Ділорам Ғафурджановна Ташмухамедова (; 19 ақпан 1962, Ташкент) — өзбекстандық саясаткер, 2008–2015 жылдары Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасының спикері.

Өмірбаяны Ташкент облысында қызметкер отбасында туған. Ұлты — өзбек.

1978 жылы орта мектепті, 1984 жылы Ташкент мемлекеттік медицина институтын бітірген. Осы институтта он жылдан астам уақыт ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан. 1993 жылы кандидаттық диссертация қорғаған. Медицина ғылымдарының кандидаты.

1994 жылы «Фармед» жеке фирмасын ұйымдастырды. 2003 жылы Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік және қоғамдық құрылыс академиясының мемлекетаралық қатынастар және сыртқы экономикалық байланыстар факультетін бітірді. Халықаралық қатынастар магистрі.

2001–2004 жылдары Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің депутаты болды.

2004 жылы Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасының депутаты болып сайланды, халықаралық істер және парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің мүшесі болды. 2005 жылы Әділет социал-демократиялық партиясы саяси кеңесінің бірінші хатшысы және партияның парламенттік фракциясының жетекшісі болып сайланды. 2008 жылғы қаңтарда қолданыстағы заңнамаға сәйкес партиядағы мүшелігін тоқтатты.

2007 жылғы шілдеде Олий Мәжіліс Заң шығару палатасы Спикерінің орынбасары болып сайланды.

2007 жылғы 3 қарашада «Әділет» партиясының съезінде Өзбекстан Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды (Республика тарихындағы алғашқы әйел кандидат).

2008 жылғы 23 қаңтардан 2015 жылғы 23 қаңтарға дейін ол — Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасының төрайымы болды.

2018 жылы «Оила» ғылыми-практикалық зерттеу орталығының директоры болып тағайындалды.

2019 жылғы 22 желтоқсанда Ташкент қалалық Халық депутаттары Кеңесі сайлауында жеңіске жетті.

Медицина саласында бірнеше ғылыми еңбектің авторы, сонымен қатар елдегі қоғамдық-саяси реформаларды жүзеге асыру, көппартиялылық пен демократиялық институттарды дамыту, Олий Мәжіліс Заң шығару палатасының қызметін жетілдіру, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру тақырыптарына арналған мақалалардың авторы.

Отбасы Ташмухамедова отбасылы. Жұбайы Р. Ташмухамедов — жеке кәсіпорынның жетекшісі. Төрт баласы бар.

Дереккөздер

Санат:Ташкент облысында туғандар Санат:Ташкент мемлекеттік медицина университеті түлектері Санат:Өзбекстан медиктері Санат:Өзбекстан президенттігіне үміткерлер Санат:Ташкент қалалық кеңесі депутатары Санат:Саясаттағы Өзбекстан әйелдері