1873 жылғы Шаар келісімі — Ресей империясы мен Бұхара әмірлігі арасындағы достық туралы келісім. Оған Бұхара әмірі Мұзаффар 28 қыркүйекте (10 қазан) Шаһрисабзда (Шаар немесе Шаар-Сабиза) және Түркістан генерал-губернаторы, генерал-лейтенант К.П. фон Кауфман 17 (29) қазанда Ташкентте қол қойды. Дәстүрлі түрде Шаар келісіміне қол қою нәтижесінде Бұхара әмірлігі іс жүзінде Ресей империясының протекторатына айналды деп есептеледі.
Келісімнің маңызы Келісімде 18 бап жазылған. Онда орыс армиясы басып алған Хиуа хандығы аумағының бір бөлігін Бұхара әмірлігіне беру қарастырылған. Ресей империясы азаматтарының әмірлік аумағы арқылы еркін жүріп-тұруына және Әмудария бойымен ресейлік кемелердің жүзуіне, сондай-ақ қоймалар мен айлақтар салу мүмкіндігіне рұқсат берілді. Ресей империясының көпестері әмірлік аумағы арқылы үшінші елдерге тауарларын бажсыз өткізуге және әмірлікте еркін сауда жасауға құқылы болды. Сонымен қатар, ресейлік көпестерге әмірлікте, ал Бұхара әмірлігінің көпестеріне Түркістан генерал-губернаторлығы аумағында сауда агенттері мен керуен сарайларын ұстауға рұқсат етілді. Ресей және әмірлік азаматтары екі мемлекеттің де аумағында қолөнермен айналыса алды және жылжымайтын мүлікке иелік ете алды. Әмір өз аумағында құл саудасын тоқтатуға және ресейлік қылмыскерлерді қабылдамауға міндеттелді. Ташкентке әмірдің тұрақты елшісі тағайындалды, сондай-ақ Ресей үкіметі де әмірлікке өз саяси агентін тағайындауға құқылы болды.
Тағы қараңыз Орыс-бұхара келісімі (1868)
Әдебиет Тревер К.В., Якубовский А.Ю., Воронец М.Э.: История народов Узбекистана, том 2. — Ташкент: АН УзССР, 1947. — 517 с. Сборник действующих трактатов, конвенций и соглашений, заключенных Россией с другими государствами. СПб., 1889. Т. 1. № 52. Логофет Д.Н. Бухарское ханство под русским протекторатом. СПб., 1911. Т. 1; Халфин Н.А. Присоединение Средней Азии к России (60-90-е гг. XIX в.). Москва, 1965. Бабаханов М.Б. Русско-бухарский договор 1868 г. (1873 г.) и превращение эмирата в вассала Российской империи // Россия — Таджикистан: история взаимоотношений. Душанбе, 2009.
Сілтемелер
Санат:Орталық Азия тарихы Санат:Ресей империясының халықаралық келісімдері Санат:Бұхара әмірлігі