Тәжікстан (), ресми атауы — Тәжікстан Республикасы () — Орталық Азиядағы тәуелсіз мемлекет. Астанасы — Душанбе қаласы. Ресми тілі — тәжік тілі. 1994 жылы қабылданған Конституциясы бойынша – президенттік басқару нысанындағы зайырлы мемлекет. Заң шығарушы органы – Маджлиси Оли. Тәжікстан құрамына Таулы Бадахшан автономиялы облысы кіреді. Тәжікстан әкімшілік жағынан 3 облысқа бөлінеді. Ақша бірлігі – сомони.
Оңтүстігінде Ауғанстанмен, солүстігі мен батысында Өзбекстанмен, солтүстігінде Қырғызстанмен, шығысында Қытаймен шектеседі. Жер аумағы – 143,1 мың км². Халқы 9,7 миллион адамға тең (2021). Халқының 62%-ын тәжіктер, 23%-ын өзбектер, 5%-ын орыстар, қалған 10%-ын түрікмендер, қазақтар, қырғыздар, корейлер, немістер, т.б. құрайды.
Географиясы Жерінің 93%-ы Тянь-Шань, Гиссар-Алай және Памир тау жүйелеріне жататын таулардан тұрады. Жартысынан астамы теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктікте орналасқан. Тау аралықтарында Ферғана, Гиссар, Вахш, т.б. аңғарлар орналасқан.
Климаты Тәжікстанның климаты континенттік, қаңтардың орташа температурасы оңтүстік-батыстың тау аңғарлары мен тау бөктерлерінде 2°, –2°С, солтүстігінде –20°С-қа дейін; температураның абсолюттік минимумы Памирдің Бұлынкөл () көлінде –63°С-қа жетеді. Шілденің орташа температурасы 30°С-тан 0°С-қа дейін (Памирде); температураның абсолюттік максимумы 40°С (Төменгі Пяндж). Гиссар жотасының оңтүстік етегіне жылына 1600 мм жауын-шашын түседі. Тау аңғарлары мен қазаншұңқырларда 100 – 150 мм, Шығыс Памирде 72 мм ылғал түседі.
Гидрологиясы Тәжікстан жеріндегі тау мұздықтарынан көптеген өзендер бастау алады. Басты өзендері — Сырдария мен Әмудария. Вахш, Пяндж және Кафирниган өзендері Тәжікстан жерінің біраз бөлігін кесіп өтіп, Әмударияға барып құяды. Тәжікстанда өсімдіктердің 5 мыңдай түрі кездеседі. Өзен жайылмаларында тораңғы тоғайлары бар.
Флора және фаунасы Таулы аудандарының жартысын арша орманы алып жатыр. Ылғалды аудандарда жаңғақ, үйеңкі (түркістан үйеңкісі), Сиверс алмасы, алша, бадам өседі. Тәжікстанның фаунасында сүтқоректілердің 81, құстың 365, бауырымен жорғалаушылардың 49, жәндіктердің 7–8 мың түрі кездеседі. Жазық жерлер мен тау бөктерлерінде жайран, қабылан, тоғай маралы, қасқыр, барыс, борсық, жабайы шошқа; таулы өңірде сусар, аю, таутеке, арқар, т.б. мекендейді. Су айдындарында балықтың көптеген түрі бар.
Тарихы Ежелгі тарихы thumb|right|Зоркөл маңайында тұрған тәжік бейнеленген сурет, XIX ғасыр Тәжікстан аумағын алғашқы адамдар палеолит дәуірінен бастап қоныстанған. Солтүстік және оңтүстік Тәжікстанда палеолит және мезолит дәуірлерінің ескерткіштері көптеп кездеседі. Оңтүстік-батыс бөлігінен неолиттік гиссар мәдениетінің ескерткіштері табылған.
