ҚАШ (QAŞ)— 2022 жылы шыққан режиссёр Айсұлтан Сейітовтың дебюттік фильмі. Фильм отарлаудың қиын кезеңдері мен өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық туралы баяндайды. Қазақ КСР-дағы мұңды қабір қазушы Исатай бүкіл ауылдың тағдыры тәуелді болатын күрделі таңдау алдында болады.
Тарихы Фильм — режиссер Айсұлтан Сейітовтің толықметражды кинодағы дебюті. Бұған дейін әлемдік деңгейдегі клипмейкер ретінде танылған режиссердің бұл жұмысы 2022 жылдың ең көп күтілген қазақстандық тұсаукесері болды. Фильмнің алғашқы көрсетілімі 2022 жылғы 1 желтоқсан күні өтті.
Мазмұны Фильмнің негізгі өзегі өткен ғасырдың 30-жылдарында, ұжымдастыру салдарынан қазақ даласын жайлаған жаппай Ашаршылық (1931-1933) кезеңінде өрбиді. Аштықтан қырылған ауыл тұрғындарын жерлеумен айналысатын көрқазушы Исатай мәйіттерді арбамен тасып, ортақ қабірге айналған үлкен шұңқырға тастап отырады. Ауыл орталығындағы кеңестік әкімшілік ғимаратында азық-түлік қорының таусылғаны талқыланады. Тұрғындарды аман алып қалу үшін басшылық жақын маңдағы Сарқанд қаласынан көмек сұрауды ұйғарады. Бұл сапарға жолды жақсы білетін Исатайды жіберу туралы шешім қабылданады. Бастапқыда бас тартқан Исатайды ауыл ақсақалы Мағай көндіреді.
Исатайдың құпиясы бар. Ол киіз үйдегі үлкен сандықтың ішінде өзінің 8 жасар інісі Әлімді жасырып ұстайды. Мағай Исатайға інісін Сарқандтағы балалар үйіне өткізуге кеңес береді, себебі онда балаларға тамақ берілетініне сендіреді. Келесі күні Исатай, жасырынған Әлім және оларды бақылаушы ретінде қосылған орыс қызметкері Илья жолға шығады.
Сапар барысында түнемелікте жолаушыларға қарулы топ шабуыл жасайды. Осы сәтте Илья жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді де, ағайындыларға кенеттен пайда болған Тепе есімді қарт көмекке келеді. Көзінде ағы бар, түр-әлпеті үрей туғызатын Тепе мен ағайындылардың сапары одан әрі қауіп-қатерге, аштық пен мистикалық оқиғаларға толы болады.
Фильмде қазақы наным-сенімдер мен мифологиялық образдар кеңінен қолданылған:
Кіші інісінің есімі «Әлім» қазақтың «өлім» сөзімен үндес келсе, жолбасшы болған қарт Тепе — Ажалдың (Өлімнің) метафоралық бейнесі ретінде қабылданады. Баласын жоғалтқан Айман есімді кейіпкер арқылы қазақ фольклорындағы Жезтырнақ бейнесі сомдалған. Сынған шаңырақ — құлдырау мен панасыздықты, қараңғыда естілген шаңқобыз үні — келе жатқан қауіпті білдіреді. Даладағы тас мүсіндер (бәдіздер) мен асықтар да символдық мағынаға ие.
Пікірлер мен сын Мамандар фильмнің визуалды және техникалық сапасын жоғары бағалады. Операторлық жұмыс пен жалпы атмосфера, әсіресе халықтың психологиялық жарақатын көрсететін кіріспе сахналар көрерменге ауыр әсер қалдырады. Актерлік құрамнан Еркебұлан Дайыров пен Оңдасын Бесікбасовтың ойыны ерекше атап өтілді.
Кейбір шолушылардың пікірінше, фильмде баяу дамитын «слоубёрнер» () жанрының элементтері тым көп қолданылған, бұл көрерменді жалықтырып, хикаяны ауырлатады. Сондай-ақ, танымал комик Нұрлан Сабуровтың қарақшы рөліндегі эпизодтық көрінісі (камео) фильмнің тұтас атмосферасын бұзатын, орынсыз шешім ретінде сыналды.
