Ботаникалық сипаттамасы. Дәрілік жалбыз тікен - көп жылдық шөп тектес өсімдік. Оның сабағының биіктігі 1,5 метрге дейін жетеді. Тамыры жуан,оның ұзындығы 50 сантиметр шамасында болады. Сабағы түкті, сұрғылт көк түсті. Ұш жағындағы сабақша – бұтақшалары қысқа. Жапырақтары – ара тісті, кезектесіп орналасқан. Жапырақтарының екі жақ бетін түк басып тұрады. Өсімдік маусым айынан бастап, қыркүйек айына дейін гүлдейді. Гүлдері – ақшыл – қызыл түсті. Табиғатта таралуы. Республикамыздың оңтүстік, солтүстік, шығыс облыстарында өседі. Ол көбінесе ылғалды жерлерде, егістік арасында, өзен, көл жағалауларында, тау етектерінде жиі кездеседі. Дәрілік шикізат ретінде тамыры пайдаланылады. Оны күздің екінші жартысында және ерте көктемде қазып алады. Топырақтан тазалап, жылы сумен жақсылап жуады да, аздап жел қақтырып, көлеңке жерде кептіреді. Жақсылап кептірілген тамыр 10 – 15 сантиметрден кесіледі де, қағаз жәшіктерге салынып, құрғақ орындарда сақталады. Химиялық құрамы. Өсімдік тамырының құрамында 35 пайыз қоймалжың заттар, 37 пайыздай крахмал, 10 пайызға жуық сахароза, майлар, бетален деген заттар бар. Қолданылуы. Мал дәрігерлігі практикасында негізінен қақырық түсіруге, өкпенің, өңештің қабынуын басу, сондай – ақ орталық нерв жүйесін тыныштандыру үшін пайдаланылады. Тұнба 1:10 қатынаста жасалады, яғни 100 грамм ұнтақталған тамыр қайнап тұрған 1,5 литр суға салынып, 15 – 20 минут тұндырылады. Суытылып, сүзілген тұнба жылқы мен сиырға – 250 – 300 мл, қойға – 100 – 150, бұзау мен құлынға – 150 – 200 мл мөлшерінде күніне 2 – 3 рет ішкізіледі. Жалпы таза дәрілік шикізаттың берілу мөлшері : жылқыға – 20 – 80г ірі қараға – 30 – 150 г қойға – 10 – 15 г тауыққа – 0,5 – 2 г. Дереккөздер
Źródło i licencja
Na podstawie: Wikipedia — Дәрілік жалбыз тікен · historia autorów.
Tekst: CC BY-SA 4.0.
Informacja o opracowaniu
Usunięto składnię wiki i szablony; dłuższe teksty skrócono.