Асхат Советханұлы Жұмабеков (5 шілде 1989 жыл, Семей) — қазақстандық педагог, ғалым. Қазақстан Республикасының Білім Беру ісінің құрметті қызметкері (2024). «Шапағат» медалімен марапатталған (2025). Global Teacher Prize Әлемнің үздік ТОП-50 педагогтердің қатарына кірген алғашқы қазақстандық мұғалімі, Global Teacher Prize Елшісі. Қазақстан Республикасының «Үздік педагог-2018» атағының иегері. «Қазақстан мұғалімі Ұлттық сыйлығы» конкурсының үздік 10 финалистінің бірі. «Семей қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері (2019).
Өмірбаяны Асхат Жұмабеков 1989 жылғы 5 шілде күні Семей қаласында дүниеге келген. Көпбалалы отбасыда туып өсті. Орта жүздің Арғын тайпасы Тобықты руынан шыққан. Бала кезінде мектеп хорында, кейін 5 жыл бойы Семейдегі «Айнхайт» қалалық мәдениет сарайында неміс әні мен биі ансамблінің солисі болған. Сонымен қатар, конькимен жүгіру спортымен айналысқан.
Білімі Мектепті бітіргеннен кейін 2009 жылы мемлекеттік грант негізінде Семей мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 2013 жылы оны үздік бітірді. Үш мәрте президенттік стипендияның иегері атанды.
2014 жылы Қазақстан-Американдық еркін университетін бітіріп, магистр дәрежесін алды.
2016 жылы халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында Финляндияның JAMK University of Applied Sciences университетінде білім алып, PhD дәрежесіне үміткер атанды.
2022 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің докторантурасын тәмамдады.
Жұмабеков Асхат «Болашақ» бағдарламасының түлегі, PhD кандидаты. Үш тілді жетік меңгерген, ол Сингапур, Финляндия, Чехия және Ресейде халықаралық тағылымдамадан өтті.
Еңбек жолы 2013-2024 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалдарында жұмыс атқарды.
2013-2022 жылдары «Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің» дербес білім беру ұйымының физика мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі-зерттеушісі болып жұмыс істеген.
2022-2024 жылдары «Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің» дербес білім беру ұйымының директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және физика пәнінің мұғалім-зерттеушісі қызметін атқарды.
2022-2024 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физика пәнінің оқытушысы болып еңбек етті.
2024 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Алматы қаласындағы «Shoqan Academy» директорының орынбасары және физика пәнінің мұғалімі.
Асхат Советханұлының түлектері – Стэнфорд университеті, Джорджия технологиялық университеті, Гонконг Политехникалық университеті, Нью-Йорк университеті, Карнеги Меллон Университеті, Джорджтаун университеті, Будапешт университеті, Назарбаев Университеті және басқалар сияқты жетекші университеттердің стипендиаттары болып табылады.
Қоғамдық және педагогикалық қызметі
Global Teacher Prize 2019 жылы Асхат Жұмабеков «Қазақстан мұғалімі Ұлттық сыйлығының» конкурсының номинанты атанып, жаһандық «Әлем мұғалімі» сыйлығына үміткер болды. 2021 жылы Асхат Советханұлы Жұмабековтің есімі педагогикалық еңбегі үшін Әлемнің үздік 50 мұғалімінің қатарына кірді. Бұл ретте Асхат Советханұлы Global Teacher Prize сыйлығының 50 финалист-мұғалімінің бірі атанды. Бұл тізімде Жұмабеков 11-орынды иеленді. Оған қоса, Асхат Жұмабеков Global Teacher Prize сыйлығының елшісі (амбассадоры) атанды. Global Teacher Prize сыйлығы – педагогтар арасында ең беделді жаһандық марапат, оны педагогтарға берілетін «Нобель сыйлығы» деп те атайды.
Қоғамдық қызметі 2011 жылдан бері «Невада-Семей» ядролық жарылыстарға қарсы халықаралық қозғалыстың белсенді мүшесі. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығымен серіктесе отырып, радиациядан туатын мәселелер мен Семей полигонының проблемалары жайында ғылыми жұмыс жүргізіп, бірқатар мақала жариялады. Қозғалыстың президенті Олжас Сүлейменов Жұмабековтің осы еңбегін жоғары бағалап, 2019 жылы мерейтойлық медальмен марапаттаған еді.
Асхат Жұмабеков – 3 кітаптың, 1 монографияның, 5 авторлық бағдарламаның, 10 авторлық құқықтың авторы, және де журнал мен газеттерде, материалдар жинақтарында, Қазақстан, Германия, Финляндия, Ұлыбритания, Ресей Федерациясы және Украина жоғары оқу орындарының хабаршыларында жарияланған 70-тен астам ғылыми жұмыстар мен мақалалардың авторы.
Республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының 100-ден астам жүлдегерлерін тәрбиеледі. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен ТМД мұғалімдерінің съезінде делегация құрамында болды. Жыл сайын физика пәні бойынша негізгі орта және жалпы орта білім берудің мемлекеттік міндетті стандартының жобасын әзірлеу және жетілдіру бойынша Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жұмыс тобының құрамына қатысады.
Асхат Жұмабеков педагогикалық қауымдастықтың атынан жиі сөз сөйлейді, жас мамандармен және студенттермен кездеседі. Ол ұстаздық жолындағы жетістіктері мен тәжірибесін бөлісу мақсатында түрлі форумдарда, конференцияларда және жастарға арналған іс-шараларда баяндама жасайды. Болашақ педагогтерді даярлауға белсенді атсалысып, студенттерге мұғалімдік мамандыққа бейімделу жолында қолдау көрсетеді. Асхат Советханұлы өз білімін мен тәжірибесін ел және шетелдік педагогтермен бөліседі.
Марапаттары 2014 жылы — Қазақстан Республикасы Ұлттық Ядролық Орталығының мерейтойлық төсбелгісі; 2016 жылы — Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаты; 2018 жылы — Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасы; 2018 жылы — Қазақстан Республикасының «Үздік педагог-2018» атағының иегері; 2019 жылы — Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасы; 2019 жылы — Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысының мерейтойлық медалі; 2019 жылы — «Семей қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалінің иегері; 2020 жылы — Корея Республикасының Білім министрлігінің алғыс хаты; 2021 жылы — Тәжікстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаты; 2021 жылы — Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алғыс хаты; 2022 жылы — Ресей Федерациясының Ғылым және жоғары білім министрлігінің алғыс хаты; 2022 жылы — Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Ғылым және білім» саласы бойынша «Жыл патриоты» атағы; 2022 жылы — Global Teacher Prize сыйлығының амбассадоры; 2023 жылы — Назарбаев Зияткерлік мектептері құрмет грамотасы; 2023 жылы — Нобель сыйлығы лауреатының алғыс хаты; 2023 жылы — Chegg және Билл Клинтон қорының алғыс хаты; 2024 жылы — Әзірбайжан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің алғыс хаты; 2024 жылы — «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы; 2025 жылы — Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 21 қазандағы Жарлығымен білім беру саласындағы сіңірген еңбегі, жас ұрпақты тәрбиелеу мен дамытуға қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ гуманизм, тәлімгерлік және ағартушылық қызметі үшін «Шапағат» медалімен марапатталды.
Фильмографиясы 2021 — «Замандастар» (Герои нашего времени). Асхат Жумабеков. Хабар (телеарнасы) — өз-өзін сомдаған.
Дереккөздер
Санат:Қазақстан педагогтары