Патшалық Ресейдің Орталық Азия елдеріне жақындай отырып, бүкіл Түркістанды (қазіргі Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Орта Азиялық республикалары - авт.) бағындыруы үшін ең алдымен - Сыр бойын жаулап алуы керек болатын. Сыр өңірінің тоғыз жолдың торабында орналасуы, Арал теңізі мен Сырдария өзені арқылы Түркістан өлкесіне етене ену мүмкіндіктерінің артуы, бұл өлкенің әскери-стратегиялық маңызын еселеп арттырды. Сондықтан, патша өкіметінің Сыр бойын жаулап алуы бірнеше әскери міндеттерден тұрды:
1) гарнизондар мен бекіністер салу, тұрақты әскерлер мен казактарды орналастыру, қару-жарақ қоймасын жасау;
2) Орта Азияға басқыншылық жорықтарын дайындау және өлкеде әскери-әкімшілік басқаруды енгізу;
3) Қоқан әскерлерін ығыстырып, қазақ жерін бағындыруды аяқтау.
Осылайша, Сыр бойы патша әскерлерінің негізгі стратегиялық алаңына айналды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру мақсатында патша әкімшілігі бірқатар әскери-барлау және жазалау экспедицияларын жүйелі түрде ұйымдастырып отырды.
Ресей империясының Кіші жүз қазақтарын бағындыра отырып Сыр бойына емін-еркін енуіне Хиуа хандығы негізгі тосқауыл болды. Өйткені патша өкіметінің Сырдария мен оған іргелес жатқан қазақ жерлерін жаулаудағы стратегиясы мен тактикасы Хиуа хандығының мүддесіне қарама-қайшы келді. Сондықтан патша әкімшілігі Хиуа хандығымен арадағы қарым-қатынастарды қасақана шиеленістіріп, оған қарсы әскери жорықтар ұйымдастырды және Орынбор бағытынан оңтүстікке қарай ішкерілеп кіруге әрекеттер жасайды.
Патша өкіметі Сыр бойындағы Хиуа хандығының ықпалын әлсірету мақсатында ру билеушілерін пайдалануға тырысты. Патша әкімшілігі қарамағындағы қазақтардың ру басшыларына - Хиуа хандығының билігін мойындаған қазақ ауылдарына барымта жасауға және одан түскен олжаны өздеріне қалдыру туралы көптеген нұсқаулар береді.
Патшалық Ресейдің Сыр бойына ұстанған саясатының нәтижелі болуына және Хиуа хандығының әлсіреуіне 1833 жылы В.А.Перовскийдің Орынбор генерал-губернаторлығы қызметіне келуімен тығыз байланысты. В.А.Перовский хиуалық көпестерді қасақана тұтқынға алып екі елдің арасындағы саяси қатынастарды әдейі шиеленістірді. Ресей әкімшілігінің көпестерді тұтқынға алуы және саудаға тиым салуы Хиуа экономикасы үшін үлкен соққы болып тиді.
1839-1840 жылдары патша өкіметінің Хиуаға жасаған жорығымен бірге дипломатиялық елшiлiктерi де сәтсіздікке ұшырады. Бірақ бұл патша өкіметінің Сыр өңірін иеленуге деген ұмтылысын бір сәтке де тоқтатпады. Қайта керісінше, патша өкіметінің қазақ даласын толық жаулауға деген ниеті бұрынғыдан да күшейіп, Сыр өңірін толығымен өз құрамына қосуға итермеледі. Себебі Сыр өңірінде патша өкіметінің нақты билігінің болмауы -жергілікті қазақ халқының көңіл күйін бақылауға мүмкіндік бермеді.
Сондықтан патша өкіметі ендігі кезекте басты соққыны Хиуа хаңдығына емес, Қоқан бағытына қарай аударуға мәжбүр болды. Оған Қоқан хандығының ішінде үзіліссіз басталған азамат соғысы және Бұхар әмірлігінің Қоқанға жасаған шабуылы қолайлы жағдай туғызды. Осы жағдайларды жан-жақты саралаған патша өкіметі Қоқан хандығының қорғаныс қабілеті мүлдем төмен деген қорытынды жасады.
