Қазақ халқы ерте заманнан-ақ білімді де сауатты болуға ұмтылған, әрбір ата-ана баласына әдептілікті үйретіп, сауатты да білімді болуға баулыған.

Алғашқы білім ошақтары XIX ғасырдың орта кезіне дейін қазақ балалары дәстүрлі діни мектептер мен медреселерде мұсылманша білім алды. Оларда негізінен ер балалар ғана оқыды, оқу ата-аналарының қаржысы есебінен жүзеге асырылды, балаларды молдалар оқытты. Ол кезде халық арасында медреселердің беделі күшті болды. Олар молдалар мен мектеп мұғалімдерін даярлады. Оқу мерзімі 3—4 жылға дейін созылды. Медресе шәкірттері ислам дінінің негіздері бойынша бастауыш білім алумен қатар философия, математика, медицина, тарих, тіл білімі (лингвистика) және астрономия жөнінде де едәуір хабардар болып шықты. Діни оқу орындарының басты қызметінің бірі жастардың бойына әдептілік өнегесі мен адамгершілік қасиеттерді дарыту болды.

1870 жылдан бастап патша үкіметінің бастамасы бойынша медреселерде міндетті түрде орыс тілінің негіздерін үйрету енгізілді. Медреседе ұстаздыққа әдетте жасы 40-тан асқан ер адамдар ғана қабылданды. Олардың медресені бітіргені туралы құжатының болуы талап етілетін. Кейіннен патша үкіметі мұсылманша оқытуды да өз бақылауына алуға тырысты. Мәселен, 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар бойынша мектептер мен медреселер ашу үшін уезд бастығының арнайы рұқсатын алу керек болды. Сол кездерден бастап патша үкіметі мұсылмандардың оқу орындарын ашықтан-ашық кемсітіп, қорлау саясатына көшті.

1813 жылы Омбыда, ал 1825 жылы Орынборда әскери училищелер ашылды. Кейіннен олар Сібір және Орынбор Неплюев кадет корпустарына айналды. Бұл оқу орындарына қазақ балаларын қабылдауға едәуір шек қойылды. Ұлты қазақ кадеттер бірқатар әскери пәндерді оқып үйренуге жіберілмеді. Омбы кадет корпусын белгілі қазақ ғалымы, зерттеуші әрі ағартушы Шоқан Уәлиханов бітіріп шыққан еді.

1841 жылы Бөкей хандығында Жәңгір ханның бастамасы бойынша алғашқы қазақ мектебі ашылды. Ол мектептің оқушылары орыс тілін, математиканы, географияны, бірқатар шығыс халықтарының тілдерін, сондай-ақ ислам дінінің негіздерін оқып үйренді. Қазақ балаларының сабақ үйренуін Жәңгір ханның өзі тікелей бақылап, неғұрлым қабілетті деген балаларды ол Қазанға, Ресейдің басқа да қалаларына оқуға жіберіп отырды. Жалпы алғанда, Қазақстанда халыққа білім беру ісі мен сауаттылық деңгейін қанағаттанарлық болды деп айтуға келмеді, зайырлы мектептер өте аз еді, маман мұғалімдер жетіспеді. Көшпелі және жартылай көшпелі өмір салты жағдайында тұрақты мектептер ашу қиын болды.

Қазақ даласындағы білім беру жүйесі

Қазақ даласындағы білім беру жүйесінің дамуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол қазақ балаларын оқыту үшін оқу орнын ашуға рұқсат сұрап, бірнеше мәрте үкіметке хат жазған, 1860 жылы Алтынсариннің өтініштері қанағаттандырылып, халық қолдауының арқасында қаражат жиналып, өзінің кейбір жинақтары қосылып, мектеп ғимаратының құрылысы басталады. 1864 жылдың 8 қаңтарында мектеп салтанатты түрде ашылады. Қазақ даласында оны «Қара шаңырақ», «Алғашқы қарлығаш» деп атаған. Алтынсарин осы оқиғаға «Кел, балалар, оқылық!» атты әйгілі өлеңін арнаған. Мектеп сол кездің өзінде жаңа әдістемелік бағытты ұстанып, дәстүрлі діни оқуды емес, зайырлы, ғылыми бағыттағы білім беруді көздеді.

Қазақстанды өнеркәсіптік тұрғыдан игерудің басталуына байланысты сауатты да білімді адамдарға деген сұраныс арта түсті. Сондықтан да 1850 жылы Орынборда оқу мерзімі жетіжылдық жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Ал 1857 жылы осындай мектеп Омбыда да ашылды. 1861 жылы Троицкіде, басқа да қалаларда орыс-қазақ мектептері ашылды. 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалары енгізілгеннен кейін және қоныс аударып келуші шаруалар қатарының арта түсуіне байланысты зайырлы мектептердің қатары көбейді. Қазақтардың балалары орыс поселкелері мен казак станицалары жанындағы мектептерде тегін немесе азын-аулақ ақы төлеп оқуға құқықты болды.

