Баффин теңізі, бұрынырақ Баффин шығанағы (, ) — Солтүстік Мұзды мұхиттағы Гренландия мен Канадалық арктикалық топарал аралығында жатқан жартылай тұйық теңіз. Ол Дейвис бұғазы арқылы Атлант мұхитымен, Канадалық арктикалық топарал аралығындағы бұғаздар арқылы Солтүстік Мұзды мұхитпен жалғасады. Аумағы 530 мың км². Ең терең жері 2414 м, орташа тереңд. 861 м. Теңізге Батыс Гренландия, Ирмингер және Лабрадор ағыстары әсер етеді. Қыста судың жоғарғы қабатындағы температура - 1°С-тан төмен, ал жазда ол 4 - 5°С-тан (оңтүстік-шығысында) 0°С-қа (солтүстік-батысында) дейін өзгереді. Тұздылығы 30—34‰. Баффин теңізі айдыны қыс мезгілінде ықпа мұзбен жабылады, мұздар жазда теңіздің орталық және батыс бөлігінде сақталады. Балықтардан белуга, треска, майшабақ ауланады. Теңіз ағылшын зерттеушісі У. Баффин құрметіне аталған.
Санат:Баффин теңізі Санат:Солтүстік Мұзды мұхит теңіздері Санат:Канада теңіздері Санат:Гренландия географиясы