Патша өкіметі болашақ әскери жорықтың сәттілігі үшін топографиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы мәліметтер жинау жұмыстарын бастады. 1846 жылы 10 қаңтарда Сырдарияның төменгi ағысын зерттеуге және бекініс тұрғызуға қолайлы орынды анықтау мақсатында капитан Шульц пен геодезист Лемм басқарған 200 Орал казактарынан тұратын әскери-барлау экспедициясы жіберіледі. Сыр бойын зерттеу кезінде капитан Шульцке мынадай міндеттер жүктелді: Орал бекінісінен Сыр бойына дейінгі аралықтағы қысқа жолдарды картаға түсіру, Сырдарияның төменгі ағысында бекініске қолайлы жерді табу, өзенде кемелердің жүзу мүмкіндіктерін анықтау және казактарды қоныстандыратын аймақтарды белгілеу және т.б. [2, 5 п].
Көп ұзамай капитан Шульц бастаған әскери экспедиция берілген тапсырмаларды ойдағыдай орындап, белгісіз аймаққа байланысты құнды барлау мәліметтерін жеткізеді. Орынбор генерал-губернаторы В.А.Обручев құжаттарға талдау жүргізе отырып, патша өкіметіне Сырдарияның төменгі ағысына бекініс салу қажет деген ұсыныс береді. Ол 1847 жылы қаңтарда Әскери министрге жазған құпия хатында Сырдың төменгі ағысында салынатын бекіністің стратегиялық маңызын былайша бағалайды: «...Біріншіден, Сырдың төменгі ағысына салынатын жаңа бекініс 6 мың түтінге жуық қазақтарға бақылау жасауға мүмкіндік береді. Екіншіден, Сырдың төменгі ағысы Еуропалық Ресейді, Батыс Сібірді, қазақ далаларын, Бұқара және Хиуаны байланыстыратын орталық болып табылады. Үшіншіден, осы бекініс арқылы біздің шекарамыз Қоқан, Хиуа хандықтарымен шектесіп, Бұқараға ықпалымызды арттыруға жағдай жасайды. Төртіншіден, Хиуа мен Бұқараға баратын сауда жолдарына бақылау орната аламыз. Бесіншіден, Хиуа мен Қоқаннан төнетін қауіпті жоямыз» [3, 4 п].
Сыр өңірін басып алу үшін, алдымен онда бекіністер жүйесін салу қажеттігін Обручевтен бұрын 1840 жылы 4 наурызда Теңiз Министрi Меньшиков: «Ағылшындардың Кабулды жаулауына және олардың Бұхарамен жақындасуына орай бізге Сырдарияда бекiнiс салу қажет. Сырдария өзенi кеме қатынасы үшiн қолайлы және ол Арал теңiзiне құятындықтан, бiзге Амудария арқылы Ауғанстан шекарасына дейiн кең жол ашылады» [4, 124 п], - деп айтқан болатын.
Осылайша, патшаның әскери шенеуніктері Сыр өңіріне бекіністер тізбегін салып, Сыр бойының қазақтарына ғана емес, бүкіл Кіші жүз қазақтарына өздерінің билігі мен бақылауын орнатуды, Қоқан, Хиуа және Бұхара хандықтары тарапынан төнген қауіпті жойып қана қоймай, оған өз ықпалымызды жүргіземіз деп жоспарлады. Сондай-ақ, олар Хиуа мен Бұқараға қатынайтын сауда керуен жолдары осы аймақтан өткендiктен, керуен жолына бақылау жүргiзуге мүмкiндiк туады деп есептеді.
