Сәбденәлі Үсіпұлы Туғанбаев (5 қаңтар 1923 жыл – 5 қыркүйек 2011 жыл) — Ұлы Отан соғысының ардагері, мұғалім.

Өмірбаяны 1923 жылы 5 қаңтарда қазіргі Қосы Батыр ауылында дүниеге келген. Атасы Туғанбаев Тортбай мен әкесі Тортбаев Үсіп бай феодалдар болған. Кеңес үкіметінің 1937-1938 жылғы қуғын-сүргінінен атасы жазықсыз атылып кеткен. Сол заманда қуғынға ұшыраған азаматтардың балалары да түрмеге отырғызылатын болғандықтан әкесі Үсіп халық жауының ұлы деген атпен түрмеге қамалған. Кейіннен 1957 жылы Үсіп Тортбайұлы ақталып шыққан. Осынау қиын кезеңде Сәбденәлі Үсіпұлы 1938 жылы Жамбыл педагогикалық учелищесіне оқуға түсіп, 1942 жылы бастауыш мектеп оқытушысы мамандығын алды. Көп ұзамай Михайловка ауылындағы (қазіргі Сарыкемер ауылы) мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасады. 1946 жылы 1 мамырда Татаркулова Мариям Бейболатқызына үйленеді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында 1942 жылдың күзінде Кеңес әскері қатарына шақырылып, І Украин майданының 7-кавалериялық полкі құрамында соғысқа қатысады. Әскери шені — сержант. 1943 жылы ақпан айында Сталинград майданында соғысады. Кейін Минск, Харьков қалаларын азат етуге қатысады. Сонымен қатар, Киев қаласын жау қолынан азат ету шайқастарына қатысты. 1944 жылдың қазан айында Карпаттағы немістердің тылына жіберілді. Сәбденәлі Үсіпұлы құрамында болған полк қайта толықтырылып, 1945 жылдың 22 қаңтары Польша арқылы Германияның бұрынғы шекарасын басып өтіп, неміс фашистерін өз ордасында талқандауға қатысады. 1945 жылы мамыр айында елге жеңіспен оралады.

Еңбек жолы Соғыс аяқталған соң Сәбденәлі Үсіпұлы Тегістік ауылындағы мектепте 1950 жылға дейін жұмыс істейді. Кейіннен, Свердлов аудандық білім бөлімінің жолдамасымен 1950-1953 жылдары Кеңес ауылындағы, 1953-1955 жылдары Киров ауылындағы (қазіргі Дихан-2 ауылы), 1955-1961 жылдары Жетібай ауылындағы мектептерде ұстаздық етіп, оқушыларды білім нәрімен сусындатып келді. 1962 жылдан бастап Буденновка (қазіргі Түймекент) мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. 1971 жылы Үкімет қолдауына ие болып Түймекент ауылындағы екі қабатты үй сыйға беріледі. 1986 жылы еңбек демалысына шыққанымен, ұстаздық кәсібін 1990 жылға дейін жалғастырады.

Марапаттары І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Маршалл Жуков» «Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50, 55, 60, 65 жылдығы», «КСРО Қарулы күштерінің 50, 60, 70 жылдығы», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар, бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін 1967 жылы "Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі" төсбелгісісмен, 1968 жылы "КСРО халық ағарту ісінің озат қызметкері" төсбелгісімен, 1970 жылы "Ерен еңбегі үшін" медалімен, 1971 жылы "Құрмет белгісі" орденімен, 1978 жылы "Ленин" орденімен, 1983 жылы "Еңбек ардагері" медалімен, 2001 жылы "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл" мерекелік медалімен марапатталған.

Дереккөздер

Санат:Ұлы Отан соғысының қатысушылары