Коагуляттану, коагуляция (лат. coagulatіo – ұю, қоюлану) – дисперсті, әсіресе, коллоидты жүйелер бөлшектерінің араласуы мен қозғалысы кезінде бір-бірімен бірігіп іріленуі. Коагуляттану әсерінен іріленген бөлшектер тұнбаға түсуі немесе (егер олардың меншікті салмағы дисперсті ортаның меншікті салмағынан аз болса) бетіне қалқып шығуы мүмкін. Осыдан коллоидты жүйедегі дисперсті фазаның концентрациясы кемиді. Коагуляттану екі сатыда жүреді: 1) бөлшектер бір-бірімен қосылып ірілене бастайды; 2) іріленген бөлшектер тұнбаға түседі немесе бетіне қалқып шығады. Коагуляттану, көбінесе, коагулянттар (электролит немесе электролит емес заттар) қосу, ұзаққа созылған диализ, электрофорез, шайқау, қыздыру, т.б. сыртқы әрекеттер әсерінен тез жүреді. Коагуляттану – табиғатта, техникада жиі кездесетін дисперстік жүйеде кеңінен таралған құбылыс. Коагуляттанудың биологиялық, метеорологиялық құбылыстарда, жер қыртысында, топырақта жүріп жатқан процестерде маңызы зор. Коагуляттану табиғи және ақаба суларды тазартуда, өндірістік қалдықтардан құнды заттарды, латекстен каучукты бөліп алуда кеңінен қолданылады.

Дереккөздер Қазақ Энциклопедиясы, 11 - том

Санат:Медицина