Алайда Сыртқы істер министрі граф Нессельроде, Теңiз Министрi Меньшиков пен Орынбор генерал-губернаторы В.А.Обручевтiң Сырдарияның төменгi ағысында бекiнiс салу жөніндегі жобасына қарсылық білдірді. Ол бұл әрекет қоқан, бұхара және хиуалықтарды алаңдатып қана қоймай, наразылығын туғызатынын және де бұл құрылыстардың көп қаражатты қажет ететінін алға тартты. Бұл мәселе бойынша Ресей патшасы І Николай граф Нессельродеге: «Қазiргi қолайлы сәттi пайдаланып, бекiнiс салмасақ, кейiн тым қымбатқа түсуi мүмкiн», - деп есептеп үкіметке бекіністі 1847 жылы жазда салуды тапсырды және 71327 сом ақша бөлгізді. Бекіністің құрылысын жүргізу мен басқаруға тәжірибелі мамандарды тағайындауды және бекініске Оралдан 50 казак отбасын қоныстандыру туралы нұсқауын берді [5, 2 п]. Патшаның бұл нұсқауы Арал аймағының саяси-әскери маңыздылығын көрсетіп, алдағы уақытта Ресей империясы тарапынан жүргізілетін жаулаушылық соғыстарының жоспары еді.
Сонымен қатар, 1847 жылы Райым бекінісінің салыну қарсаңында патша өкіметі хиуалықтарды Райым бекiнiсi бейбiт қарым-қатынас орнату үшiн салынуда деп сендіруге тырысты және 1836 жылғы Хиуа жорығының қарсаңындағы келеңсiз оқиғаларды еске салды. Сөйтіп бiр жағынан күш көрсетiп, екiншi жағынан жұмсақтық танытып, хиуалықтардың бекiнiс құрылысына қарсы ұйымдастырылатын iс-шарарларының алдын-алу үшін Бас штаб полковнигi Иваниндi елші ретінде Хиуаға аттандыруды көздеді.
Алайда патша өкіметінің Сыр бойын жаулау мақсатында бекіністер салу әрекеттері өте шиеленісті жағдайда жүрді. Жергілікті қазақ халқы патша әкімшілігі салмақ болған бекіністер тізбегіне теріс пиғыл танытып, ашықтан-ашық қарсылық танытқаны соншалықты, патша өкіметі елшіліктің сапарын кейінге шегеруге мәжбүр болды. Оған қоса бекіністің салынуына байланысты патша өкіметі мен Хиуа хандығының арасындағы саяси жағдай одан сайын шиеленісті. Кіші жүз қазақтарына өз адамдарын аттандырған Хиуа ханы Мұхаммед Әмин оларды Райым бекiнiсінің құрылысына қарсы шығуға және орыстармен сауда қарым-қатынасын тоқтатуды ұсынып, үгiт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргiзді.
Сондай-ақ, Хиуа ханы Мұхаммед Әмин қазақ сұлтандары Жанғазы, Қайыпқали, Елекейлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, оңтүстікке қарай шабуылға шыққан патша өкіметіне қарсы қазақтарды көтеру үшін оларды басшылыққа тағайындап отырды. Мәселен, патша әкімшілігі Елекей сұлтанға мынадай баға береді: «Шөмекей руына шабуыл жасаған қоқандықтармен болған шайқастағы сәтті қимылы Елекейдің қазақтар арасында батыр танылуына және оған Хиуа ханының көңіл аударуына әсер етті, ол бірнеше рет Хиуаға барып, сыйлықтар алды, ақырында хан сайланды. 1846 жылы Ордадан шөмекей мен кете және керейттер арасында Елекей өзін хан атап, қазақтарды патша өкіметі билігінен бас тартқызып, тәуелсіз болу мақсатымен Хиуа жеріне өтуге үгіттеді деген хабарлар жетті» [6, 22-23 п].
