Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI, NUISSAI) — Астана қаласындағы Назарбаев университетіне қарасты ғылыми-зерттеу институты. Ол жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы ғылыми-зерттеу мен әзірлемелерді дамытуға бағытталған. Негізгі назар компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және сөйлеу технологияларына аударылады.
Тарихы ISSAI 2019 жылы робототехника және ЖИ саласындағы зерттеуші доктор Хүсейін Атакан Варолдың бастамасымен құрылды. Алғашында университетке қарасты зертхана ретінде жұмыс істеген бұл құрылым 2024 жылы Назарбаев университетінің автономды ғылыми-зерттеу институтына айналды.
Құрылымы 2025 жылғы жағдай бойынша ISSAI құрамында шамамен 70-тен астам зерттеуші, компьютерлік инженер мен деректер ғалымы жұмыс істеді. Топ құрамында қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектерімен қатар, шетелдік жетекші университеттер мен «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының түлектері де бар.
ISSAI KAZ-LLM — қазақ тіліне арналған үлкен тілдік модельдер отбасы, Meta Platforms компаниясының LLaMA архитектурасына негізделген. ISSAI әзірлеген KAZ-LLM 2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылып, Astana Hub-қа табысталды.
Зерттеулері мен жобалары ISSAI ашық дереккөздерге үлес қосып, Hugging Face, GitHub және ModelScope платформаларында модельдер мен деректер жиынтықтарының кең репозиторийін жүргізіп келеді.
Негізгі жобалары ISSAI Playground-ында қолжетімді. Бірнеше жобасы: Оylan — қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қолдайтын көптілді көру-түсіну моделі; MangiSoz — аударма, мәтінді дыбыстау, оптикалық таңбаларды тану, және диаризация қызметтерін ұсынатын веб-платформа; TilSync — көптілді іс-шараларға арналған нақты уақыттағы субтитрлеу құралы.
Сонымен қатар, ISSAI 2025 жылы суперкомпьютерлерге тәуелділікті азайту мақсатында Qolda моделін әзірледі. Бұл — ноутбук пен смартфондарда жұмыс істеуге арналған 4М-параметрлі ашық бастапқы тілдік-көру моделі. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тиімді мультимодальды ойлауды қамтамасыз етеді және зерттеушілерден бастап студенттер мен шағын бизнеске дейін кең аудиторияға ЖИ мүмкіндіктерін қолжетімді етеді деп жоспарлады.
Коммерциялық компоненттер негізінде жасалған Mangitas инференс сервері, ЖИ үлгілерін жергілікті ортада іске қосуға бейімделген және ұйымның жабық ішкі желісі шегінде қауіпсіз орналастыруға мүмкіндік береді.
ISSAI жыл сайын Жазғы ғылыми-зерттеу бағдарламасын ұйымдастырып, бакалавр және магистратура студенттеріне, сонымен қатар жоғарғы сынып оқушыларына ЖИ саласында тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер Ресми сайты
Санат:Қазақстан ғылыми-зерттеу институттары Санат:Қазақстан ұйымдары Санат:Жасанды интеллект зерттеулері Санат:Қазақстандағы жасанды интеллект индустриясы