Люк Фриден (; 16 қыркүйек 1963 жыл, Эш-сюр-Альзетт) — люксембургтік мемлекеттік қайраткер, саясаткер, заңгер, Премьер-министр (2023—), қаржы (2009—2013), қорғаныс (2004—2006) және әділет министрі (1998—2009).
Өмірбаяны Фриден бірінші Афина-де-Люксембург орта мектебін аяқтап, Франция, Ұлыбритания және АҚШ-та жоғары білім алды.
1989—1998 жылдары заңмен айналысты. 1991—1994 жылдары RTL Radio Lëtzebuerg арнасында құқықтық мәселелер мен сыртқы саясат бойынша тұрақты пікір қалдырушы (комментатор) болды. 1994—1998 жылдары Христиан әлеуметтік халық партиясынан депутаттар палатасына алғаш рет сайланып, қаржы, бюджет және конституциялық мәселелер жөніндегі комитетті басқарды. 1998 жылы ақпанда Жан-Клод Юнкер оны өзінің бірінші үкіметінбе әділет, бюджет министрі және парламентпен байланыс министрі етіп тағайындады. Люк Фриден еуро валютасын енгізуге жауапты болды. 1999 жылғы маусымдағы сайлаудан кейін сол кездегі премьер-министрдің жаңа үкіметінде ол қайтадан әділет, қазынашылық және бюджет министрі қызметтерін атқарды. 2004 жылғы маусымдағы парламенттік сайлаудан кейін келесі мерзімге осы лауазымын сақтап қалып, 2006 жылдың ақпанына дейін ол қорғаныс министрі қызметін де атқарды. 2009 жылдың шілдесінде Жан-Клод Юнкер өзінің төртінші үкіметінде оған бұрын қаржы министрі болған лауазымды сеніп тапсырды. Бұл қызметті 2013 жылдың желтоқсанына дейін, яғни Христиан-демократиялық партия оппозицияда болғанға дейін атқарды. 2014 жылы ол саясаттан кетіп, Дойче Банк вице-президенті атанды. 2016 жылы Люксембургке оралып, банк және медиа секторларындағы компанияларда басшылық қызметтерді атқарды. 2022 жылы Eurochambres экономикалық ұйымының президенті қызметіне кірісті. 2023 жылдың ақпанында саясатқа қайтып келіп, сол жылғы парламенттік сайлауда Христиан әлеуметтік-халық партиясының негізгі үміткері болып, депутат болып сайланды. Христиан-демократтар парламенттегі ең үлкен партия мәртебесін сақтап қалғандықтан бірнеше апталық келіссөздерден кейін бұрынғы премьер-министр Ксавье Беттелдің Демократиялық партиясымен келісімге келіп, Люк Фриден бастаған жаңа коалициялық үкімет 2023 жылдың 17 қарашасында ант берді.
Сын 2013 жылы Люксембургтің инвесторларды қорғау тобы ProtInvest Еуропалық ішкі нарық жөніндегі комиссары Мишель Барньеге хат жолдап, онда Фриденнің өзінің аға кеңесшісі Сара Хабирпурды елдің қаржылық реттеушісі CSSF кеңесіне тағайындау туралы шешімін сынға алды.
2023 жылдың қазанында жалпы сайлауға арналған науқан кезінде LSAP саясаткері Макс Ленерс Фриденнің саяси өткені туралы 80 беттік брошюраны жариялады, ол Әділет министрі ретінде оның билігі кезінде кәмелетке толмағандардың депортациялануын, еңбек заңдары, жұмыс уақыты мен зейнетақы туралы көзқарасын сынға алды.
Дереккөздер
Санат:Люксембург саясаткерлері Санат:Люксембург заңгерлері Санат:Люксембург университеті түлектері Санат:Кембридж университеті түлектері Санат:Гарвард университеті түлектері Санат:Люксембург премьер-министрлері Санат:Люксембург қаржы министрлері Санат:Люксембург қорғаныс министрлері Санат:Люксембург әділет министрлері