Етіс (етіс категориясы) деп амалдың (істің) субъекті мен объектіге қатысын, сондай-ақ, керісінше субъекті мен объектінің амалға (іске) қатысын білдіретін формалардың жүйесін айтамыз. Етістер - етістіктен етістік тудыратын, өздерінше морфологиялық және синтаксистік сипаттары басқашалау болып келетін, бір алуан жұрнақтардың жүйесі.
Етістерді етістіктің өзге категорияларынан ерекшелендіріп тұратын сипаттары мынадай: ол онан жөн сұрады; олар бір-бірінен жөн сұрасты; ол одан жөн сұратты; онан жөн сұралды; ол өзі сұранды деген сөйлемдердегі етістіктерін (сұра, сұрас, сұрат, сұрал, сұран) бір-бірімен салыстырғанда, олар бір түбірден өрбіген түбірлес негіздер екені айқындалады. Осы бес түрлі негіздің соңғы төртеуі сұра түбірінен тиісті жұрнақтар арқылы (-с, -т, -л, -н) туып, бір-бірінен ерекшеленіп тұр; осы формаларына қарай (түпкі лексикалық мағынасы бір бола тұрса да), олардың семантикалық мәндерінде де бір-бірінен айырмашылық бар. Сондай-ақ:тасы, тасыс, тасыт, тасыл, тасын;жу, жуыс, жудыр, жуыл, жуынайт, айтыс, айттыр, айтылтәрізді түбірлес етістіктерден де осы жүйе аңғарылады.
Етістер жұрнақтарының түрлеріне, мағыналары мен қызметтеріне қарай, төмендегідей төрт түрге бөлінеді: Ортақ етіс: -с /-ыс/ -іс. Мысалы: жаз-ыс-ты, бөл-іс-ті, оқы-с-ты, жер қазыс-ты, телефон арқылы сөйле-с-ті. Өзгелік етіс: -т/-ыт/-іт / -тыр/-тір/-дыр/-дір / -қыз/-ғыз/-кіз/-гіз/ -ыр/-ір/ -сет. Мысалы: жаз-дыр айт-қыз, бар-ғыз, жаса-т,оқы-т, ал-дыр, айт-қыз, көр-сет. Ырықсыз етіс: -л/-ыл/-іл/ -н/-ын/-ін1. Мысалы: аудар-ыл-ды, ал-ын-ды, шөп шаб-ыл-ды, киім іл-ін-ді, өлең айт-ыл-ды. Өздік етіс: -н / -ын / -ін. Мысалы: жу-ын-ды, ки-ін-ді, тара-н-ды.
1. Түбір "л" әрпімен аяқталғанда қолданылады.
Әдебиет А. Ысқақов, "Қазіргі қазақ тілі", 1974 ж.
Санат:Қазақ тілі Санат:Грамматика Санат:Морфология Санат:Етістіктің грамматикалық категориялары