Байғана кесенесі – Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген XVII ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері Ұлытау ауданындағы Сарысу өзенінің төмен жағындағы, Қызылжыңғыл аңғарында орналасқан.
Зерттелуі мен сипаты Байғана кесенесі жөнінде алғашқы мәліметтер Н. Потанин, Ю. Шмидт еңбектерінде кездеседі. 1981 жылы Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы (жетекшісі Ә. Оспанов) зерттеген. Ел аузында Байғана атақты мерген болған деген аңыз бар. Кесене тұрған аңғар XIX ғасырдың өзінде Қызылжыңғыл-Байғана аталған. Кесене шикі кірпіштен шаршы жобада салынып, күмбезделген. Кейін күмбезі қираған. Ішкі жағы сегіз қырлы, әр қыры аркалы қуыс түрінде бөлінген. Осы сегіз қырлы қабырғаның әр бұрышынан бірінің үстіне бірі салынған көлденең қатарлар арқылы күмбез негізі шығарылған. Кесенеге кіретін оңтүстік-батыс жағынан екі метрлік дәліз жапсарлас салынып, сырғауыл, қамыс және кірпішпен жайпақ жабылған. Кесенеде өте ертеде жерленген мүрделер бар. Байғана кесенесі – Қазақстанда санаулы ғана кездесетін кейінгі ортағасырлық ескерткіштердің бірі. Шикі кірпіштің мүжіліп тозғанына қарамастан, ескерткіштің айқын жобасы, композициялық шешімінің нақты логикалық белгілері қалыптасқан құрылыс дәстүрінен хабар береді.«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;
Дереккөздер
Санат:Ұлытау облысы сәулеті Санат:Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан кесенелері