Искендиров Мұқтар Әмзебекұлы — 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы Қызылкөл елді мекенінде дүниеге келген. 1975 жылы орта мектепті бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетіне түсіп, оны 1980 жылы тәмәмдаған. Интернатура кезеңін Шымкент қалалық стоматология емханасында өтті. Интернатура курсы біткен соң Сайрам орталық аудандық емханасының хирург-стоматологы болып қызмет көрсетті. 1982-1983 жылдары Шымкент қалалық туберкулезге қарсы «Қарлығаш» балалар санаториясында дәрігер-стоматолог болып жұмыс атқарды. Еңбек жолы 1983-1991 жылдар аралығында ізденуші, кіші ғылыми қызметкер, сонан соң ғылыми қызметкер болып қалалық жедел жәрдем көрсететін аурухананың іргесінен ашылған Республикалық деңгейдегі қызмет көрсететін Баро-орталықта (сол кездегі Кеңес Одағындағы Мәскеуден кейінгі жоғары қысымдағы оттегімен емдейтін орталық) жұмыс істеді.1989 жылы кандидаттық диссертациясының тақырыбы бекітіліп, оны 1995 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтында ойдағыдай қорғап шықты. Ғылыми бағыты: Фосфор зауытындағы сары фосформен уланған жұмысшылардың пародонт ауруларын емдеу барысында жоғарғы қысымдағы оттегі мен аскорбин қышқылының жағымды әсерін жіті зерттеп (2000-ға жуық ақ тышқандарға эксперимент жасалынып) оны клиникалық тұрғыдан толық дәлелдеп берді. Аталған ғылыми жұмысты ТМД елдерінің ғалымдары толығымен қолдады. Ғылыми жетекшілері: Алматы мемлекеттік медицина институтының терапиялық стоматология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, Ресей лазерлік медицина академиясының академигі, профессор Л.Я.Зазулевская және Баро- орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Т.О.Орынбаев болды. Баро-орталықта Мұқтар Әмзебекұлы көптеген ғылыми жобаларға қатысты. Айта кетсек, Мәскеудің аэро-космос орталығының ғалымдарымен бірлесе отырып науқастардың лабораториялық-функциональдық зерттеу тәсілдерін әсіресе қандағы, терідегі, тіндердегі, қызыл иектегі және ақ тышқандардың бауыр жасуша митохондрияларындағы оттегінің парциальді қысымын полярографиялық әдіспен зерттеуді меңгеріп, аталған орталыққа ендіруге бірден-бір ат салысты. Аталған баро орталықта Т.О.Орынбаевтың басшылығымен «Арыс-МТ», «Чимкент-МТ» атты барокамералар соңғы инженерлік-техникалық және медициналық үлгіде құрастырылып, монтаждалып іске қосылып, науқастарды емдей бастады. «ЗИЛ» автокөлігіне орналастырылған «Казахстан-МТ» барокамерасы және «АН-2» ұшағына орналастырылған «Отырар ұшқыны» атты баро камерасы облысымыздың шалғай аудандарына шығып халыққа көмек көрсете бастады. Аталған орталықты көруге 1987 жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ат басын бұрып, істелініп жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп кетті. Баро-орталықтың ғылыми-зерттеу лабораториясында науқастарды дені сау адамдармен салыстыру мақсатында Шымкент қаласының «Мелиоратор» атты футбол командасы мүшелерінің ағзаларына функциональды-лабораториялық зерттеулер жүргізіп, қалыпты жағдайдағы ағзаның физиологиялық параметрлер тізбегі жасалынып, ғылыми қызметкерлердің жұмыстары жандана бастады. Ол ғылыми зерттеу жұмыстарымен қатар тәжірибелік жұмыстардан қол үзген жоқ. 1983-1989 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жаңадан ашылған шаруашылық-есептік тіс емханасында жалпы дәрігер стоматолог болып қызмет істеді. 1989-1991 жылдары қалалық стоматология емханасында хирург-стоматолог болып жұмыс істеп 1991-1998 жылдар аралығында «Фосфор АҚ» стоматологиялық емханасының меңгерушісі қызметіне ауыстырылып зауыт емханасының бас дәрігерінің орынбасары болып қосымша қызмет атқарды. 