Біздің заманымыздан бұрын 6–4 ғасырларда қазіргі Тәжікстан жері Ахемен әулетінің қол астында болды, біздің заманымыздан бұрын 329 жылы онда Ескендір Зұлқарнайынның әскері басып кірді. Ол Ескендір империясының мұрагері болған Грек-Бактрия патшалығының құрамына кірді. Солтүстік Тәжікстан (Хожант және Пенжакент қалалары) б.з.д. 150 жылы Соғды деп аталатын скифтер мен юечжа көшпенділері басып алған қала-мемлекеттер жиынтығы бөлігінде болды. Жібек жолы қазіргі Тәжікстан жерінде У-ди тұсындағы (б.з.б. 141–87 жж.) қытай зерттеушісі Чжан Цяньның жорығынан кейін өткен.
Юечжа тайпалары құрған Кушан империясы б.з. I-ші ғасырында аймақты өз бақылауына алып, б.з. IV-ғасырына дейін билік етті, осы уақытта аймақта буддизм, несторианшылдық, зороастризм және манихеизм діндері болды. Кейінірек бұл аймаққа көшпелі тайпалар құрған Эфталит империясы қоныс аударып, арабтар VIII ғасырдың басында Ислам дінін әкелді. Орталық Азия Қытайды, солтүстіктегі даланы және ислам орталығын байланыстыратын коммерциялық жол рөлін атқаруды жалғастырды.
Қазіргі Тәжікстан жері 650–680 жылдары Тибет империясы мен Тан әулетінің басшылығында болды, содан кейін ол 710 жылы Омейяд халифатының құрамында болды.
Самани империясы
819–999 жылдар аралығында Самани әулеті басшылығындағы Самани империясы аймақтағы парсылардың ықпалын қалпына келтірді және Иранның мәдени орталықтарына айналған Самарқан мен Бұхара (екеуі де бүгін Өзбекстанның бөлігі) қалаларын кеңейтті және бұл аймақ Хорасан деп аталуын бастады. Империяның орталығы Хорасан мен Трансоксианада болды; бұл аймақ қазіргі Ауғанстанды, Иранның, Тәжікстанның, Түрікменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Қазақстанның кейбір бөліктерін және Пәкістанның көп бөлігін қамтиды.
892 жылы Исмаил Самани (892–907) Саманилер мемлекетін біріктірді және бұрын қолданылған феодалдық құрылысты түбегейлі тоқтатты. Қарахан мемлекеті Трансоксиананы жаулап алды (бұл қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан, оңтүстік Қырғызстан және оңтүстік-батыс Қазақстанмен сәйкес) және оны 999–1211 жылдар аралығында биледі. Олардың Трансоксианаға келуі Орталық Азиядағы ирандықтан түркілік үстемдікке түбегейлі ауысуды бастады, бірақ бірте-бірте қараханидтер аймақтың парсы-араб мұсылман мәдениетіне сіңісіп кетті.
XIII-ғасырда Моңғол империясы Орталық Азияны басып алып, Хорезм империясына басып кіріп, қала, халықты тонап, қырып тастады. Түркі-моңғол жаулаушысы Әмір Темір қазіргі Тәжікстан мен Орталық Азияда Темір әулетін құрды.
Бұхара билігі
Қазіргі Тәжікстан XVI-ғасырда Бұхара хандығының қол астына өтті. XVIII-ғасырда империяның күйреуімен ол Бұхара әмірлігі мен Қоқан хандығы билігінде болды.
Бұхара әмірлігі XX-ғасырға дейін өзгеріссіз қалды, бірақ XIX-ғасырда Ресей империясы аймақтың кейбір бөліктерін жаулап алуды бастады.
Империя тұсындағы тарихы
Орыс империализмі нәтижесінде Орталық Азия толықтай Ресей империясының құрамына енді. 1864–1885 жылдар аралығында Ресей бірте-бірте Түркістанның бүкіл аумағын өз құрамына енгізді.
1885 жылға қарай Тәжікстан территориясын не Ресей империясы, не оның вассал мемлекеті Бұхара әмірлігі басқарды, дегенмен тәжіктер Ресейдің ықпалын аз сезінді.
