Музыкалық аспаптарды жасауға арналған құрал-саймандар Дәстүрлі музыкалық аспаптарды жасайтын құрал-сайман түрлерін білу маңызды. Халық музыка аспаптары мұражайының аспап жасау, жөндеу және қалпына келтіру шеберханасында жүргізген ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар барысында құрал-саймандардың көптеген түрлері қолданылады. Ертедегі қолөнер шеберлері оған қажетті құралдарды әртүрлі заттардан дайындап алатын болған және оның көпшілігі қол құралы болып саналған. Ал қазіргі кезде дәстүрлі нұсқадағы қол құралдармен қоса электр құралдары қолданылады. Мұның өзі аспапты тез жасап бітуді және шеберлердің уақыттарын үнемдеуіне пайдасы да бар. Құрал-саймандарға байланысты ел арасында: "Құралсыз ұста - қолсыз пенде", "Сайманың сай болмаса - еңбегің шығын", "Шебердің қолы ортақ", "Құрал-сайманда қырық кісінің күші бар" деген сөздер кең тараған. "... Елдегі ұста-шеберлер жақсы бір затты көрсе: "е-е, мына бұйымды әлгі атақты шебер жасаған ғой...", - деп әр шебердің орын бағалай білген..." (XI). Музыкалық аспаптарды жасауға қарапайым қол құралдармен қоса электр құралдары да қолданысқа түсті. Олар:
тұғыр - ашасына ағашты қысып қойып, кесіп - жонуға арналған; қуыс балта - шанағы тұтас ойып жасалатын аспаптардың ағашын оя шабуға арналған; сына - музыкалық аспаптардың желімделген бөліктерін қысып тұруға қолданлады; шот - аспаптардың нәзік бөлшектерін дайындауға, ұңғуға, шауып жұқартуға қолданылады; атауыз ( қысқы ) - саз аспаптарына қажетті ағаштарды сүргілеуге, жонуға, кесуге арналған құрал; аталғы - екі жағында сабы бар, ағашты жонуға, қабығын аршуға арналған пышақ тәрізді құрал. Оның сырнауық аталатын тісті түрі аспаптарға өрнек салуға қолданылады; ұңғыру - ағашты ұңғи жонуға арналған сабы бар имек пышақ; ақсақ темір - екі сирағы бар құрал, бір сирағы екіншісінен қысқа, ағаштант (домбыра, жетіген, шіңкілдек), сүйектен (мүйіз сырнай, бұғышақ), металдан (шың, шыңдауыл, қоңырау-сылдырмақ) жасалатын аспаптардың сыртына, шанағына, мойнына геометриялық, космологиялық, өсмдік, тектес өрнектер салуға қолданылады; тетір пышақ - жасалып біткен музыкалық аспаптарға оймыштап өрнек салуға арналған; кездік ( бәкі ) - көбінесе теріден жасалатын аспаптарды кесуге қолданылады; пәрмі - аспаптардың үндік ойықтарын, пернеаралық белгілерін тесуге арналған құрал; қолшығыр - ұшына әртүрлі үлгідегі тескіш бұрғылары бар құрал; тышуыр - ағашты қуыстар тесуге арналған; бұрғы - саз аспаптарының бөлшектерін бұрғылап тесуге қолданылады; жадағай және қуыс құлақ қашау тұтас ойып жасалатын музыкалық аспаптың шанағын үңгіп-оюға арналған; ағаш балға - саз аспаптарды шегелеуге арналған қатты ағаштан жасалатын құрал; қырғыш - жұмыр шанақты аспаптардың ағашын жұмыр етіп қыратын құрал; сүмсуір - жасалып біткен саз аспаптардың сыртын өңдеп, жылтыратып, ысқылап тегістеуге қолданылады; көзеуіш - домбыра, жетіген шертер, қылқобыз секілді аспаптардың құлақтық ойығын отқа қыздырып алып, кеңіте көзеуге(тесуге) арналған; түрпі - аспаптарға дайындалып жонылған ағашты өңдеуге арналған ; жанауыш - аспаптар жасайтын кескіш құралдарды жанитын былғары құрал; егеу - сүргіден өткен саз аспаптардың кедір-бұдырын кетіріп, тазалауға арналған құрал; зімпара - музыкалық аспаптардың сыртын ысқылап өңдеуге арналған бетінде ұсақ құм қиыршықтар желімделген қағаз; қыл қалам - саз аспаптарының бетін лактауға, аспап қуыстарын желімдеуге арналып жылқы қылынан жасалатын құрал; Ұмыт болған бұл құрал-саймандардың көпшілігі белгілі қолөнерші-шебер Д.Шоқпарұлының іс-тәжірибесі мен зерттеу жұмыстары нәтижесінде қалпына келтіріледі. Қол құрылдарынан басқа қазіргі кезде электроқарғы, электротез, электропеш, электросүргі, өлшейіш, ара, пышқы, дөңбек, шеге, бұлғауыш, балта, сүргі, шегенің сүйектен, қатты жынысты ағаштан, жасалатын қарапайым қосалқы түрлері қолданылады. (XII). Дереккөздер Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары. Казахские традиционные музыкальные инструменты. Kazakh traditional musical instruments.Жалпы редакциясын басқарған - өнертанушы-этнограф Спатайқызы Зәбира Жәкішева. - Алматы: "Алматыкітап баспасы",2009.-167 бет. ISBN 978-601-01-0295-8