Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева (7 мамыр 1963 жыл, Теміртау) — қазақстандық саясаткер және қоғам қайраткері, саясаттану және экономика ғылымдарының докторы, тарихтану кандидаты. 2004–2007, 2012–2015 және 2021–2022 жылдары Мәжіліс депутаты, Сенаттың бұрынғы төрайымы (2019–2020). Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы.
Байлығы 2024 жылы байлығы 590 млн $ бағаланды. «Европа плюс Қазақстан» мен «Тәуелсіз Телеарна» ЖШС (НТК телеарнасы) иелік етеді. Сондай-ақ, «DLS Group» ЖШС холдингтік компаниясы арқылы «Region-Media» ЖШС-де үлесі бар.
Еңбек жолы және саяси мансабы 1980—1983 — М. В. Ломоносов атындағы ММУ тарих факультетінде оқыды. 1983—1985 — С. М. Киров атындағы ҚазМУ тарих факультетінің студенті. 1985—1987 — М. В. Ломоносов атындағы ММУ тарих факультетінің тағылымгер-зерттеушісі. 1987—1990 — М. В. Ломоносов атындағы ММУ аспиранты. 1992—1994 — «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице-президенті. 1994—1995 — «Қазақстан теледидары мен радиосы» Республикалық корпорациясының вице-президенті, «Хабар» Ұлттық теледидар ақпарат агенттігінің директоры. 1995—1998 — «Хабар» Агенттігі» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры. 1998—2001 — «Хабар» Агенттігі» ЖАҚ президенті. 2001—2004 — «Хабар» Агенттігі» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрайымы. 19 қыркүйек 2004 - 20 маусым 2007 — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің III шақырылым депутаты («Асар» Республикалық партиясының тізімі бойынша), 2005 жылдың ақпан айынан 2007 жылдың 20 маусымына дейін — «Аймақ» депутаттық тобының жетекшісі. 2007 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының директор. 20 қаңтар 2012 - қыркүйек 2015 — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылым депутаты («Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының тізімі бойынша), әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы. 3 сәуір 2014 - қыркүйек 2015 — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі. 11 қыркүйек 2015 - 13 қыркүйек 2016 — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары. 13 қыркүйек 2016 - 20 наурыз 2019 — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комитет Төрағасы. 2019 жылғы 20 наурыз - 2020 жылғы 2 мамыр — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы. 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылғы ақпанға дейін - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты болды.
Басқа лауазымдары
Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның бұрынғы мүшесі; Қазақстан гимнастика федерациясының бұрынғы құрметті президенті; Халықаралық телевизиялық өнер және ғылым Академиясының директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі (Нью-Йорк); Еуразиялық стратегиялық зерттеулер орталығының экс-президенті (Мәскеу); Еуразиялық теледидар академиясының экс-вице-президенті (Мәскеу); Еуразиялық телефорум ұйымдастыру комитетінің экс-тең төрағасы (Мәскеу); «Еуразия» Халықаралық экономикалық академиясының экс-мүшесі»; «Дегдар» гуманитарлық қорының қамқоршылық кеңесінің төрайымы; «Асар-Береке» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрайымы; «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ қамқоршылық кеңесінің төрайымы; Орыс баспасөзінің дүниежүзілік қауымдастығының вице-президенті; «Жастар қалауы» РҚҰ қамқоршылық кеңесінің төрайымы; Сенаторлар кеңесінің төрайымы
Білімі 1980 жылы Алматыдағы Қ. Сәтпаев атындағы №56 гимназияны бітірді. 1980-1983 жылдары М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыды. 1985 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдады. 1991 жылы М. В. Ломоносов атындағы ММУ-де т.ғ.д., профессор И. В. Григорьеваның ғылыми жетекшілігімен тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «1947 жылғы республикалық Конституцияны қабылдау төңірегінде Италиядағы саяси күрес» (мамандығы 07.00.03-жалпы тарих) тақырыбында диссертация қорғады. Ресми оппоненттер - т.ғ.д. Н.П.Комолова және т.ғ.к. В.Н.Дахин. Жетекші ұйым - КСРО ҒА Халықаралық жұмыс қозғалысы институты. 1998 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы РМҚА-да «Жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі саяси жүйелерді демократияландыру» тақырыбы бойынша саяси ғылымдар докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады (мамандығы 23.00.02 – саяси институттар мен процестер). Ғылыми кеңесші – филос.ғ.д., профессор В.С.Комаровский. Ресми оппоненттер - э.ғ.д., профессор Д.В.Валовой, саясат ғылымдарының докторы, профессор А.А.Чичановский және әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор М.М.Тәжин. Жетекші ұйым – РҒА Әлеуметтік-саяси зерттеулер институты.