Шөмекей және кете руларының 30 биін ерткен Елекей сұлтан Жаңадарияны қыстап шыққан соң, Мұхаммед Әмин ханның шақыруымен Хиуаға аттанып кетеді. Елекей сұлтанмен қатар Қайыпқали сұлтан да Кіші жүз қазақтарын патша өкіметінің билігіне қарсы шығуға және Хиуа иелігіне көшуге үгіттеген. Қайыпқали сұлтанның мұндай әрекетке барғанын оның Кіші жүз қазақтарына жазған хатынан көреміз: «Кіші жүздің он екі ата Байұлы ұрпақтарына, Баймұхаммед, Қазы, Сарыбөпе және басқа да құрметті билерге, қазақтарға... ата-бабамнан мұраға қалған халыққа жүк артуды өзімнің міндетім деп санаймын. Сендер өз болашақтарың туралы ойлана отырып, Ресейдің мұсылмандарға қарсы жаулық іс-қимылдарына назар аударыңдар. Мұхаммед Әмин хан Ресейдің қазақтарды басып алатынын білгеннен кейін 20 мың әскер жасақтады. Егер де сендер әділеттілер жағында болғыларың келсе, онда осы хабарды алғаннан кейін ешқандай кешіктірместен әрбір бөлімшеден ұлы, әділетті падишахқа бір құрметті өкілден жіберіңдер...» делінген [7, 27-28 пп].
Жоғарыда келтірілген деректерге назар аударсақ, Хиуа хандығы Сыр өңірі қазақтарының азаттық күресіне басшылық жасап, оларды қолдап отырған. Мәселен, Орынбор генерал-губернаторы В.А.Обручевтің 1847 жылы 6 мамырда Әскери министрге жазған құпия хатында: «Қуандарияда қыстаған басым көпшілігі төртқара, шекті руларынан тұратын қазақ ауылдары Қарақұмға келіп, қоныстана бастаған. Қазақтар Хиуа ханынан Сыр бойында орыс әскері пайда болған жағдайда оларға қарсылық көрсетуге арнайы нұсқаулар алғаннан кейін қарулы жасақ құруда» [8, 165 п], - делінген. Обручев қазақтардың көтерілістері кең қанат жаймас үшін оның алдын алуға тырысып, ертеден қолданып келе жатқан әдістердің бірі - қазақтардың игі жақсылары мен ру басшыларына сый-сияпат пен марапаттаулар көрсетті. Осылайша, патша шенеунігі жергілікті қазақ билеушілері тарапынан бекініс салуға қолдау іздеді.
Райымда бекініс құрылысы салынады деген кезден-ақ қарсы шыға бастаған қазақтардан қауіптенген В.А.Обручев құрылыс жұмыстарын жүргізетін экспедицияның құрамын күшейтуге мәжбүр болды. Бекініс құрылысына аттанған экспедицияның құрамы 9 штаб офицері, 100 обер офицер, 332 унтер офицер, 5985 қатардағы жауынгер, 756 саптан тыс әскер және мыңнан астам башқұрт жасақтарынан тұрды [8, 201 п].
Райымды басқару міндеті далалық жорықтардан мол тәжірибе жинақтаған подполковник Ерофеевке жүктелсе, Сыр бойының қазақтары туралы деректер жинап, қазақтар мен патша әкімшілігінің арасында байланыс орнататын шенеунік қызметi Орынбор Шекара комиссиясының кеңесшiсi Субханкуловқа тапсырылады.
Дегенмен қазақтардың бекіністің салынуына қарсы күресі бір сәтте тоқтамай, ашық түрде сипат алды. Олар орыстардың көпестері мен азық-түлік тиеген қөліктеріне жиі-жиі шабуылдар жасап, түтін салығын төлеуден бас тартты немесе жаппай Хиуаға көшіп кетті.
Осыған байланысты генерал-лейтенант А.Е.Толмачевтың жіберген мәліметтерінде: «Сырдың төменгі ағысында қоныстанған қазақтар бекініс құрылысына мүлдем қарсы. Олардың рубасылары арнайы кеңес өткізіп, онда орыс әскерлеріне қарсылық көрсету және орыс көпестеріне шабуыл жасау жөнінде шешімге келген. Бұл шешімді орындау үшін Есет Көтібарұлы мен Жарас Өтенов Бестамаққа аттанып кеткен [8, 190 п], - деп жазылған.