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы ректорының шақыруымен қалыпты анатомия кафедрасының доцент міндетін атқарушысы болып жұмыс істеді, сонан соң 2000 жылы стоматология факультетін ашуға ықпал жасаушылардың бірегейі болып, ашылған факультеттің алғашқы декан орынбасары, курс, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2000-2003 жылдар арасында ашылған факультеттің студенттеріне арналған стоматологиялық қондырғылар алынып материальдық техникалық базасы күшейді. Сол кездегі Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысының рұқсатымен Шымкент қалалық балалар стоматология емханасымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының арасында келісім шарт түзуге тікелей қатысып студенттерге оңтайландырған оқу клиникалық базасы жұмыс істей бастады. Сонымен қатар 2003-2004 оқу жылдары «Мирас» университетінде стоматология департаментінің доцент міндетін атқарушы болып жұмыс істеуге шақырылды. 2006-2007 жылдары Мұқтар Әмзебекұлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының стоматология факультеті мен медицина колледжін бітірушілердің Мемлекеттік аттестация комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. 2009-2013 жылдар арасында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент филиалының стоматологиялық пәндер кафедрасын басқарды. Осы жердеде ОПҚ құрамын ықшамдап кафедраның материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында фантомдық лаборатория ашуға ат салысып, Шымкент қаласының жеке стоматологиялық клиникаларымен келісім шарт жасалып оқыту-клиникалық базалары нығайып, көбейе бастады. 2013-2014 оқу жылы Университет ректоры Л.Ташимов мырзаның шақыруымен Мұқтар Әмзебекұлы Түркістан қаласында Университеттің медицина факультеті құрамында «Стоматология» мамандығы бойынша кафедраның ОПҚ құрамын ұйымдастырып, Шымкент, Түркістан қалаларында мамандыққа оңтайландырылған фантомдық лабораториялар мен стоматологиялық клиниканың ашылуына тікелей басшылық жасап, кафедра ұжымымен бірлесе отырып қазіргі таңда 1000-нан астам дәрігер-стоматолог мамандарын дайындады. 40-тан астам ғылыми мақалалары жарық көрді және ғылыми әдістемелік, оқу құралдары жазылды. «Пародонтология», «Профилактическая стоматология», «Стоматология тәжірибесіндегі залалсыздандыру және зарарсыздандыру қағидалары мен ерекшеліктері» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Көптеген халықаралық деңгейдегі конгресстер мен конференциялар және съездердің делегаты болып, ғылыми мақалалары жарияланды. Екі ғылым кандидатына және 1 Рhd докторантына, 2 магистрге рецензент, 2 магистранттың ғылыми жетекшісі болып тағайындалып, аталған ізденушілер 2015 жылы толығымен диссертацияларын ойдағыдай қорғап шықты. 2011-2014 жылдар арасында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жарлығымен медициналық және фармацевтикалық қызметтің сапасын тексеру комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аккредиттелген тәуелсіз сарапшысы болып қосымша қызмет істеді. Қазіргі таңда жаңа сертификат негізінде аталған жұмысты жалғастыруда. Жоғарғы санатты дәрігер-стоматолог. 2005–2021 жылдар арасында Қазақстан стоматологтар ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен және стоматологиялық кадрлар дайындаудағы ерен еңбегі үшін күміс, алтын төс белгілерімен жәнеде осы аталған бірлестіктің «Абырой», «Қазақстан стоматологиясының үздігі», «Қазақстан стоматологиясына сіңірген ерен еңбегі үшін номинациялары» бойынша төс белгілер, егемендігіміздің 26 жылдығына орай «Жас ұрпаққа білім», ғылым және тәрбие берудегі ерен еңбектері үшін 2017 жылы «Ұлағатты ұстаз» номинациясы бойынша төс белгімен марапатталды. 