Көксу шайқасы — 1362 жылдың 24 қыркүйегі мен 25 желтоқсаны аралығында Көксу өзенінің (қазіргі Синюха өзені, Оңтүстік Бугтың саласы) бойында Литва Ұлы кінәздігінің ұлы князі Ольгерд бастаған әскер мен Алтын Орданың Подолиядағы әмірлері арасында өткен шайқас. Ұрыс қазіргі Украинаның Кировоград облысындағы Торговица бекінісі маңында өтті. Алтын Ордада Жәнібек хан мен Бердібек хан қайтыс болғаннан кейін басталған саяси дағдарысты пайдаланған Ольгерд оңтүстік бағытта жорық ұйымдастырды. Шайқаста литвалықтар Мурад ханға бағынышты үш ордалық әмірдің әскерін күйрете жеңді. Осы жеңістен кейін Киев кінәздігі, Подолия және қазіргі Украинаның едәуір бөлігі Литва Ұлы князьдігінің билігіне өтті.
Алғышарттары
1359 жылы Бердібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Ордада шамамен жиырма жылға созылған тақ таласы мен азаматтық қақтығыстар кезеңі басталды. Кейін бұл кезең тарихта Ұлы дүрбелең () деген атпен белгілі болды. Орталық биліктің әлсіреуінен Алтын Орда бірнеше дербес ұлыстарға бөлініп, саяси тұрақсыздық күшейді. Осы жағдайды пайдаланған Литва Ұлы князі Ольгерд оңтүстікке қарай әскери жорық ұйымдастырып, мемлекетінің шекарасын кеңейтуді көздеді. Оның басты мақсаттарының бірі Киев князьдігін толықтай өз иелігіне қосу болды. Киев XIV ғасырдың басында Ерпін шайқасынан кейін литвалық ықпалға өткеніне қарамастан, әлі де Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрған еді.
Шайқастың барысы
1362 немесе 1363 жылы Ольгерд әскері төменгі Днепр мен Оңтүстік Буг өзендерінің аралығына жорық жасады. Алдымен ол Чернигов князьдігінің қалған иеліктерін басып алды. Бұл жерлердің негізгі бөлігі, соның ішінде Брянск, бұған дейін-ақ литвалықтардың бақылауына өткен болатын. Одан кейін литвалықтар Дон өзенінің саласы Быстрая Сосна өзенінің жоғарғы ағысындағы Коршев бекінісіне шабуыл жасады. Зерттеушілердің пікірінше, осы жорық барысында бұрынғы Переяслав князьдігінің жерлері де Литва билігіне өтті. Бұл өңір Қырым ұлысына қарағанымен, оның негізгі әскері сол кезде Ескі Сарайға бағытталған жорықта болғандықтан, литвалықтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Күзде Ольгерд әскері батысқа қарай бет алып, Днепрден өтіп Подолияға жетті. Бұған жауап ретінде Подолиядағы үш татар бегі өз күштерін біріктіріп, литвалықтарға қарсы шықты. Екі жақтың әскері қазіргі Торговица ауылы маңындағы Көксу өзенінің бойында кездесіп, шешуші шайқасқа түсті.
Шайқастың барысы
Көксу шайқасының егжей-тегжейлі сипаттамасы негізінен 1582 жылы жарық көрген поляк тарихшысы Матей Стрыйковскийдің еңбегінде сақталған. Оның мәліметінше, Ольгерд өз әскерін алты топқа бөліп, жартылай шеңбер түрінде орналастырған. Шайқас Алтын Орда жасағының жаппай садақ оғымен шабуыл жасауынан басталды. Алайда бұл шабуыл литвалықтарға айтарлықтай зиян келтіре алмады. Найза мен қылышпен қаруланған литва және русь жасақтары қарсы шабуылға шығып, ордалықтардың алғы шебін бұзып өтті. Осы кезде Новогрудок князі Кориаттың ұлдары басқарған жасақтар екі қапталдан арбалеттермен соққы берді. Қос қапталдан жасалған шабуыл нәтижесінде Алтын Орда әскері сапын сақтай алмай, ретсіз шегіне бастады. Нәтижесінде Ольгерд әскері шешуші жеңіске жетті.
