Каспилер «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том– Каспий теңізі жағалауын қоныстанған ежелгі сақ тайпаларының бірі. “Каспилер” атауы алғаш Геродоттың “Тарих” аталатын шығармасында кездеседі (біздің заманымыздан бұрын5 ғасыр). Негізгі кәсібі – көшпелі мал шаруашалығы болған. Мидия, албан, ғұн, түркі, тағы басқа тайпалармен араласып кеткен. Каспилердің атынан Каспий теңізінің, Кавказ (Қапқас) тауының және ежелгі Әзербайжанның Каспиана облысының атауы шыққан. Ежелгі дәуір авторларының (Геродот, Страбон, Клавдий, Птолемей) деректері бойынша, Каспилер біздің заманымыздан бұрын1-мыңжылдық соңына дейін қазіргі Каспий теңізінің оңтүстік-батыс және батыс жағалауын қоныстанған. Жылқы, түйе, ешкі, сиыр өсірген, жүзім еккен, балық аулаған, қолөнерімен және саудамен айналысқан. Геродот Каспилердің парсы патшасы Ксеркстің гректерге қарсы жорығына қатысқанын жазады. *Каспилерлер мал терісінен жасалған киім киіп, садақ пен қисық қылышпен қаруланған. Қазіргі заманғы кейбір зерттеушілер ежелгі түркі тайпасы “қасог” пен қазіргі “қазақ” халқы этнонимінің пайда болу тарихын Каспилер атауымен байланыстырады (қас – сақ). 1865 жылы жарық көрген “Ресей империясының географиялық-статистикалық жинағында” қасог тайпасын қайсақтармен (қазақтармен) бір деп жазады. Страбон жазбасында қа-согтар скифтер (сақтар) қатарында аталған. 748 жылы Константин Багрянародный “Закхияның арғы жағында Панагия бар, Панагиядан әрі Қазахия. Қазахияның сырты Кавказ тауы, одан әрі аландар мекені” деп жазды. Заратуштраның өсиеттерінің жинағы “Авеста” біздің заманымыздан бұрын 3 ғасырда “авеста тілі” деп аталатын каспи тілінде алғаш рет хатқа түскен.

Дереккөздер:

Санат:Тарих