1879 жылы Ташкентте мұғалімдер институты ашылды. 1879 жылы Торғай облысында алғашқы екі сыныптық орыс-қазақ мектебі пайда болды. 1883 жылы Орынбор губерниясының Ор қаласында қазақтарға арналған мұғалімдер мектебі тұңғыш рет ашылды. Ол мектептің ашылуына да Ыбырай Алтынсариннің қосқан үлесі орасан зор болды. 1887 жылы барлық жерде бірдей болыстық орыс мектептері пайда бола бастады. Ал 1891 жылы Торғай, Ақтөбе, Қостанай және басқа қалаларда қыз балаларға арналған бастауыш мектептер ашылды. 1892 жылдан бастап қазақ балалары үшін ауылдық көшпелі мектептер ұйымдастырылды. XX ғасырдың бас кезінде дәстүрлі мектептер мен медреселер коғамның өскелең талаптарын қанағаттандырудан қалды. Мұсылман мектептерін реформалау қозғалысы басталды. XX ғасырдың бас кезінен бастап жаңа әдістемелік мектептер пайда бола бастады. Қазақстандағы ең алғашқы жаңа әдістемелік мектеп 1900 жылы Түркістан қаласында ашылды. Ондай мектептер Ақтөбе, Жаркент, Верный, Қазалы, Қостанай, Перовск, Семей сияқты басқа да қалаларда пайда бола бастады. Сол кездегі қазақ зиялыларының едәуір бөлігі жаңа әдістемелік мектептерде білім алып шыққандар болатын. Алайда жаңа әдістемелік мектептер елге кең көлемде тарай алмады, патша үкіметі жаңа әдістемелік мектептердің ашылуына барынша қатты қарсылық көрсетті. Себебі ондай мектептерді мұсылман діні мен түрікшілдік ошақтары деп бағалады. Соның салдарынан 1917 жылы Қазақстан аумағында 100-ге тарта ғана жаңа әдістемелік мектептер бар еді.

1901 жылы маусым айында Дала генерал-губернаторы Сухотин Ақмола және Семей облыстарының әскери губернаторларына далалық өлкелерде орыс-қазақ мектептерін ашуға ұсыныс жасады. Алғашқыда бұл идеяға қазақтар қауіптеніп сақтыкпен қарады. Балаларын орыстандырумен қатар шоқындырып жібереді деп қауіптенді. 1902 жылы Далалық өлкеде осындай 14 мектеп ашылған болатын. Олардағы оқу мерзімі екі жыл еді. Оқушылар қазақ және орыс тілдерін, арифметиканы оқыды. Кейінірек ислам дінінің негіздерін оқытуға да рұқсат етілді. Бірақ бұл ретте жұмсалатын қаржыны мұсылмандар өз қалталарынан төлеуге тиісті болды. Енді шығыс дала өңірінде осындай орыс-қазақ мектептерінің ашылуына шолу жасап өтейін. Патшалы Ресей кезінде Батыс-Сібір оқу округінің құрамына Томск және Тобольск губернияларымен Ақмола және Семей облыстары кірді. Осы оқу округі бойынша 1888-89, 1890, 1892,1895,1897, 1900, 1909 және 1916 жылдары естелік кітаптар шығарылыған. (Памятная книжка Западно-Сибирского учебного округа) Осы кітаптарда сол жылдарда осы округтегі білім беру мекемелері, атаулары, ашылған жылдары және тағы да басқа мәліметтер жинақталған. 1900 жылға дейінгі кітаптарда қазақ балаларына арналған Омбыдағы орыс және қазақ балалары үшін пансион ғана тіркелген. Ол 1881 жылдың 27 қаңтарында Ақмола және Семей облыстарында оқу бөлімін ұйымдастыру туралы жоғары Мемлекеттік кеңестің бекітілген қорытындысы негізінде құрылған. Пансионды ұстау үшін мемлекеттен жылына 3350 сом бөлініп отырған. Осы оқу орнында 1907 жылдың 1 қарашасынан бастап Жанатасов Садуақас деген адам қазақ тілінен дәріс берген екен.

1909 жылғы естелік кітапта Семей, Павлодар, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан уездеріндегі алғаш ашылған мектептер жайлы деректер бар. Өз өлкемізге жақын Өскемен уездерінде ашылған мектептер жайлы толығырақ тоқталып өтейін.

Өскемен уезі: 1. Ережеп орыс-қазақ (кітапта қырғыз деп жазылған) болыс мектебі, 1908 жылдың 22 қарашасында интернатпен бірге Шыңғыстай болысында ашылды, өз меншік үйінде, қазынадан 3680 сом бөлінеді. 1909 жылдың 1 қаңтарында 25 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 23 ұл бала оқиды. (бұл мектеп 1901 жылы 11 қазанда Халық Ағарту Министрлігі ауыл мектептері үшін бекіткен ережеге сәйкес училище дәрежесінде болды).

