Исатай мешіті – Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері Ырғыз ауданы, Жайсаңбай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 4,7 км жерде орналасқан.
Сипаты thumb|right|250px|Исатай хазірет мешіті мұнарасының қалпына келтірілгенге дейінгі көрінісі. С.Е. Әжіғалидің мәліметі бойынша "1920 жылдары шебер Шомбал Бектасұлының басшылығымен салынған Исатай Сатыбалдыұлы мешіті шикі кірпіштен салынған ғимарат, екі бөліктен тұрады, солтүстіктен күйдірілген кірпіштен қаланған мұнара оған іргелес орналасқан. Мұнараға көтерілу кірпіштен өрілген бұрама тәрізді баспалдақ арқылы жүзеге асырылады. Ғимараттың оңтүстік-шығыс қабырғасында жоғарғы жағында өте қызықты шоқтығы бар михраб орналасқан". Мешіт жоспары бойынша тіктөртбұрышты (9,60х24,20 м), солтүстік-шығыс-оңтүстік-батыс осі бойынша созылған. Ғимараттың қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланған, төбесі итарқалы-бөренелі (қазіргі кезде шиферлі шатырмен) жабылған. Қаңылтырмен қапталған шатырлы күмбезі бар 8 қырлы мұнара (жалпы биіктігі 19,0 м) солтүстік-шығыс қасбетінде салынған. Қарама-қарсы қасбетте михраб апсидасы орналастырылған. Қабырғалардың жазықтары саңылаулармен, терезелермен, қалақшалармен бөлінген, екі есік саңылауы бар: оңтүстік-шығыс және солтүстік-шығыс қабырғаларында. Саңылаулар мен терезелердің жоғарғы бөлігінің құрылымы ерекше – аласа "доғалармен" жасалған, мұнда солтүстік аймақтардың – Еділ бойының және т.б. сәулет өнерінің әсері сезіледі. Ғимараттың іші алғашында екі бөлмеге бөлінген: оның бірі ағаш баспалдақ орналасқан мұнара жағында және екіншісі – михрабта ағаш мінбар орналасқан үлкен қызметтік бөлме [Әжіғали, 2001, 164 б.].
Тарихы Исатай мешітінің құрылысының тарихы туралы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің материалдары айғақтайды. Мұнда 1903 жылы 7 ақпанда басталған және 1905 жылы 12 тамызда аяқталған "Ырғыз уезінің Тәуіп болысында мешіт құрылысы туралы" ісі анықталды. Онда мешіттің құрылу тарихын ашатын құжаттар, Исатай Сатыбалдыұлы туралы деректер бар және қосымша ретінде жобаның бастапқы сызбалары берілген. Торғай болысының әскери губернаторының атына Тәуіп болысында мешіт пен медресе солу сұранысы туралы қызметтік хатты Ағыбай Шамбалов 1903 жылы 25 қаңтарда береді. Бұл сұраныс Ырғыз уезі басшысының қызметтік хатымен қоса берілген, онда ол Сасық-Өзек шатқалындағы бұл жерде, қыстауларда намазханадан басқа мешіт жоқ екенін, сонымен қатар А. Шамбаловтың мешіт салуға берік ниеті мен қаржылық мүмкіндіктері бар екенін растайды. Алайда, уез шенеунігі "татарша біліммен қатар орысша білім берілмесе далада медресе ашуға рұқсат берудің қажет еместігін ескере отырып", "Шамбаловтың медресе құрылысын жүргізуге рұқсат сұрауын қабылдамау тек мешіт салуға рұқсат қажет деп санайды" [Айсаутов, 2020, 11 б]. Дәл осы уез басшысы басқа қызметтік хатта Исатай Сатыбалдыұлына әлбетте бұл мешіттің болашақ молдасы ретінде оң сипаттама береді. Қазақ даласындағы мешіттер мен намазханалар бойынша жылдық статистикалық мәліметтер көрсеткендей, Исатай мешітінің құрылысы XX ғасырдың 20-жылдарына дейін созылған көрінеді.Ақтөбе облысының киелі географиясы. Табиғат, археология, сәулет және этнография нысандарының тізілімі. Алматы: Ә.Х. Марғұлан ат. Археология институты, 2021. 520 б.
Дереккөздер
Санат:Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Ақтөбе облысы сәулеті Санат:Қазақстан мешіттері