«Әзәзіл Prada киеді» (сонымен қатар «Prada киген әзәзіл» атауымен де мәлім; ) — 2006 жылғы америкалық комедиялық драма, режиссер Дэвид Френкель мен продюсер екінші толықметражды фильмі. Алин Брош Маккеннаның сценарийі Лорен Вайсбергердің 2003 жылғы аттас романына негізделген. Фильмде басты рөлдерді Мэрил Стрип, Энн Хэтэуэй, Стэнли Туччи және Эмили Блант сомдады. Картина сән журналына жұмысқа орналасқан, бірақ өзінің талапшыл редакторы (Стрип) қатал билігіне тап болған жас журналист Энди Сакстың (Хэтэуэй) тарихын баяндайды.

20th Century Fox киностудиясы Вайсбергер романын экрандау құқығын 2003 жылы, кітап әлі толық аяқталмай тұрып сатып алған болатын; алайда жобаға тек Мэрил Стрип басты рөлге бекітілгеннен кейін ғына рұқсат берілді. Негізгі түсірілім жұмыстары 57 күнге созылып, негізінен 2005 жылдың қазан-желтоқсан айларында Нью-Йоркте өтті. Қосымша түсірілімдер Парижде жүргізілді.

«Prada киген әзәзіл» фильмінің тұсаукесері 2006 жылғы 22 маусымда өтті, ал 30 маусымда ол АҚШ-та прокатқа шықты. Фильм оң пікірлерге ие болды, әсіресе Стриптің актерлік шеберлігі жоғары бағаланды; ол «Үздік әйел рөлі — комедия немесе мюзикл» номинациясында «Алтын глобус» сыйлығын жеңіп алды, сондай-ақ Үздік актриса ретінде «Оскар», BAFTA, АҚШ киноактерлер гильдиясы және «Сыншылардың таңдауы» сыйлықтарына үміткер атанды. Фильм бүкіл әлем бойынша кассада 326 миллион доллардан астам қаржы жинады. Туындының жалғасы — «Prada киген әзәзіл 2» фильмі 2026 жылдың мамыр айында жарыққа шығады.

Көптеген дизайнерлер мен сән әлемінің басқа да танымал қайраткерлері Пристлидің прототипі ретінде кеңінен танылған американдық Vogue журналының редакторы Анна Винтурдың көңілін қалдырудан қорқып, фильмде өз-өздерін сомдаудан бас тартты. Ақырында Винтур өзінің күмәншілдігін жеңіп, фильмнің өзіне, әсіресе Стриптің ойынына тәнті болғанын мәлімдеді.

Сюжеті Солтүстік-Батыс университетінің түлегі, жас қыз Андреа «Энди» Сакс Нью-Йоркте журналистика саласында мансап құруға тырысады. Алайда, ол тек қана «Подиум» () сән журналының бас редакторы, «аңызға айналған тұлға» — Миранда Пристлидің кіші көмекшісі (іс жүзінде хатшысы әрі «қолбаласы») болып жұмысқа орналасады. Үміткердің бойында стиль сезімінің жоқтығы және сән әлемінен хабарсыздығы бірден көзге түскенімен, Миранда күтпеген жерден оны жұмысқа қабылдайды.

Бастапқыда бұл жұмыс Энди үшін нағыз тозақтай көрінеді. Миранда өте талапшыл, қырсық және «мүмкін емес» дегенді мойындамайтын жан. Ол өз бұйрықтарын ешқашан түсіндірмейді де, қайталамайды да, бірақ көмекшілерінен өзіне қажет нәрсенің бәрін қағып алып, есте сақтауды талап етеді. Ол мақтауға сараң және кез келген қателік үшін бағыныштыларын сөгіп, сұрақ астына алады. Кез келген уақытта белгіленген мерзімді ертерекке ауыстырып, бірден: «Неге әлі дайын емес?!» — деп ашуға мінеді. Энди үшін «жұмыс күні» деген ұғым жоқ — ол күннің де, түннің де кез келген уақытында кенеттен туындаған тапсырманы орындауға дайын болуы тиіс. Жаңа әріптестерімен де тіл табысу оңайға соқпайды: аға көмекші Эмили өте тәкаппар, әрі Эндидің сәннен хабарсыздығы оны басында мазақ нысанына айналдырады.