2. Нарым орыс-қазақ ауыл мектебі, 1902 жылы 2 қазанда Нарым болысында ашылды, қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 13 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 15 ұл бала оқиды.

3. Сібе орыс-қазақ ауыл мектебі, 1902 жылы 4 қазанда Сібе болысында ашылды, жер салығынан (земский сбор) 1909 жылы 540 сом, 1916 жылы 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 13 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 15 ұл бала оқиды.

4. Қалба орыс-қазақ ауыл мектебі, 1902 жылы 18 қарашада Қалба болысында ашылды, қазынадан 1909 жылы 540 сом, 1916 жылы 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 11 ұл бала, 1 қыз бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 17 ұл бала, 1 қыз бала оқиды.

5. Алтай орыс-қазақ ауыл мектебі, 1903 жылы 3 қазанда Алтай болысында ашылды, қазынадан 1909 жылы 540 сом, 1916 жылы 700 сом бөлінеді, өз меншік үйінде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 27 ұл бала, 1 қыз бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 18 ұл бала оқиды.

6. Бекбайлы орыс-қазақ ауыл мектебі, 1903 жылы 28 қазанда Шыңғыстай болысында ашылды, қазынадан 1909 жылы 540 сом, 1916 жылы 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 13 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 15 ұл бала оқиды.

7. Күршім орыс-қазақ ауыл мектебі, 1904 жылы 24 шілдеде Күршім болысында ашылды, 1909 жылы жер салығынан 540 сом, 1916 жылы қазынадан 160 сом, жер салығынан 540 сом бөлінеді, өз меншік үйінде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 16 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 18 ұл бала, 1 қыз бала оқиды.

8. Үркер орыс-қазақ ауыл мектебі, 1904 жылы 24 шілдесінде Үркер болысында ашылды, 1909 жылы жер салығынана 540 сом, 1916 жылы қазынадан 160 сом, жер салығынан 540 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 20 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 23 ұл бала оқиды.

9. Мешіт орыс-қазақ ауыл мектебі, 1904 жылы 16 қарашада Құлынжон болысының Мешіт ауылынды ашылды, 1909 жылы жер салығынана 540 сом, 1916 жылы қазынадан 160 сом, жер салығынан 540 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 58 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 30 ұл бала оқиды.

10. Ұлан орыс-қазақ ауыл мектебі, 1910 жылы 20 қыркүйекте Ұлан болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 25 ұл бала, 5 қыз бала оқиды.

11. Ахмер орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 19 қаңтарда Сібе болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 23 ұл бала оқиды.

12. Сұлусарыр орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 4 ақпанда Сұлусары болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 16 ұл бала оқиды.

13. Тайынты орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 6 ақпанда Тайынты болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 21 ұл бала оқиды.

14. Тарғын орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 6 ақпанда Тарғын болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 30 ұл бала, 1 қыз бала оқиды.

15. Чернояр орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 1 тамызда Бөкен болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 25 ұл бала, 1 қыз бала оқиды.

Бұл кітаптарда осы аймақтарда ашылған орыс мектептері жайлы деректер де толық келтірілген. Тек қазақ балалары оқыған діни мектептер, медреселер туралы деректер жоқ. Бөлінген қаржы, оқушылардың саны жайлы деректер мектептер зерттеліп, кітаптар шығарылған жылдары ғана көрсетілген. Олардың арасындағы жылдары да осы мектептер қызмет жасап, балаларға дәріс бергендігі аян. Өз өлкемізде Шыңғыстай болысында ашылған Ережеп орыс-қазақ болыс мектебі, Бекбайлы орыс-қазақ ауыл мектебі және Нарын болысынды ашылған Нарым орыс-қазақ ауыл мектебі жайлы кеңірек тоқталып өтейін.

Патшалы Ресей үкіметі губерниялық басқару кезінде 1898 жылы Шыңғыстай болысында орыс-қазақ балаларына арналған бір ауыл мектебін және бір мешіт ашуға рұхсат беріпті. Осыған орай 1903 жылы 28 қазанда Шыңғыстай болысында мектеп ашылып, Бекбайлы орыс-қазақ мектебі деп аталады (Бекбайлинская русско-киргизская аульная школа). Осы мектепте оқыған Мақажанов Көксеген атамыз естелігінде «Бекбайлы мектебі Әбдікерімнің ағасы Әбдіразақтың (Дүкен қажы) ағаш үйінде болды,»- дейді. Орыс географиялық қоғамының 1907 жылғы Семей облысы мен Томск губерниясының картасында қазіргі Шыңғыстай ауылының тұсында осы мектеп «Киргизская школа» деп белгіленіп көрсетілген. Бұл мектеп Кеңес өкіметі орнағанға дейін болыс мектебініен бөлек жеке-дара мектеп болған.