі жүздеген мысалдардың бірі ғана. Оның келіссөз жүргізу мәнері, сөйлескен адамын сендірмей қоймайтын қуаты қайран қалдырарлық. CNN компаниясындағы топ-менеджерлердің бірі былай дейді екен: «Егер Тед күн ертең батыс жақтан шығады десе, сіз әуелде күлесіз де қоясыз. Әйтсе де ертесіне сіз табиғаттың осындай керемет құбылысын өз көзіңізбен көру үшін таң атпай оянып аласыз». Тёрнердің бизнесмендігі “өркениетті” ойлау жүйесін ұстанатын өзге кәсіпкерлердің талайының түсіне де кіре қоймаған. Мысалы, телевизияда «Тёрнер уақыты» деп аталып кеткен тосын шешімді алайық. Теледидардағы жаңалықтар бағдарламасы, жиі берілгені жөн, қолдан келіп жатса әр сағат ішінде екі рет берілгені жөн. Сонда ол бағдарлама қай кезде басталғаны жөн? Әрине, әр сағаттың басында және ортасында. Ал Тёрнер басқаша ойлайды. Ол жаңалықтар бағдарламасын әр сағат басталардан 5 минут бұрынға қояды. Енді жұрттың бәрі Тёрнер арналарына ауысады, өйткені жұрттың бәрі ең маңызды жаңалықтар алғашқы 5–6 минөттің ішінде берілетінін біледі. Оларды көріп алып, басқа арналардың не беретінін аяғына дейін тамашалайын десе, тағы тығырыққа тіреледі: Тёрнер арнасының жаңа ұсынымы басталып кетеді, ол ұсынымның алғашқы 5 минөтінде тағы бір өте маңызды жаңалық беріліп қалуы мүмкін. Жаңағы жаңалықтардан кейін көрермен басқа арнаға суысып та үлгереді, басталып кеткен бағдарламада не қызық қалады деп ойлайды. Сөйтіп жүріп, көрерменнің көзі де, көңілі де жаңа «сеткаға» үйреніп алады. Оның үстіне газеттер мен журналдардағы телебағдарламалар кестесінде «Тёрнер уақытының» айқұлақтанып тұратыны тағы бар: Тёрнер жаңалықтары жеке жолға жазылады да, қалған арналар жаңалықтарының бәрі тоғытылып, бір қатарға салына салады.
Жасы қырыққа жетпей жатып Тед Тёрнер Америкадағы ең атақты адамдардың біріне, жолы болғыш бизнесменнің үздік үлгісіне айналып үлгерген. Бұл кезде оның қолында АҚШ оңтүстігіндегі бірқатар радиостансалар мен телекомпаниялар, «Атланта брейвз» бейсбол командасы мен «Атланта хокс» баскетбол командасы бар еді. Суреті журналдардың мұқабасынан түспейтін. Желкенді жүзумен жастай айналысқан Тед спортта да жарқын жеңістерге қол жеткізеді: “Карейджес” яхтасының капитаны ретінде 1977 жылғы әлем біріншілігін жеңіп алады. Тёрнердің желкен спортындағы тамаша табыстарынан оның жүрек жұтқан ерлігі де, тәуекелшіл серілігі де, кісілік өрлігі де келісті көрінеді. 1979 жылы, Ирландия жағалауындағы бір жарыста аяқ астынан қатты дауыл тұрған. Мұндайда тәжірибелі яхтсмендердің бәрі желкенін түсіре қояды. Ал Тёрнер желкенін жинамаған күйі жүйткігеннен жүйткіп отырып мәреге алдымен жетеді. Сол жолғы жарыста 15 спортшы опат болады. Зәресі ұшқан жолдастарының біріне Тёрнер: «Менің қайығымдағы жалаулар түрлі-түсті, алайда олардың арасында ақ түсті жалау жоқ», деген. Ақ түстің жеңіліс белгісі екені мәлім. Сонан бері бизнес әлемінде де, спорт әлемінде де Тёрнерге Қайсар Капитан деген ат берілген.