Соған қарамастан, Энди бар күшін салып, бастықтың қырсықтығына төзеді. Өйткені Миранданың қол астында кем дегенде бір жыл жұмыс істеген адам үшін журналистика әлемінде барлық есік ашылатынын біледі. Журналдың шығармашылық директоры Найджелдің көмегімен Энди өзіне жарасымды киімдер мен аксессуарларды таңдауды үйренеді. Жұмыс барысында ол танымал сән жазушы Кристиан Томпсонмен (Саймон Бейкер) танысады, ол Эндиге болашақ мансабында көмектесуге уәде береді. Қыздың кәсібилігі артып, Эмилимен де қарым-қатынасы түзеле бастайды. Бір күні мінезі қиын Миранда өз қыздары үшін Хәрри Поттердің әлі жарық көрмеген жаңа кітабын тауып беруді талап етеді. Бұл мүмкін емес тапсырмадан кейін Энди бәрін тастап, жұмыстан кеткісі келеді. Алайда, Кристианның көмегімен ол бұл тапсырманы да орындап шығады және алғаш рет бастығының үнсіз, бірақ айқын ризашылығына ие болады.

Жұмыстағы жетістіктерімен қатар, Эндидің жеке өмірінде де қиындықтар басталады. Ол достары мен жақындарынан алыстап, өзінің бойфренды — жас аспаз Нейтке өте аз уақыт бөледі. Нейт Эндидің өмірлік құндылықтары (басымдықтары) өзгергенін және оның бұрын өзі мазақ қылған адамдардың біріне айналып бара жатқанын түсіндіруге тырысады. Бірақ Энди оны тыңдағысы да келмейді.

Миранда Эндиді өзімен бірге Парижге, күзгі сән апталығына алып кететінін хабарлайды. Энди бұл сапардан бас тартқысы келеді. Өйткені бұл сапарға бірнеше ай бойы жан сала дайындалған Эмили үшін бастықтың бұл шешімі ауыр соққы болатынын түсінеді. Алайда, Миранда бас тартқан жағдайда оның мансабына нүкте қойылатынын ескертеді. Келесі күні таңертең Эмилиді көлік қағып кетеді де, ол ауруханаға түседі. Бұл жағдай Эндиді қиын таңдау жасаудан еріксіз құтқарады. Энди Нейтке Парижге кететінін аттанардан бір-ақ күн бұрын айтады. Осының кесірінен екеуінің арасында үлкен жанжал шығып, қарым-қатынастары үзіледі.

Парижге келген Энди директорлар кеңесінің төрағасы Ирв Равиц ұйымдастырған астыртын әрекеттің (интриганың) шешіміне куә болады. Ол баспа үйіне тым қымбатқа түсіп жүрген Миранданы орнынан тайдырып, оның орнына «Подиум» журналының француз нұсқасының редакторы Жаклин Фолледі қоюды жоспарлап жүрген еді. Эндидің көңілін табуға тырысып жүрген Кристиан Томпсон бұл құпия ақпаратты оған жеткізеді және өзі әдеби редактор қызметін алған жаңа командадан оған да орын ұсынады. Энди Мирандаға алдағы корпоративтік төңкеріс туралы ескертуді жөн көреді. Бірақ Миранда Ирвтің бұл жоспарларынан бұрыннан хабардар болып, оны райынан қайтуға мәжбүр ететін шаралар қолданып қойған екен. Алайда, Миранда өз орнын сақтап қалу үшін Найджелді құрбандыққа шалады: ол Жаклинге өтемақы ретінде бұған дейін Найджелге нық уәде етілген жоғары жалақылы әрі жайлы лауазымды беріп жібереді. Энди Миранданың бұл қылығына жағасын ұстап, наразылығын бастығының бетіне айтады. Миранда болса мансап қуған адам үшін мұндай қадамдардың қалыпты екенін алға тартады. Сондай-ақ, Эндидің өзіне ескертпек болған талпынысын сырттай бақылай отырып, оның бойынан өзіне тән іске берілгендік, табандылық пен шешімталдық сияқты қасиеттерді көргенін ризашылықпен тілге тиек етеді. Бұдан кейін Энди Миранданы тастап, мазасыз шырылдаған қызметтік телефонын символикалық түрде қоқысқа лақтырып, жұмыстан біржола кетеді.

