II Ұбайдулла хан (1675–1711) — Бұхара хандығының билеушісі, Жәнилер (Аштархан) әулетінің өзбекАнке фон Кюгельген, Легитимация среднеазиатской династии мангитов в произведениях их историков (XVIII–XIX вв.). Алматы: Дайк-пресс, 2004, c.68–69 тармағынан шыққан жетінші хан. Ол мемлекетті 1702–1711 жылдар аралығында басқарды.
Өмірбаяны Сұбханқұл ханның (1680–1702) билік құрған соңғы жылдары саяси өзара қақтығыстардың өршуімен сипатталды.
1702 жылы таққа оның ұлы Ұбайдулла хан отырды. Тарихта Шайбанилер әулетінен шыққан Ұбайдулла ханның (1533–1540) да болғаны белгілі. Есімдерді шатастырмау үшін қазіргі тарихшылар Аштархан әулетінен шыққан Ұбайдулланы II Ұбайдулла деп атайды, ал сол дәуірдегі дереккөздерде ол тек «Ұбайдаллахан» деген есіммен кездеседі.
Билігі кезіндегі ішкі тартыстар Оның билік құрған кезеңі ірі өзбек тайпаларының Бұхарадағы билік үшін ханмен жүргізген қатал күресімен сипатталды. II Ұбайдулла хан (1702–1711) шексіз билікке (абсолютизмге) ұмтылғанымен, соңында әмірлердің қолындағы ойыншыққа айналды.
II Ұбайдулла хан билік еткен кезеңде құсбегі Тұрақұлбидің ықпалы айтарлықтай артты. Ол Бұхара сарайында қалмақтардың беделінің өсуіне жағдай жасады, бұл мемлекеттегі бүлік пен ішкі тартыстарды күшейтті. II Ұбайдулла хан өз билігін нығайту мақсатында тайпа ақсүйектерін басқару ісінен шеттетіп, бүкіл билікті өзі тағайындаған және өзіне тәуелді тегі беймәлім тұлғалардың қолына шоғырландыруға тырысты. Әсіресе, Тұрақұлбидің инақ лауазымына көтерілуі және жоғарғы құсбегі қызметіне тағайындалуы ел ішінде үлкен наразылық тудырды.
Саяси бытыраңқылықты жоюға ұмтылған II Ұбайдулла хан Балхтағы сепаратистік үрдістерге тап болды. Онда Мұхаммед Мұқим өзін Бұхарадан тәуелсіз деп жариялаған еді. Мұқимның артында Құндызды мекен еткен өзбектің қатаған тайпасына арқа сүйеген, зор ықпалды аталығы Махмұд би тұрды. Кейінірек, 1706 жылы Махмұд би Мұхаммед Мұқимды өлтіріп, өзін Балх ханы деп жариялады. II Ұбайдулла ханның бүкіл билік кезеңі бүлікшіл вассалдармен үздіксіз соғыстармен өтті. Шахрисабзда кенегес, маңғыт және басқа да өзбек тайпалары толқулар ұйымдастырды. Хан оларды бүлікші Махмұд биге қарсы бірлескен іс-қимылдарға тартуға тырысты.
Осы кезеңде Ражаб Мұхаммед хан бастаған Бұхарадан тәуелсіз Самарқанд хандығы құрылды. Сондай-ақ Ибраһим аталық басқарған Шахрисабз иелігі де өз бетінше дербес болды.
Саяси алауыздықтар мен тайпалардың өзара тартысы Сырдария даласынан қазақтардың шабуыл жасауымен қиындай түсті. Өз кезегінде қазақтар мен қырғыздарды талқандап, Іле алқабында орталығы бар қуатты көшпелі мемлекет құрған қалмақтар оларға қысым көрсетті.
1709 жылдың мамырында II Ұбайдулла хан қалың қолмен Самарқандқа аттанды. Көп ұзамай жеткен қалмақтардың қазақтарды талқандап, өз жайылымдарына қайтқаны туралы хабар бұл жорықтың одан әрі жалғасуын мағынасыз етті. Самарқандта хан әскерінің құрамындағы өзбектің найман және сарай тайпалары арасында қақтығыстар орын алды.
Ферғанада дербес Қоқан хандығының (1710–1876) негізін қалаған Мин әулеті билікке келді. Мәуереннахрды билік үшін таласқан көптеген ру-тайпа ақсүйектерінің өзара қырқысы шарпыды.
Ақша реформасы Елдегі экономикалық дағдарыс, қазынаның босап қалуы және сауданың құлдырауы II Ұбайдулла ханды 1708 жылы ақша реформасын жүргізуге мәжбүр етті. Алайда бұл шара өте немқұрайлы және жүйесіз жүзеге асырылды. Құрамындағы күміс мөлшері 9 пайыздан аспайтын, яғни реформаға дейінгі монеталардан бірнеше есе аз жаңа тиындар айналымға шықты. Жаңа монеталарға мәжбүрлі бағам белгіленіп, бұл елдегі қаржылық дағдарысқа және халықтың наразылығына әкеп соқты.
Мәдениет саласындағы саясаты II Ұбайдулла хан қайтыс болар алдында екі жыл бұрын Бұхара қаласының маңында (батысқа қарай), Талипач қақпасының жанында үлкен бақ (Шарбақ) орнатып, оның ортасына сарай салдырды. Бақ түрлі жеміс-жидек және сәндік ағаштармен, гүлзарлармен толтырылып, биік қорғанмен қоршалды. Бұл жер Ханабад (хан салған) деген атауға ие болды; II Ұбайдулла хан уақытының көп бөлігін осында өткізгенді ұнатқан.Мир Мухаммед Амин-и Бухари, Убайдулла-наме, пер. А.А. Семенова, АН УзССР, 1957, стр. 248–258
Тарихшылар мен ақындар II Ұбайдулла хан билік еткен кезеңде Әбдірахман-и Тали және Мір Мұхаммед Әмин-и Бұхари есімді танымал тарихшылар болған.
Қаза табуы Діни ұйымдардың жер иелену құқығын шектеу әрекеті ханның ықпалды Жүйбар қожаларымен қақтығысына әкеп соқты, себебі ол оларға салық салғысы келді. Соның салдарынан II Ұбайдулла ханға қарсы қастандық ұйымдастырылды. Хан күзетінің басшысы Жаушан қастандыққа қатысып, 1711 жылы оның қаза табуына жағдай жасады, ал хан сарайы тонауға ұшырады.
II Ұбайдулла ханның денесі шейх Бахауаддин Нақшбанд мазарында, әкесі Сұбханқұл ханның қасына жерленді.
Таққа II Ұбайдулла ханның інісі Әбілпейіз хан (1711–1747) отырғызылды.
Әдебиет Алексеев А.К. Политическая история Тукай-Тимуридов: по материалам персидского исторического сочинения Бахр ал-асрар. — СПб.: издательство Санкт-Петербургского университета, 2006. История Узбекистана. — Т. 3. — Таш.
Дереккөздер
Санат:Аштархан әулеті