XIX-ғасырдың аяғында жәдитшілер өздерін бүкіл аймақта исламдық қоғамдық қозғалыс ретінде танытты. Жәдитшілдер модернизацияны жақтаған және міндетті түрде орысқа қарсы емес болса да, орыстар бұл қозғалысты қауіп ретінде қарастырды, өйткені Ресей империясы негізінен христиан болды. 1910–1913 жылдар аралығындағы Қоқан хандығына қарсы көтерілістер кезінде орыс әскерлері тәртіпті қалпына келтіруге міндетті болды. 1916 жылы шілдеде демонстранттар Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Хожанттағы орыс әскерлеріне күштеп шақыру қаупімен шабуыл жасағанда, наразылық шаралар жалғастырды. Орыс әскерлері Хожантты тез арада қайтарғанына қарамастан қақтығыстар Тәжікстанның әртүрлі жерлерінде жалғаса берді.
Кеңес үкіметі
1917 жылғы орыс төңкерісінен кейін Орталық Азиядағы «басмашылар» деген атпен белгілі партизандар тәуелсіздікті сақтау үшін большевик әскерлеріне қарсы соғыс жүргізді. Мешіттер мен ауылдар өртеніп, халық қатты қысымға ұшыраған төрт жылға созылған соғыстан кейін большевиктер жеңіске жетті. Кеңес үкіметі зайырландыру саясатын бастады. Исламды, иудаизмді және христиандықты ұстануға тыйым салынып, тәжік дін басылары қуғын-сүргінге ұшырады, көптеген мешіттер, шіркеулер мен синагогалар жабылды. Кеңестік ауыл шаруашылығы саясатының салдарынан Орталық Азия, соның ішінде Тәжікстан көптеген адамдардың өмірін қиған ашаршылыққа ұшырады.
1924 жылы Өзбек КСР құрамында Тәжік Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды, бірақ 1929 жылы Тәжік Кеңестік Социалистік Республикасы (Тәжік КСР) жеке құрамдас республика статусына ие болды; дегенмен, негізінен этникалық тәжік Самарқан мен Бұхара қалалары Өзбек КСР-ында қалды.
1927–1934 жылдар аралығында әсіресе оңтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және мақта өндірісінің қарқынды кеңеюі орын алды. Кеңестік ұжымдастыру саясаты шаруаларға қысым әкелді және Тәжікстанда күштеп қоныстандыру болды. Нәтижесінде кейбір шаруалар ұжымдастыруға қарсы күресіп, басмашылар қозғалысын жандандырды.
Сталинның жаппай тазарту саясатының екі кезеңі (1927–1934 және 1937–1938) Тәжікстан Коммунистік партиясының барлық деңгейінен 10 000-ға жуық адамның жұмысынан шығарылуына және қуғын-сүргінге түсуіне әкелді. Қуылғандардың орнына этникалық орыстар жіберілді және кейіннен орыстар барлық деңгейдегі партиялық лауазымдарға, соның ішінде бірінші хатшының жоғары лауазымына үстемдік етті.
1926-1959 жылдар аралығында Тәжікстан халқының арасындағы орыстардың үлесі 1%-дан 13%-ға дейін өсті. 1946-1956 жылдар аралығында Тәжікстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болған Бобожан Ғафуров Кеңес Одағы кезінде елден тыс маңызы бар жалғыз тәжік саясаткері болды. Одан кейін Тұрсынбай Ұлжабаев (1956–61), Джабар Расулов (1961–1982), Рахмон Нәбиев (1982–1985, 1991–1992) қызметте болды.
1939 жылы тәжіктер Кеңес Армиясы қатарына шақырыла бастады және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 260,000-ға жуық тәжік азаматы Германия, Финляндия және Жапонияға қарсы соғысты.