Нью-Йоркке оралғаннан кейін Энди Нейтпен татуласады және жергілікті газеттердің біріне репортер болып жұмысқа орналасады. Жаңа бастығы оның өткен жұмысы туралы сұрастырғанын және Миранда Пристлидің өзінен факс алғанын айтады. Онда Миранда: «Ол менің барлық көмекшілерімнің ішіндегі ең үлкен көңіл қалдырғаны болды, бірақ егер сіз оны жұмысқа алмасаңыз, онда нағыз ақымақсыз», — деп жазыпты. Фильмнің соңғы сахнасында Энди бұрынғы жұмыс орнының жанынан өтіп бара жатып, Эмилиге телефон соғады және Парижден әкелген сәнді киімдерін өзіне алып кетуді ұсынады. Эмили онымен суық сөйлесуге тырысқанымен, тұтқаны қойғаннан кейін жүзіне күлкі үйіріледі. Сосын қасындағы жаңа кіші көмекшіге оның баға жетпес маманның орнына келгенін айтады. Дәл осы сәтте Энди кеңседен шығып бара жатқан Миранданы көріп қалып, оған қолын бұлғайды. Миранда оған еш жауап қайтармайды, бірақ көлікке отырған соң, қыздың соңынан қарап, жылы жымияды. Содан кейін өзінің әдеттегі «темірдей» қатал үнімен жүргізушіге: «Алға!» — деп бұйырады.

Рөлдерде Мерил Стрип — Миранда Пристли, «Подиум» журналының бас редакторы. Редакцияның барлық қызметкерлері және сән әлемінің көптеген өкілдері одан қорқады. Оның билігі соншалықты үлкен, ол құны $300 000 болатын фотосессиядан өзіне ұнамаған суреттерден оңай бас тартып, дизайнерді бүкіл коллекцияны қайта жасауға мәжбүрлей алады. Фильмнің басында екінші некеде тұрмыста, бірақ фильмнің соңына қарай ажырасады. Оның екі егіз қызы бар. Энн Хэтэуэй — Андреа (Энди) Сакс, Солтүстік-Батыс университетінің журналист мамандығы бойынша түлегі, ол сән саласында білімі жоқтығына қарамастан, билікшіл және талапшыл Миранда Пристлидің кіші ассистенті жұмысына қабылданды. Эмили Блант — Эмили, Миранда Пристлидің аға ассистенті, Эндидің серіктесі. Бастықтың барлық тапсырмаларын мойынсұнушылықпен орындайды, өз атына айтылған сын мен мазақты шыдамдылықпен тыңдайды және жақсы жұмысы үшін Миранда оны күзгі сән апталығына өзімен бірге Парижге апарады деп үміттенеді (соңында Миранда оның орнына Эндиді алады). Стэнли Туччи — Найджел, «Подиум» журналының креативті директоры. Редакциядағы Энди өзі сенуге болады деп ойлайтын жалғыз адам, бірақ ол да оның киіну мәнерін және толықтығын сынайды. Миранданың барлық талаптарына сәйкес келудің жолын табатын санаулы адамдардың бірі. Өз мамандығына фанатикалық түрде берілген. Саймон Бейкер — Кристиан Томпсон, Андреа оның тартымдылығына қарсы тұра алмайтын табысты және тартымды жазушы. Оған Миранданың қыздарына арналған Хәрри Поттер туралы жетінші кітаптың жарияланбаған қолжазбасын алуға көмектеседі, бұл оны жұмыстан шығудан құтқарады, сонымен қатар Эндидің журналист болуға деген ұмтылысына көмектесе алатынын меңзейді. Эдриан Гренье — Нейт Купер, Эндидің бойфренді, Манхэттендегі бір мейрамхананың аспазы. Фильмнің соңына қарай олар айырылысады, өйткені Энди өз жұмысына көбірек уақыт бөледі, бірақ соңғы көріністердің бірінде олардың қарым-қатынасының жалғасы болуы мүмкін екенін меңзейді. Трейси Томс — Лили, Эндидің жақын құрбысы. Рич Соммер — Даг, қаржы талдаушысы, Эндидің колледждегі досы. Дэниэл Санжата — Джеймс Холт, жас, табысты дизайнер. Стефани Шостак — Жаклин Фолле, «Подиумның» француз нұсқасының бас редакторы, Миранда Пристлидің орнына «Подиум» журналының бас редакторы лауазымына үміткер. Дэвид Маршалл Грант — Ричард Сакс, Эндидің әкесі. Тибор Фельдман — Ирв Равитц, директорлар кеңесінің басшысы. Жизель Бюндхен — Сирина, «Подиум» редакциясының қызметкері, Эмилидің құрбысы. Химена Ойос — Лючия.

