Костенки тұрақтары – жоғарғы палеолит дәуірінен сақталған ескерткіштер, Дон өзенінің жағалауынан, Воронеж қаласының оңтүстігіндегі Костенки селосы маңынан табылған бір топ қоныс орындары. Алғаш рет 1879 ж. И.С. Поляков ашты. 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары П.П. Ефименко, 40 – 60-жылдары А.Н. Рогачев қазба жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда 20-дан астам қоныс орындары зерттелді. Костенки тұрақтарынан табылған бұйымдарға қарап, ғалымдар палеолит дәуіріндегі баспана түрлерін анықтады, кейінгі палеолитті мерзімдеу мәселелерін шешті. Кейбір тұрақтарда бірнеше мәдени қабаттар сақталған. Костенки-1-ден бес мәдени қабат анықталды. Жоғарғысынан ошақ орны бар үлкен үй (көл. 3515 м), көптеген жертөлелер мен шаруашылық шұңқырлары аршылып, жануарлар сүйектерінен және тастан жасалынған бұйымдардан басқа 40 шақты әйел мүсіндері теріліп алынған. Костенки-2-ден мамонт сүйектерінен құрастырылған үй орны (көл. 78 м) мен оның маңындағы моладан жүресінен отырғызылып қойылған қарт адамның сүйегі шықты. Костенки-3 екі мәдени қабаттан тұрады. Үстіңгісінен диаметрі 6 м шамасында екі қоныс орны, төменгісінен ұзынша келген екі баспана аршылып, олардан тастан, сүйектен жасалынған еңбек құралдары (сүңгі мен найза ұштары, қалақша, балта, сүргі, біз, ине), әйел, аң мүсіндері табылды. Костенки-15-тегі жер үй қалдықтарынан да осындай құралдар, әшекейлер шыққан. Одан 6 жас шамасындағы баланың мүрдесі, тас және сүйек заттар алынды. Костенки тұрақтары ескерткіштерін зерттеуге Қазақстан ғалымы Х.А. Алпысбаев та қатысты.

Пайдаланған әдебиет Ефименко П.П., Первобытное общество. 3 изд., К., 1953;

Рогачев А.Н., Александровское поселение древнекаменного века у села Костенки на Дону, М. – Л., 1955;

Алпысбаев Х.А., Позднее палеолитическое поселение Костенки ҚҚ, Л., 1958;

Борисковский П.И., Очерки по палеолиту бассейна Дона, М. – Л., 1963.

Д. Байгунаков

Қазақ Энциклопедиясы, 11 - том

Санат:Тарих