Мұса Жаппасбаев (15 тамыз 1930, Амангелды ауданы, Үрпек ауылы – 15 шілде 2006, Алматы қаласы) — ғалым-географ, Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан білім беру ісінің үздігі (1993), география ғылымдарының кандидаты (1964), профессор (1995), Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын үздік бітірген (1952). 1952-1967 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында сабақ берді. 1959 жылы А.Н. Воеков атындағы Ленинградтағы Географиялық бас обсерваторияның аспирантурасына түсіп, сонда кандидаттық диссертация қорғады. 1967 жылдан қазақ ұлттық университетінде қызмет етіп, 1969–1977 жылдары география факультетінің деканының орынбасары, деканы болды. 1975–1988 жылдары физикалық география кафедрасын басқарды. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыттары: «География ғылымының тарихы мен әдістемесі», «Физикалық географияның жүйелік қорытындылары», «Қазақстан физикалық географиясының экологиялық мәселелері». Бұрынғы одақтық және республикалық баспаларда 100-ден астам еңбектері жарық көрген. ХХ ғасырдың 70 жылдарында қазақ теледидарының тұрақты «Саяхатшылар клубы» бағдарламасын жүргізді. ТОРҒАЙ ЕЛІ. Энциклопедия / Құраст. Т.Рсаев. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2013ж.
Дереккөздер