Қазақ, орыс, ағылшын, итальян, португал, қытай тілдерін меңгерген.
«Хабар» Агенттігі Дариға Назарбаеваның мансап сатысындағы қадамы 1992 жылы оның анасы Сара Назарбаева негізін қалаған «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице-президенті болып тағайындалуынан басталды. Қор балаларға көмек көрсетуге бағытталған Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы ұйым болды.
1994 жылы Дариға Назарбаева «Қазақстан теледидары мен радиосы» Республикалық корпорациясының вице-президенті болып тағайындалды. 1995 жылы Қазақ ТВ ақпараттық қызметінің негізінде «Хабар»телеарнасы құрылды. Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен «Хабар» өзінің меншікті тілшілер желісін дамытып, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, ел телеарналары арасында көшбасшы орынға ие болды.
«Хабардан» бөлек Дариға Назарбаевамен байланысты құрылымдар «Европа Плюс» радиостанциясын, КТК, НТК телекомпанияларын, танымал «Караван» газетін сатып алды. Жаңа медиа-холдингті басқару үшін «ТВ-медиа» және «Алма-медиа» компаниялары құрылды.
1998 жылы «Хабар» жабық акционерлік қоғам болып қайта құрылды, ал Дариға Назарбаева ЖАҚ президенті лауазымына, ал 2001 жылдан бастап Директорлар кеңесінің төрайымы болды.
1999 жылы «Алатау» шипажайының аумағында Дариға Назарбаеваның қолдауымен «Алматы — менің алғашқы махаббатым!» атты алғашқы ретро-фестиваль өтті, шараны «Хабар» агенттігі ұйымдастырды. Фестивальдің басты идеясы алматылықтардың ұрпақтар арасындағы рухани байланысын сақтап қалу, Алматы - еліміздің мәдени орталығы деген мәртебесін қолдау, қаланың 1960–1980-ші жылдардың басындағы бірегей мәдениетін және рухани ахуалын қайта жандандыру болды.
2001 жылдың маусым айында Мәскеуде өткен «Ақпарат: ХХІ ғасыр сын-тегеуріні» ақпараттық ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік конгресте Дариға Назарбаева тұрақты түрде жұмыс істейтін Еуразиялық медиафорум құруды ұсынды. Ол медиафорумға қатысушылар Еуразиялық ақпараттық кеңістікті құру мәселелерін, мемлекет пен БАҚ өзара қарым-қатынасын, сондай-ақ журналистиканың этикалық нормаларын талқылай алатынын атап өтті. Бірінші Еуразиялық медиафорум 2002 жылдың сәуір айында Алматыда өтті, оны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау сөзімен ашты.
2002 жылы Қазақстан журналистерінің I Конгресі ашылды, 27 сәуірде Қазақстан Журналистер Конгресінің бастамашыл тобының жиналысында Дариға Назарбаева атқарушы комитеттің төрайымы болып сайланды. Аталмыш конгресте алғаш рет елімізде журналист этикасы кодексін құру мәселесі көтерілді.
«Асар» партиясы 2002 жылдың қазан айында Дариға Назарбаева «Жастар қалауы» блогының қамқоршылық кеңесінің төрайымы болып тағайындалды, блоктың алғашқы конференциясында Қазақстан жастар Конгерсін құру туралы ұсыныс жасалды.