Turner Broadcastіng Systems Жер жүзін жаулап алуды армандаған Ескендір Зұлқарнайынның жеңісті жолын Тед Тёрнер басқаша жалғастырды. 1977 жылы Тёрнер телевизияда шын мәніндегі революция деуге тұрарлық іске кірісті. Ол тәулік бойы жұмыс істейтін жаһандық жер серігі телеарнасын жасауды қолға алды. Бұл кезде Тёрнердің атағы асып, байлығы тасып тұрған. Баласының баласының баласына жететіндей ақшасы бар еді. Оның үстіне американ телеэфирінде жерді көтереді дейтін үш алып киттей ABC, NBC, CBS деген үш алып компания билік құратын. Әйтсе де Тёрнер тартынған жоқ. Тартынбайтыны – мұның алдында ғана, 1976 жылы ол «супер-станция» идеясын ойлап тапқан еді. Ол идеяның мәні – телесигналдарды жер серігі арқылы бүкіл елге кабель жүйесімен тарату. Міне, 30 жылға жуық уақыттан бері адамзат аузында жүрген CNN (Кейбль-Ньюс-Нетуорк, яғни, Жаңалықтардың Кабельді Торабы) ұғымы өмірге осылайша келген. Кейіннен бұл жүйе TBS (Turner Broadcastіng Systems) деп аталып кетті. Тёрнер есімі осылайша әлем техникасының тарихына да технологиялық тамаша жаңалық иесі ретінде енді.
Владимир Солоухиннің Алепино деревнясы туралы жазбаларында бір көрші кемпірмен әңгімесі келтірілетін. «Теледидар — әлемнің терезесі», дейді жазушы. «Терезе екені терезе ғой. Бірақ көрсеткенді ғана көрсететін терезе ғой ол», дейді әжей. Рас айтқан. Тёрнердің тегеурінімен телевизия әлемдік саясаттың қуатты құралына айналды. Мадлен Олбрайттың «CNN — Қауіпсіздік Кеңесінің он алтыншы мүшесі» деген сөзі баршаға белгілі. Эдуард Шеварднадзенің АҚШ-тың Панамаға басып кіруіне наразылық нотасын алдымен CNN-ге, сонан кейін барып американ елшілігіне жіберетіні тіпті де тегін емес. 1991 жылғы АҚШ-тың Иракқа басып кіруі кезіндегі “Шөлдегі дауыл” операциясынан тікелей трансляция жасау арқылы (CNN лазерлі зымырандардың Ирак әскерінің командалық пункттерін қас-қағым сәтте жойып, американ ұшқыштары ирак танкі колонналарын жағып жіберіп жатқанын сол мезетте бүкіл әлемнің көз алдына келтіріп тұрды) Тёрнер айналасы бірер сағаттың ішінде Америка жұртшылығының бұл басқыншылықты айыптап жүрген адамдарының да пікірін өзгертіп жібере алды, дейді сарапшылар. Егер Ричард Никсонның кезінде CNN жұмыс істегенде америкалықтар Вьетнамнан кетпес еді дейтіндер де бар. Америка бомбалары Иракқа түсе бастаған сәтте Канада Президентінің баспасөз хатшысы АҚШ Президентінің баспасөз хатшысына телефон соғып, «Не істеп отырсыз?» дейтін көрінеді. Сөйтсе анау: «Мен де, сіз сияқты, CNN-ді көріп отырмын», дейтін көрінеді. Шынында да, сол күндері ғана емес, сондай сын сәттердің бәрінде адамзат алдымен CNN-ге қарайды.
Вашингтоннан жақында жолданған мақаламызда CNN компаниясы 1993 жылғы қазанда Мәскеудегі Ақ үй (сол кездегі Жоғарғы Кеңестің ғимараты) атқылана бастасымен жер жаһанға тікелей трансляция беріп кеп жіберген кезде адамзат айран-асыр қалғанын жазғанбыз. «Тёрнер командасы осындай бір сұмдық оқиға орын аларын алдын ала біліп (білмесе – сезіп), Мәскеуге басқа бір сылтаумен келіп, Ақ үйдің қарсы бетіндегі «Украина» қонақ үйінен журналистеріне, операторына бөлмелер алып, камераларын сайлап отырған екен...», дегенбіз. Сол күндері Ресей телеарналары әуелде тек CNN-нен сатып алған бейнетаспаларды айналдыра көрсетумен болғанын білеміз. Біз «журналистер», «камералар» деп сәл қате жазған екенбіз. Одан беріде Тёрнер туралы талай ақпарат ақтарып келіп, көзіміз жетті: CNN-нің репортерлік топтары дәйім тек екі адамнан – бір репортер, бір оператордан тұрады екен. Әрине, Тёрнер Мәскеуге 4 адамды да іссапарға жібере алады. Мәселе қаржы үнемдеуде ғана емес. Көрермен көз алдындағы оқиғаға әлгі жалғыз камераның көзімен қарайды, әр қырынан түсірілмегендіктен репортаждың компьютер арқылы монтаждалмағанына сенеді.