«Эмиль Золя өмірі» () — режиссер Уильям Дитерле түсірген, басты рөлді Пол Муни сомдаған америкалық ғұмырнамалық драма жанрындағы фильм. Бұл туынды 19 ғасырдағы атақты франциялық жазушы Эмиль Золяның өміріне арналған.

Фильм Лос-Анджелестегі Carthay Circle театрында көрсетіліп, көрермендер мен сыншылар тарапынан үлкен оң баға алып, коммерциялық тұрғыдан да зор табысқа жетті. Замандас сыншылар бұл туындыны сол уақытқа дейін түсірілген ең ұлы ғұмырнамалық фильмдердің қатарына қойды.

2000 жылы бұл фильм АҚШ Конгресс кітапханасы тарапынан «мәдени, тарихи немесе эстетикалық маңызы бар» туынды ретінде елдің АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміне сақтау үшін таңдалды.

Ұлы тоқырау кезеңінде және Нацистік партия Германияда билікке келгеннен кейін түсірілген бұл фильм 19 ғасырдың аяғында Франциядағы антисемиттік әділетсіздік мәселесін ашып көрсете алмады — сол кезеңде Золя Дрейфус іciне араласып, офицерді босату үшін күрескен болатын. Кейінгі зерттеулер бұл фильмді Голливудтың сол кездегі батылсыздығының мысалы ретінде атап өтеді: фильмде антисемитизм туралы айтылмады, диалогтарда «еврей» сөзі де қолданылмады. Бұл кезеңде кейбір нацизмге қарсы фильмдер тоқтатылып, басқа да мазмұндар өзгертілген еді. Сондай-ақ бұл сыртқы цензура қаупіне қарсы Голливуд ішкі цензура жүйесі — Өндірістік кодексті орнатқан кезең болатын.

«Эмиль Золя өмірі» «Ұлы Зигфелдтен» кейін «Үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын жеңіп алған екінші ғұмырнамалық фильм болды. Сондай-ақ бұл Warner Bros. Pictures компаниясының «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жеткен алғашқы туындысы еді.

Сюжеті Фильм оқиғасы XIX ғасырдың ортасы мен аяғы аралығында өтеді және прологта атап өтілгендей, жазушы өмірбаянының еркін бейімделген нұсқасы болып табылады. Соған қарамастан, туындыда танымал тарихи тұлғалар көптеп кездеседі. Фильм Золяның суретші-постимпрессионист Поль Сезаннмен болған жастық достығы, жемісті шығармашылығының арқасында атақ-даңққа жетуі туралы баяндайды, сондай-ақ жазушының Дрейфус іciне қатысуын зерттейді.

1862 жылы Парижде өмір сүру үшін күресіп жүрген жазушы Эмиль Золя (Пол Муни) досы – суретші Поль Сезаннмен (Владимир Соколов) бірге шатыр пәтерді бөліседі. Оның қалыңдығы Александрина оған кітап дүкенінен жұмыс тауып береді, алайда көп ұзамай ол «Клодтың мойындауы» (1865) атты арандатушылық романымен бастығы мен полиция агентінің ашуын тудырғаны үшін жұмыстан босатылады. Содан кейін ол француз қоғамындағы көптеген әділетсіздіктің куәсі болады: бұған адамға толы жағалау лашықтары, заңсыз жұмыс жағдайлары, сондай-ақ армия мен үкіметтегі сыбайлас жемқорлық жатады. Ақырында, полиция рейдiнен тығылып жүрген көше әйелімен (Эрин О’Брайен-Мур) кездейсоқ кездесуі оған париждік өмірдің қатал сырларын әшкерелейтін алғашқы бестселлері — «Нана» романын жазуға шабыт береді.

Бас цензордың өтініштеріне қарамастан, Золя 1870 жылғы Франк-прусс соғысындағы қателіктері мен берекесіздігі апатты жеңіліске әкеп соқтырған француз жоғары қолбасшылығын қатал сынайтын «Талқандау» сияқты басқа да сәтті туындыларын жазады. Ол бай әрі атақты болып, Александринаға (Глория Холден) үйленеді және өз зәулім үйінде жайлы өмір сүре бастайды. Бір күні әлі де кедей әрі танымал емес ескі досы Сезанн қаладан кетер алдында оған қонаққа келеді.

Рөлдерде Пол Муни — Эмиль Золя Глория Холден — Александрин Золя Гейл Сондергард — Люси Дрейфус Джозеф Шильдкраут — капитан Альфред Дрейфус Владимир Соколов — Поль Сезанн Джон Лител — Карпентер Генри О’Нил — полковник Пикар Моррис Карновски — Анатоль Франс Гилберт Эмери — әскери министр Монтегю Лав — Эжен Кавеньяк Роберт Бэррат — Фердинанд Эстерхази Дональд Крисп — мастер Лабори Дики Мур — Пьер Дрейфус Луи Кэлхерн — майор Дорт Роберт Уорик — майор Анри Марша Мэй Джонс — Хелен Ричардс

Дереккөздер

Санат:1937 жылғы АҚШ фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:Уильям Дитерле фильмдері Санат:АҚШ драма-фильмдері Санат:АҚШ ғұмырнамалық фильмдері Санат:Үздік фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері (фильмдер) Санат:Warner Bros. фильмдері