2003 жылы Назарбаева «Асар» Республикалық партиясын ұйымдастырып, оған көшбасшылық етті. Бірнеше ай ішінде «Асардың» қатарына кіруге ниет білдірушілер тарапынан 167 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның 139 мыңы өңделіп, түпнұсқалығы тексерілді, Әділет министрлігіне 77 мың қол тіркеуге жіберілді. «Асар» өзін орталықшыл толқын партиясы деп атап, өзінің басты міндеттерінің бірі қоғамдағы сезімтал нүктелерді анықтау және оларды шешу деп білді. 2003 жылғы желтоқсанда партия тіркелді.
2004 жылғы Мәжіліс сайлауының қорытындысына сай партиялық тізім бойынша 541 239 (11,38 %) сайлаушылардың дауысын жинап, партия үшінші орынды иеленді, мәжілісте партия тізімі бойынша депутат Дариға Назарбаева болды, сондай-ақ, «Асар» атынан бір мандатты үш депутат округтар бойынша сайланды.
2005 жылдың ақпанында Қазақстан Парламентінде жаңа «Аймақ» депутаттық тобы құрылды, оған 36 депутат кірді (28-Мәжілістен және 8-Сенаттан). Оның басшысы болып Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева сайланды. «Аймақ» депутаттық тобының негізгі мақсаты өңірлерді дамытуға бағытталған қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға жәрдемдесу және бақылау жасау, әкімшілік реформа мен жергілікті өзін-өзі басқаруды әзірлеуге және заңнамалық қамтамасыз етуге белсенді қатысу, кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.
2006 жылғы 4 шілдеде партияның кезектен тыс съезі өтті, онда «Отан» Республикалық саяси партиясына қосылу туралы шешім қабылданды (2006 жылғы желтоқсаннан бастап - «Нұр Отан»), ал Дариға Назарбаева «Нұр Отан» партиясы жетекшісінің орынбасары болып тағайындалды.
Тұңғыш Президент Қоры 2007 жылдан бастап Дариға Назарбаева Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының директоры болып табылады, қоғамдық және қайырымдылық қызметпен айналысты, халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысты.
Қор өз қызметін үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады: 1) жастар бағдарламалары (қазақстандық жастардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін ашуға және іске асыруға, олардың зерттеулері мен жобаларын қолдай отырып, сондай-ақ ғылыми және шығармашылық іс-шаралар жүргізе отырып көмектеседі); 2) әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық; 3) талдау орталығы – Әлемдік экономика және саясат институты.
2007 жылы Дариға Назарбаева «Нұрбанк» Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланып, саясаттан бизнеске оралды. 2010 жылдың мамыр айында Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиев «Нұрбанк» АҚ акционерлерінің құрамынан шықты, маусым айында олар сондай-ақ директорлар кеңесінен де шықты.
Қазақстан Парламенті Парламенттік сайлауда 2012 жылғы қаңтарда Дариға Назарбаева «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша депутат болып сайланды және мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетін басқарды.
2014 жылғы 3 сәуірде бірауыздан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері және «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі болып сайланды.
2015 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды.
2016 жылғы 15 қыркүйекте Президент Жарлығымен Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.
2019 жылы 20 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды. 2019 жылы 2 қыркүйекте Сенат Төрағасы болып қайта сайланды. 2020 жылы 2 мамырда мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды.
2021 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты.
Қоғамдық қызметі және қайырымдылық істері, қызығушылығы
1990 жылдардың соңынан бастап Дариға Назарбаева әнші ретінде қазақстандық телеарналардың экранынан үнемі көріне бастады, көптеген қайырымдылық концерттер берді, оның ішінде Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында көрсеткен өнерін атап айтуға болады. Оның репертуарында қазақ халық әндері, орыс романстары, опера ариялары, сондай-ақ Джо Дассен әндері бар. Назарбаева оқу оқып жүрген кезінде меццо-сопрано дауыспен ән айта алатынын анықтағанын, тіпті оны консерваторияға дайындық бөліміне шақырғанын айтады, алайда университеттегі оқуын тастап кетуге оған әкесі тыйым салған. Назарбаеваның айтуынша, оның дауыс ырғағын келтіріп, дайындаған атақты тенор Әлібек Дінішевке ұстаздық еткен Алматы операсының кәсіби педагогы Надия Шарипова болды.