Сыншылар картинадан Андрей Тарковский мен Кормак Маккарти («Жол») шығармаларының, «A24» студиясының (Роберт Эггерс, Ари Астер) постхоррорларының және якут киносының әсерін байқаған. Жазушы әрі мәдениеттанушы Зира Наурызбаева Adamdar/CA платформасына жазған эссесінде фильмге қазақ мифологиясы мен ұлттық жарақатты (травманы) қабылдау психологиясы тұрғысынан терең талдау жасады. Автор бастапқыда ашаршылық тақырыбына хоррор жанрының таңдалуына күмәнмен қарағанымен, кейіннен бұл жанрдың тарихи қасіретті метафора тілімен жеткізуге қолайлы екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, аштықты натуралистік тұрғыда көрсету көрермен психикасына тым ауыр соққы болар еді, ал хоррор жанры үрейді «каналдауға», яғни ұжымдық бейсанадағы қорқынышты сыртқа шығарып, катарсис (рухани тазару) арқылы емделуге мүмкіндік береді.
Мәдениеттанушы фильмдегі бірнеше маңызды символды ерекшелеп көрсетті.
Қазақ дүниетанымында кең дала әдетте еркіндікті білдірсе, фильмде ол қақпанға және бос қуысқа айналған. Зира Наурызбай мұны халықтың жылқыдан айырылуымен байланыстырады: астында аты жоқ жаяу қазақ үшін кеңістік қорғаныш емес, қауіп көзіне айналады. Тепе кейіпкері түркі мифологиясындағы жалғыз көзді дәу — Төбегөзбен (циклоп) шендестіріледі. Сонымен қатар, ол бас кейіпкер Исатайдың қорқынышы мен аштықтан туындаған ессіздігін бейнелейтін «егізі» (двойник) ретінде қарастырылады. Мифологиялық тұрғыдан фильмнің нағыз қаһарманы Исатай емес, кішкентай Әлім. Оның сандықтан (ана құрсағының символы) шығып, қиындықтар арқылы балалар үйіне жету жолы — қатал инициациядан өту және тамырынан ажыраған «жаңа кеңес адамының» дүниеге келу процесі ретінде сипатталады. Исатайдың отты ата-баба әдісімен (шақпақ таспен) жаға алмай, орыс солдаты берген сіріңкені пайдалануы — ұрпақ сабақтастығының үзілуі мен мәжбүрлі модернизацияның символы деп бағаланды.
Кейбір шолушылар фильмдегі ашаршылық себептері мен кеңестік жүйенің рөліне қатысты сыни пікірлер білдірді. Атап айтқанда, режиссер ашаршылықтың түпкі себептері — күштеп ұжымдастыру, мал мен астықты тәркілеу және репрессиялық шараларды ашып көрсетпегені үшін сынға ұшырады. Фильмде құрбандармен қатар кеңес өкіметі өкілдерінің де аштықтан зардап шегуі көрсетілген. Сарапшылар мұны жаппай қырылған халық пен сол апатқа себепкер болған билік өкілдерін теңестіру деп бағалап, орынсыз шешім санады. Кеңестік балалар үйлерінің салыстырмалы түрде жайлы етіп көрсетілуі және Исатайдың от жаға алмай, орыс солдатының оған сіріңке қолдануды үйрету сахнасы тарихи шындыққа сәйкес келмейтін, жүйені «ізгілендіруге» (гуманизация) тырысқан әрекет ретінде қабылданды. Пікір білдірушілердің ойынша, фильм цензура шеңберінен шыға алмаған. Ашаршылық тақырыбындағы туынды саяси мәлімдемеден тыс қала алмайды, сондықтан онда трагедияның нақты себепкерлері айқын көрсетілуі тиіс еді деген уәж айтылды.
Сыншылар «ҚАШ» фильмін визуалды шешімдері, костюмдері және актерлік ойыны жағынан сапалы артхаус деп танығанымен, оның саяси астары мен тарихи интерпретациясы ұлттық трагедияны терең сезінетін көрермен үшін жеткіліксіз әрі екіұшты әсер қалдырғанын атап өтті.
Шығармашылық топ
Актерлік құрам
Еркебұлан Дайыров — Исатай Оңдасын Бесікбасов — Тепе Иісбек Әбілмәжінов — Мағай Сұлтан Нұрмұха — Әлім Толғанай Талғат Александр Паль Варвара Шмыкова
Түсірілім тобы
Режиссері: Айсұлтан Сейітов Сценарий авторы: Абылай Нұрманбетов Продюсерлері: Еркебұлан Құрышбаев, Евгения Морева Операторлары: Азамат Дулатов, Бағдат Арғынов, Евгений Козлов Композиторы: Ақмарал Зықаева Қоюшы суретші: Назира Байбекова Костюм суретшісі: Ажар Әубәкірова
Сыртқы сілтемелер
Дереккөздер
Санат:Қазақ тіліндегі фильмдер Санат:Қазақстан драма фильмдері Санат:Айсұлтан Сейітов фильмдері