2024 жылы салалық кәсіптік одағы республикалық медициналық қоғамдық «SENIM» бірлестігінің шешімімен ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында еселі еңбек етіп ,үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Алтын дәрігер» төс белгісімен марапатталды. 2025 жылдың сәуірінен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен облысқа штаттан тыс бас стоматолог болып тағайындалды. Облыстық, университет шеңберіндегі құрмет грамоталар иегері. Үш баланың әкесі. Ұлы мен қызы дәрігер – стоматологтар, қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетуде өзі спортшы, жастайынан қазақша күрес, еркін күрес, самбо, бокс, папрашют спортымен шұғылданған. Еркін күрестен мастерлікке кандидат. Парашют спортынан 1 дәрежелі спортшы. 2015 жылы самбо күресінен егде жастағы «спорт шеберлері» арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында 82 келі салмақ дәрежесінде күміс медальды иемденді. 2021 жылы Университет шеңберінде ұйымдастырылған оқытушы профессорлар құрамы мен әкімшілік қызметкерлері арасында қол күрестен 2-ші орынға ие болып, «Тұран дауысы» әншілер байқауына қатысып Ермек Серкебаев атындағы номинациясының жүлдегері атанып дипломмен марапатталды. Қазіргі таңда ҚР-ның бас прокуратурасы бұйрығымен жоспардан тыс облыстық және басқа аймақтардағы стоматологиялық нысандарды тексеру жұмыстарында Түркістан облысының медицина және фармацевтика қызметтерінің сапасын тексеру комитетінің аккредиттелген сарапшысы санатында, комиссия құрамында қосымша қызмет етуде. Тағы да бір айта кететін қызықты жәйт: Мұқтар Әмзебекұлы 1989 жылы Орта Азия Түркістан әскери округі басшысының бұйрығымен Өзбекстан Республикасының Ферғана облысында болған ұлтаралық қақтығысқа қатысып Ресей федерациясының Әуе–Десанттық әскери полкының құрамында көптеген әскери іс-шаралар мен жаттығуларға қатысты, атап айтатын болсақ: паршютпен үш дүркін секіру, автомат, пистолет қаруларынан оқ жаудыру арқылы нысанаға дөп тигізу машықтары, қарауылда тұрған сарбазды қалай қолға түсіру, жарылғыш тратил шашкасын детонатор арқылы қалай іске қосу және де пышақ,балта ұстаған қарсыласқа көрсететін қорғану және шабуыл жасау әрекеттері,Ферғана қаласы ішіндегі түнгі десанттық, патрульдік іс-қимылдарға қатысып парашют спортынан 1 дәрежелі төс белгі тағылды. 2025 жылдың 16 маусымында Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясының қорытынды аттестация комиссиясы шешімімен Мұқтар Әмзебекұлы бітіруші интерн түлектерге комиссия төрағасы болып 2 жыл мерзімге тағайындалды. 2020 жылы пандемия кезінде Мұқтар Әмзебекұлы Университеттің клиника- диагностикалық орталығында жас өспірімдер мен жүкті әйелдердің ауыз қуысы ауруларын емдеу және профилактикалық шараларды жүргізуі барысында ковид ауруына шалдығып, ауыр халде ауруханаға түсіп, емделіп сауығып шықты. Мұхтар Әмзебекұлы алғашқы егеменді еліміздің Оңтүстік өңіріндегі жоғарғы оқу орындарындағы «Стоматология» мамандығы бойынша негізін қалаушы жәнеде аталған бағыт бойынша ғылыми экспериментальды-клиникалық зерттеулер жүргізіп, диссертациялық тақырыбы бойынша пародонтология бағытында науқастарға тағайындалатын жаңа бағытта емдеу тәсілдерін жіті зерттеп, пародонт аурулары бар науқастардың жалпы емдеу протоколына жаңалық енгізген ғалымдардың бірегейі.
Źródło i licencja
Na podstawie: Wikipedia — Искендиров Мұқтар Әмзебекұлы · historia autorów.
Tekst: CC BY-SA 4.0.
Informacja o opracowaniu
Usunięto składnię wiki i szablony; dłuższe teksty skrócono.