Құру тарихы Картинаның режиссері Дэвид Френкель мен продюсері Венди Файнерман «Әзәзіл Prada киеді» кітабын оның баспа түрінде оқыды.Grove, Martin A. The Hollywood Reporter. «Oscar-Worthy 'Devil Wears Prada' Most Enjoyable Film in Long Time: 'The Hollywood Reporter'.» June 28, 2006; retrieved July 4, 2008 Оның экрандалуы Френкельдің екінші маңызды жұмысы болуы керек еді. Ол, кинооператор Флориан Баллхаус және костюм дизайнері Патриция Филд осындай фильмдерді түсіруде үлкен тәжірибеге ие болған еді, өйткені олар «Үлкен қаладағы секс» сериалын жасауға қатысқан.

Түсірілімге дайындық Алин Брош Маккенна Файнерман мен Френкельді қанағаттандыру үшін сән журналындағы тәжірибесіне негізделген түзетулерді енгізгенге дейін төрт сценарист жұмыс істеді.Callaghan, Dylan; «Clothes Encounters »; Writers Guild of America, West; retrieved from wga.org December 19, 2006. Нәтижесінде сценарий сюжетті Энди мен Миранда арасындағы қақтығыс төңірегінде қайта құрды, сонымен қатар Миранданың сипатын өзгертіп, оның талапшылдығын арттырды. Хэтэуэй басты рөлге таңдалған жалғыз актриса болды, ал Блант қауесеттерді жоққа шығарып, өз кейіпкеріне британдық сипат берді. Жизель Бюндхен модель рөлінен бас тартып, ойнауға келісті.

Туччи соңғы бекітілген актерлердің бірі болды. Ол Найджелдің бейнесін өзі таныс болған адамдардың мінез-құлқы негізінде жасады, сонымен қатар оның кейіпкері фильмде киіп шығатын көзілдірікті тағуды талап етті. Санжата Туччидің рөлін оқығаннан кейін оған онша құлшыныс танытпады, өйткені дәл осындай кейіпкер үстіндегі жұмысын жаңа ғана аяқтаған болатын, бірақ Холттың рөлін оқығаннан кейін ол өз көзқарасын өзгертті және өзі үшін осы рөлге тыңдау ұйымдастыруды сұрады. Продюсерлер оның өздеріне жіберген бейнежазбасын көрді, онда ол экранда Эндимен алғаш рет кездесетін дәл сол жасыл жакетті киіп шыққан еді.