Пақырнама — Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметінен» кейінгі маңызды еңбектерінің бірі және оның өз ілімін прозалық түрде жүйелейтін шығармаcы.
Атауының мағынасы Пақырнама атауы екі құрамдас бөліктен тұрады: «пақыр» және» «нама». «Пақыр» сөзі араб тіліндегі фақр (араб. faqr) түбірінен шығып, «кедейлік», «мұқтаждық» ұғымдарын білдіреді. Бұл ұғым сопылық дәстүрде тек материалдық жоқшылықты емес, адамның Аллаға толық тәуелділігін, рухани мұқтаждығын білдіретін термин ретінде қолданылады.
Ал «нама» сөзі парсы тіліндегі наме (парсы. nāme) сөзінен туындап, «хат», «жазба», «кітап» деген мағыналарды білдіреді. Шығыс әдебиетінде бұл қосымша белгілі бір мазмұндағы шығарма атауларында жиі кездеседі.
Осылайша, «пақырнама» атауы сопылық әдебиет контекстінде адамның өзін «пақыр» ретінде тануы, яғни Жаратушыға тәуелділігін терең сезінуі мен рухани кемелдену жолын сипаттайтын шығарма түрін білдіреді. Бұл ұғым дәруіштік, тақуалық және сопылық дүниетаныммен тығыз байланысты. Еңбектің тарихы Еңбектің шығу тарихы қолжазбалық дәстүрмен тығыз байланысты. Еңбектің Алматы, Түркістан қорларында қолжазба нұсқалары мен Ташкент, Қазан. Душанбе қалаларында литографиялық көшірмелері белгілі.
Ғылыми айналымға шығарма алғаш рет XX ғасырда енгізілген. Түркиялық ғалым Кемал Ераслан 1977 жылы "Пақыраманы" латын қарпінде Стамбул университеті Әдебиет факультеті Түрк тілі мен әдебиеті журналының 22-санында мақала түрінде жариялап, оның ғылыми зерттелуіне жол ашқан. Кейін ғалым Абдуррахман Гүзел бұл еңбекке арнайы монографиялық зерттеу жүргізіп, оны сопылық әдебиет контекстінде терең талдаған.
Шығарманың қазақ тіліндегі алғашқы аудармасы 1992 жылы Түркістан қаласында "Пақырнама және мінажатнама" атымен жарық көрген. Оны филология ғылымдарының докторы, профессор Сыздықов Керімбек 1904 жылғы Қазан литографиясының негізінде аударған. Еңбектің мазмұны Пақырнама – сопылық ілімнің негізгі қағидаларын жүйелі түрде түсіндіретін дидактикалық трактат. Шығарманың мазмұнының өзегін «фақр» ұғымы құрайды. Бұл ұғым материалдық кедейлікті емес, адамның рухани тұрғыдан толықтай Аллаға тәуелді болуын, нәпсіден арылуын білдіреді.
Шығармада адамның рухани кемелдену жолы кезең-кезеңімен сипатталады. Бұл үдеріс сопылықтағы дәстүрлі төрт сатымен –шариғат, тариқат, мағрифат және хақиқат – тығыз байланысты. Аталған сатылар адамның ішкі дүниесін тазарту, рухани жетілу және Жаратушыға жақындау жолын білдіреді. Сонымен қатар еңбекте кемелдікке жетудің «қырық мақам» жүйесі де аталып өтеді.
Еңбекте сопылық этика мәселелері маңызды орын алады. Онда нәпсімен күрес, тақуалық, сабыр мен қанағат, Аллаға деген махаббат, сондай-ақ ұстазға құрмет сияқты құндылықтар қарастырылады. Бұл ұғымдар діни талаптармен қатар адамның моральдық кемелденуінің негізі ретінде түсіндіріледі.
Шығармада сопылық жолдағы шәкірттің (мүридтің) рухани тәрбиесі, ұстаз (пір) мен шәкірт арасындағы байланыс, зікір мен ғибадаттың мәні де кеңінен баяндалады. Осы тұрғыдан алғанда, Пақырнама тек теориялық еңбек емес, сопылық өмір салтының практикалық қырларын сипаттайтын нұсқаулық ретінде де бағаланады.
Мазмұндық жағынан шығарма Диуани хикмет еңбегімен тығыз байланысты. Егер «Диуани хикмет» сопылық идеяларды поэтикалық түрде жеткізсе, «Пақырнама» оларды жүйелеп, түсіндіретін прозалық трактат ретінде ерекшеленеді.
Дереккөздер
Санат:Пақырнама Санат:Қожа Ахмет Ясауи