Стрыйковскийдің шежіресінде шайқас былай сипатталады:
Стрыйковскийдің сипаттамасына сүйенсек, шайқас екі негізгі кезеңнен тұрған. Алғашқы кезеңде үш топқа бөлінген ордалық әскер Ольгердтің жартылай шеңбер болып орналасқан алты жасағына қарсы соғысты. Орда әскері орталықты бұзып өтпек болғанымен, литвалықтар шегіне отырып қарсыласты қапталдан атқылап, олардың жоспарын жүзеге асырмады. Екінші кезеңде Ольгерд әскері жаппай қарсы шабуылға көшті. Олар Алтын Орда жасағын қоршауға алып, толық талқандауға ұмтылды. Қарқынды шабуылға төтеп бере алмаған ордалықтар кейін шегінді. Ұрыс Ольгерд әскерінің қашқан қарсыласты ұзақ қудалауымен аяқталды. Шайқас барысында Қырымдағы Солхаттың даруғасы әрі әмірі Құтлықбек пен Қырк-Ердің әмірі Қажыбек қаза тапты. Ал Демір-бей ғана ұрыс даласынан қашып құтылды. XV ғасырдағы поляк жылнамашысы Ян Длугоштың мәліметінше, жеңілістен кейін Демір-бей өз жасағымен Дунай өзенінен өтіп, Добруджа даласына қоныстанған. Сонымен қатар Димитрий (domini Demetrii, principis Tartarorum) есімі 1368 жылғы Венгрия королі І Лайоштың грамотасында да аталады. Бұл оның иеліктері сол кезеңде Венгрия тәжіне бағынышты аумақта орналасқанын көрсетуі мүмкін.
Салдары мен тарихи маңызы
Көксу шайқасындағы жеңістен кейін Ольгерд өз мемлекетінің құрамына Киев кінәздігін, XIII ғасырдың ортасында Алтын Орда басып алған Подолияны және Жабайы даланың бір бөлігін қосты. Соның нәтижесінде Литва Ұлы князьдігінің шекарасы оңтүстікке қарай кеңейіп, Қара теңізге дейін жетті. Киевтің Литва билігіне өтуі Литва Ұлы князьдігін Русь жерлерін біріктіруге ұмтылған негізгі саяси күштердің біріне айналдырды. Осы кезден бастап ол Мәскеу кінәздігімен Шығыс Еуропадағы ықпал үшін бәсекеге түсті. Ольгерд Киевке өзінің ұлы Владимирді билеуші етіп тағайындады, ал Подолия шайқасқа қатысқан жиендері Александр, Юрий, Константин және Федор Кориатовичтердің иелігіне берілді. Кориатовичтердің Подолияға келуі Молдова князьдігінің де нығаюына ықпал етті.
Алтын Орда хандары кейінгі жылдары бұл өңірлерге бірнеше рет жорық жасап, кейде алым-салық алып тұрғанымен, олардың саяси үстемдігі біржола әлсіреді. Батыс және Оңтүстік Русь жерлерін қосып алған Литва Ұлы князьдігі XIV ғасырдың соңында Еуропадағы ең ірі мемлекеттердің біріне айналды.
Жылнамалардағы мәліметтер
Көксу шайқасы туралы ортағасырлық деректер аз сақталған. Үш ордалық әмірдің Ольгерд әскері тарапынан жеңілгені алғаш рет авторы белгісіз «Подолия туралы хикаяда» (Повесть о Подолье) баяндалады. Украин тарихшысы Феликс Шабульдоның пікірінше, бұл шығарма XV ғасырдың 30-жылдарының басында Польша Корольдігі мен Литва Ұлы князьдігі арасындағы Подолия үшін күрес кезінде жазылған. Беларусь тарихшысы Вячеслав Чемерицкий бұл еңбектің публицистикалық сипатта болғанымен, ондағы негізгі тарихи мәліметтердің шындыққа сәйкес келетінін атап өткен.
«Подолия туралы хикаяда» былай делінеді:
1396 жылы аяқталған Рогож жылнамасында бұл оқиға қысқаша былай баяндалады:
Осыған ұқсас мәлімет XVI ғасырдың соңында құрастырылған Никон жылнамасында да қайталанады. Ал XVII ғасырдағы Густын жылнамасында былай деп жазылған:
Кейінгі кезеңде жазылған әрі сенімділігі төмен саналатын Быховец шежіресінде шайқастың мерзімі қате түрде 1351 жыл деп көрсетілген.
Дереккөздер
Санат:Алтын Орда шайқастары