Мұратбек Жұманұлы Сейітов — Омбыда туған. Өзінің таңдауымен 1918 жылы Омбының коммерциялық училищесіне түсіп, бітіріп шығады.
Еңбек жолы Мамандығы бойынша екі жылдай қызмет істеген. 1920 жылы Омбыда ашылған медицина институтына оқуға түсіп, оны 1925 жылы тамамдаған. Алғашқы дәрігерлік қадамын Баянауылдағы емханадан бастапты. Бес жылдың аралығында Мұратбек тәжірибелі, қолы епті хирург болып, түрлі операциялар жасап, көптеген ауруларды емдеген. Мұратбектің ауруларға берген медициналық көмегі өзіне қанша қанағат, қуаныш әкелгенімен, көңіл күйі алаңдай бастайды. 1928-1930 жылдары ел ішіндегі өтіп жатқан тәркілеу, ірі байлардың қатарында орта шаруалардың кетуі, мал-мүліктерін тізімдеп алып, тәркілеу басталғанын, жазықсыз байғұстардың көрген күні ертең өз басына келетіндей, Мұратбекті ойға түсіріп, берекесін кетіре бастапты.Тыныштықтан айырылған Мұратбек қызметін қалдырып, басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Содан соң Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданы, Қазгородокқа (бұрынғы Сырымбет) келіп орналасыпты. Тұрған қызметі – аудандық емхананың бас дәрігері және хирургі болған. Бұл жерде де адал еңбегімен жұрттың көзіне ілініп, ризашылығы мен алғысына кенеліп жүргенде, НКВД-ның құрығы жетіп, 1937 жылы тұтқындалып, атылып кеткен құрбандардың бірі.
Отбасы туралы 1928 жылы Мұратбек отау құрып, Роза есімді сұлу қызға үйленген. Бұл отбасында 1930 жылы тұңғыш ұлы Суниятсен туыпты, оған тетелес екінші перзенті Надиясы дүниеге келген.
Мұратбекті қамаған соң, көп ұзамай «халық жауының» әйелі деп Розаны да түрмеге отырғызған. Соттың үкімімен Ақмоланың 26-шы учаскесі дейтін лагеріне – АЛЖИР-ге (Акмолинский лагерь изменников родины) айдап жіберген. Балалары: Суниятсен мен Надияны НКВД жетім балалар үйіне өткізіп жіберген. Бүгінге дейін бар ма, жоқ па, туыстары бейхабар.Алаштың сөнбес жұлдыздары: Естелік-эссе/Гулнар Дулатова. – Алматы: Мектеп, 2010, 203-204 бет, ISBN 9965–36–888–0
Дереккөздер