1957–1958 жылдардағы Никита Хрущёвтің «Тың игеру» саясаты кезінде тұрмыс жағдайы, білімі мен өнеркәсібі басқа кеңестік республикалардан артта қалған Тәжікстанға назар аударды. 1980 жылдардың аяғында тәжік ұлтшылдары құқықтарды арттыруға шақырды. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Тәжікстан 9 қыркүйекте тәуелсіздігін жариялады, бұл күн қазір елдің Тәуелсіздік күні ретінде тойланады.
Тәуелсіздік алуы Бүкіл КСРО-да Михаил Сергеевич Горбачёв жариялаған қайта құру (перестройка) дәуірі басталғаннан кейін республикалардың тәуелсіздігін жақтаушылар ашық әрі еркін сөйлей бастады. Тәуелсіздікті жақтаушылар Тәжікстан Исламдық қайта өрлеу партиясы, Тәжікстан Демократиялық партиясы және ұлттық демократиялық «Растохез» (Жаңғыру) қозғалыстары болды.
КСРО ыдырауы қарсаңында Тәжік КСР халқы екі лагерьге бөлінді. Біріншісі Тәжікстанға тәуелсіздік алуды, тәжік мәдениеті мен тілін қалпына келтіруді, Иран, Ауғанстан және басқа елдермен саяси және мәдени қарым-қатынастарды қалпына келтіруді, ал халықтың екінші бөлігі тәуелсіздікке қарсы шығып, КСРО-ның бір бөлігі болып қалуды қалағандар.
Кеңес Одағының сақтау туралы 1991 жылғы референдумда (ел тарихындағы бірінші халықаралық деңгейде бақыланған референдум) Тәжікстандағы сайлаушылардың 97%-ға жуығы 1-сұрақты мақұлдады: «Кез келген ұлттың адам құқықтары мен бостандықтары толық қамтамасыз етілетін тең құқылы егеменді республикалардың жаңарған федерациясы ретінде КСРО-ны сақтау қажет деп санайсыз ба?». Сол жылдың желтоқсанында КСРО таратылған кезде Тәжікстан халқының едәуір бөлігі Кеңес Одағының одақтық республикаларының сол кездегі тәуелсіздікке қол жеткізгенін қолдады.
1990 жылы ақпанда Душанбеде және басқа қалаларда әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиындығы, тұрғын үйдің болмауы, жастардың жұмыссыздығы салдарынан тәртіпсіздіктер мен ереуілдер басталды. Ереуілдерге ұлтшыл-демократиялық оппозиция мен тәуелсіздік жақтастары қосылып, республиканың тәуелсіздігі мен демократиялық реформаларды талап ете бастады. Исламистер де өз құқықтары мен республиканың тәуелсіздігін сақтауды талап етіп, ереуілдер ұйымдастыра бастады. Кеңес үкіметі жанжалды жою үшін Душанбеге Ішкі әскерлерді енгізді.
Тәуелсіздігі
Тәуелсіздікке қол жеткізген салысымен Тәжікстанның түрлі топтарының арасында азаматтық соғыс басталды; қақтығыстар көбінесе кландық бөлінісімен ерекшеленді. Осы уақыт ішінде қуғын-сүргін, кедейліктің артуы және Батыста немесе Посткеңестік кеңістікте экономикалық мүмкіндіктердің жақсырақ болуы салдарынан 500,000-нан астам тұрғын қашып кетті. Тұңғыш сайланған президент Рахмон Нәбиұлы Нәбиевтің отставкаға кетуіне мәжбүр болғаннан кейін Эмомали Рахмон 1992 жылы билікке келді, қарашада өткен президенттік сайлауда бұрынғы премьер-министр Әбдумәлік Абдуллаұлы Абдулладжановқа қарсы 58% дауыспен жеңіп шықты. Сайлау соғыс аяқталғаннан кейін өткен, Тәжікстан күйреген күйде болды. Өлгендердің саны 100 мыңнан асады. 1,2 миллионға жуық адам ел ішінде және сыртында босқын болды.