Шаған – Жайық алабындағы өзен.
Географиялық орны Ресейдің Орынбор, Қазақстанның Батыс Қазақстан облыстары аумағындағы өзен.
Бастауы Ресей аумағында Жалпы Сырт қыратындағы бұлақтардан басталып, Орал қаласы тұсында (Қазақстанда) Жайыққа құяды.
Гидрологиясы Ұзындығы 264 км, су жиналатын алабы 7530 км2. Кішігірім 23 саласы бар. Аңғары сағасынан 40 — 42 км қашықтықта ғана айқын байқалады, ені 2 - 3 км, жағалық еңістігі 3 - 5°, қалған бөліктерінде байқалмайды. Жайылымы Крутая өзені құйғанға дейін бір жағадан екіншісіне ауысып отырады, ені 300 м-ге дейін, одан төменде жайылымы Жайықтың аңғарын қамтыған. Ені 8 км-дей, бірнеше ескі арналар мен өзектер тілімдеген. Арнасы айқын қалыптасқан, жағалары негізінен жарқабақты. Көктемде тасып, жазғы-күзгі кезеңде сабасына түседі, қыста мұз қатады. Көктемгі су тасу кезінде су деңгейі 10 — 13 м-ге дейін көтеріледі. Негізінен жауын-шашын, аздап жер асты суымен толығады. Суының минералдылығы көктемгі су тасу кезеңінде 50 — 150 мг/л-ден жазда 300 — 700 мг/л-ге, қыста 500 — 1500 мг/л-ге дейін өзгереді. Көп жылдық орташа су ағымы Новенькое ауылы тұсында 9,94 м3/с. Суында ақмарқа, көксерке, табан, сазан, бекіре, шоқыр балықтары мекендейді. Өзен бойында орналасқан елді мекендерді, Орал қаласын ауыз сумен қамтамасыз етеді, егістік, шабындық суаруға пайдаланылады.Қазақ энциклопедиясы , 9 том 18 бөлім
Дереккөздер
Санат:Ресей өзендері Санат:Бәйтерек ауданы өзендері Санат:Жайық су алабы өңірі өзендері