Қандыгүл, қансигек () – сұңғыла тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Кейде бір не екі жылдық түрлері де кездеседі. Жер шарында кең тараған 600-дей түрі белгілі. Қазақстанның жазықты жерлеріндегі ылғалды шабындықтарда, батпақты және сазды жерлерде, таулы аудандағы субальпілік, альпілік белдеулердің төменгі бөліктерінде өсетін 47 түрі (оның 9-ы – эндемиктер) бар. Қандыгүлдің биіктігі 10 – 50 см, кейде 80 см-дей болады. Жапырақтары кезектесіп, топтасып немесе қарамауылықарсы орналасқан. Тостағанша жапырақшасы қоңырау немесе түтік тәрізді. Күлтесі қос ерінді болады. Аталығы – 4, аналығы – біреу. Гүлшоғыры масақ тәрізді. Мамырдан тамызға дейін гүлдеп, маусым – тамыз айларында жеміс береді. Жемісі – екі ұялы қорапша. Қандыгүл – жартылай паразиттік өсімдік. Бұлар әр түрлі өсімдіктердің тамырына жабысып алып, ондағы су мен минералды заттарды сорады. Осының нәтижесінде өсімдік қурап қалады. Қандыгүлдің кейбір түрлері – улы. Тундрада өсетін түрлерімен бұғылар қоректенеді. Кей жағдайда Қандыгүлді халық медицинасы мен ветеринарияда инсектицидтер жасауда пайдаланылады.Қазақстан Республикасының табиғаты 3 том, 2 бөлім
Дереккөздер
Санат:Сұңғыла тұқымдасы