Багирмилер (өз атауы — бармаге) — Чад Республикасындағы халық. Туыстас халықтармен (кука, бонго, бака, кенга, т.б.) бірге Шари өзені бойын қоныстанған. Жалпы саны 70 мың адам (2005), 15 мыңға жуығы Суданда тұрады.
Тілі Ніл-Сахара тілдері тобы шари-ніл бөлігінің орталық Судан бұтағына жататын багирми тілінде сөйлейді. Қазіргі кезде бұл тіл екінші тіл ретінде қолданылып, бірінші тілдің орнын араб тілі алды.
Діні Кейбір ұлт өкілдері ислам дінін ұстанса, басқалары дәстүрлі наным-сенімдерін ұстанады.
Кәсібі Негізгі кәсібі — егіншілік (тары, сорго, жүгері, күнжіт, арахис, т.б. өсіреді), мал шаруышылығымен және балық аулаумен айналысады. Багирмилер ұсталары ертеден-ақ темір мен мыс балқытып, оны өңдей білген. Қолөнері дамыған. Ұсталар мен былғарышылар әулеті бар.
Өмір салты Дәстүрлі қоғамдық ұйымның негізін ауыл қауымы құрайды, рулық тектілер мен көсемдер сақталған.
Тұрғын үйлері ағаш қабырғалармен қоршалған. Үйлері дөңгелек, шатыры конус тәрізді. Қабырғалар іші геометриялық өрнектермен боялған. Саздан жасалған бөтелке түріне ұқсас астық қоймалары бар.
Дәстүрлі киімі – кестемен әшекейленген бубу.
Азық-түліктерінде тары ботқасы мен сүт басым.
Дереккөздер
Санат:Чад халықтары Санат:Судан халықтары